Ақпараттық портал

Елдікпен еңсе тіктеген Жаңақоғам

Азаттықтың ақ таңы атқан 1991 жылдан бері Қазақстан талай белесті бағындырып, әлемдік қауымдастықтағы өз орнын айқындады. Осы жылдар ішінде елдің ең шалғай елді мекендерінен бастап ірі қалаларына дейін жаңғырудың лебі жетті. Ауылдар да өзгерді. Кешегі қарапайым көшелердің орнына асфальт төселіп, елді мекендерге ауыз су тартылып, түнгі жарық шамдары жанды. Мектептер мен мәдениет ошақтары жаңарып, спорттық алаңдар бой көтерді. Биыл еліміз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығын атап өтеді. Осыған орай біз газетіміздің әр санында өткенге көз жүгіртіп, бүгінгі жетістікті бағалайтын оқырмандар үшін өңіріміздегі ауылды аймақтардың өркендеуі, өрлеуі жайында жазып келеміз. Жуырда біз Жаңақоғам ауылдық округінің әкімі Марлен Қайратұлы Махамадиевпен округтің тыныс-тіршілігі турасында әңгімелестік.

Бүгінде Жаңақоғам ауылдық округінде 2987 тұрғын тұрады. Бірлігі жарасқан елді мекенде түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Ауылдың бүгінгі бейнесі еңбек пен ынтымақтың, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың және туған жерге деген азаматтық жауапкершіліктің тоғысқан тұсы. Округтің бүгінгі жағдайы туралы сөз еткенде, ең алдымен ауыл көшелерінің келбетіне тоқталуға болады. Қазіргі таңда округтегі 22 көшенің барлығы толықтай асфальтталған. Қазір Абай көшесінен Тасыбайұлы көшесіне дейін, Жамбыл көшесінен Ғалиакпаров көшесіне дейін, Кербұлақ көшесінен Сүгірбаев көшесіне дейінгі аралықтарға, сондай-ақ Төлешов көшелерінің қиылысы мен Жамбыл көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолына қатысты жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, бюджеттік өтінімдер ұсынылған. Бұл жобалар алдағы уақытта жүзеге асса, ауыл ішіндегі қатынас пен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мәселесі одан әрі жақсара түспек. Сонымен қатар бұрын Көктөбе ауылының тұрғындары үшін өзекті болған ауыз су мәселесі бүгінде оң шешімін тапқан. 2024 жылы Көктөбе ауылы толыққанды ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Көктөбе ауылында көшелерді жарықтандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Бүгінде ауылдағы 22 көшенің 16-сы түнгі жарықпен қамтылған. 2021 жылы А.Ғалиакпаров, Абай, Т.Байменде, Т.Саңрақбаев көшелеріне, 2022 жылы М.Мәметова көшесіне түнгі жарықтандыру шамдары орнатылды. Алдағы жоспар қатарында А.Жұрынбаев, Қ.Қазиев, Қ.Жетпісбаев, С.Сейфуллин, Бірлік-2 көшелеріне электр бағаналарын орнатып, түнгі жарықтандыру жұмыстарын жүргізу бар.
Жалпы ауылдың бүгінгі өзгерісін білім саласындағы жаңалықтарсыз елестету мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда, Көктөбе ауылында салынып жатқан 120 орындық мектептің орны ерекше. Жаңа нысан пайдалануға берілгеннен кейін ауыл оқушылары заманауи талаптарға сай білім алуға мүмкіндік алады. Соңғы жылдары Жаңақоғам ауылдық округінің ішкі әлеуеті де айтарлықтай арта түскен. Мәдениет, спорт, абаттандыру және инфрақұрылым бағыттарында атқарылған жұмыстар ауылдың әлеуметтік келбетіне оң өзгеріс енгізді. 2015 жылы ветеринариялық пункт іске қосылса, 2025 жылы мәдениет үйіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауыл жастары мен балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне де көңіл бөлініп отыр. Көктөбе ауылының саябағында стрит-воркаут алаңы орнатылып, оқушылар макеті мен «I Love Koktobe» жазуы қойылған. Ал 2022 жылы балалар ойын алаңы салынған.
– Тәуелсіздік жылдарында еліміздің барлық саласында үлкен өзгерістер болды. Бұл өзгерістер ауылдық жерлердің өмірінен де анық көрінеді. Біздің ауылдық округте атқарылып жатқан әрбір жұмыс халықтың игілігі үшін қолға алынған істер. Бүгінде 22 көшенің толықтай асфальтталуы, Көктөбе ауылының ауыз сумен қамтамасыз етілуі, көшелердің жарықтандырылуы, әлеуметтік нысандардың жаңаруы ауылдың бүгінгі тынысының кешегімен салыстырғанда айтарлықтай өзгергенін көрсетеді. Алда да атқарылатын жұмыстар аз емес. Жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінімдері ұсынылған жобалардың жүзеге асуына күш саламыз. Әсіресе, халықтың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін инфрақұрылымдық мәселелер біз үшін маңызды. Ауыл – елдің алтын қазығы. Сондықтан оның жағдайын жақсарту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруды ортақ міндет деп санаймыз. Бүгінгі жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесін ертеңгі ұрпақ көреді. Біз осыны әрдайым ескеріп, ауылдың болашағына қызмет ететін жобаларды жүзеге асыруға ұмтыламыз, – деп ауыл әкімі ауылда атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы ең алдымен халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.
Жаңақоғам ауылдық округінің тіршілігі ауыл шаруашылығымен біте қайнасып жатыр. Өйткені ауылдың тамыры – жермен, ал елдің берекесі – еңбекпен байланысты. Округтегі егістік алқаптың жалпы көлемі 9270 гектарды құрайды. Оның 4340 гектары суармалы жер. Бүгінде округ аумағында 324 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Олардың қатарында «СПК-ОмарШу» секілді шаруашылықтар да бар. Жердің бабын тауып, төрт түліктің берекесін кіргізіп, өнім өндіріп отырған шаруалардың еңбегі ауыл экономикасының тұрақтылығына өзіндік үлесін қосып келеді. Бұл ретте мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың ауыл халқы үшін маңызы зор. Соның бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Жаңақоғам ауылдық округінде бағдарлама 2020 жылдан бастап бес бағыт бойынша жүзеге асырылып, жалпы 778 миллион 293 мың теңгеге 196 азаматқа несие берілген. Мал шаруашылығын дамыту және мал сатып алу бағыты бойынша 189 ауыл тұрғынына 610 миллион 262 мың теңге көлемінде несие беріліп, 4701 бас мал сатып алынған. Оның ішінде 3622-сі қой мен ешкі, 523-і ірі қара, оның 358-і сауынды сиыр, 165-і бұқашық болса, 547 бас жылқы алынған. Бағдарлама аясында кәсіпкерліктің өзге бағыттарына да қолдау көрсетілген. Мәселен, 4 миллион теңгеге қияр өндіруге арналған бір жылыжай құрылысы қолға алынса, 29 миллион 900 мың теңгеге кондитерлік цех ашылған. Ауыл шаруашылығы кооперативіне 44 миллион 856 мың теңге көлемінде айналым қаражаты беріліп, 116 миллион 185 мың теңгеге 15 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Ал 2022 жылдан бері ауылдағы шаруа қожалықтарының иелері «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 10 ауыл шаруашылығы тракторы, 6 шөп тайлағыш және басқа да қажетті агрегаттар сатып алған. Техниканың заманауи түрлерін игеру де ауыл шаруашылығының жаңа кезеңге қадам басқанын көрсетеді. 2025 жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл шаруашылығы дроны алынуы соның бір дәлелі.
Халқымызда «Туған жерге қызмет ету әр азаматтың қасиетті борышы» деген тағылымды сөз бар. Бұл ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырған азаматтар қай жерде жүрсе де туған ауылын ұмытпайды. Жаңақоғам ауылдық округінде де ауылдан түлеп ұшқан азаматтар мен кәсіпкерлердің елге деген жанашырлығы аз емес. Олар әлеуметтік және қайырымдылық жобаларына атсалысып, мәдени-көпшілік шаралар мен спорттық жарыстардың ұйымдастырылуына демеушілік жасап келеді.
Кейбір азаматтар өз қаражаты есебінен ауыл көшелеріне жарық орнатуға, қоғамдық орындарды абаттандыруға, мешіт және әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына қолдау көрсетуде. Ауылдың бірлігі де осындай ортақ іске жұмылған сәтте беки түседі. Бір азаматтың жасаған жақсылығы екіншісіне үлгі болып, жақсы дәстүр де жалғасын табады.
Отыз бес жыл тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, адам өмірі үшін үлкен кезең. Осы жылдар ішінде Қазақстанның әр ауылы өз тарихын қалыптастырды. Жаңақоғам ауылдық округінің бүгінгі тынысы осының бір парасы. Ең бастысы ауылда елге деген сенім бар. Туған жеріне жанашыр азаматтар бар. Еңбек етемін деген адамға мүмкіндік бар. Баласының болашағына алаңдайтын ата-ана, білімге ұмтылған жас, жерін игеріп отырған шаруа бар. Ауылдың бүгінгі бейнесіне көз салғанда, кешегі мен бүгінгінің арасындағы айырмашылықты аңғару қиын емес. Кеше жарықсыз жатқан көше бүгін шаммен жарқырайды. Кеше ауыз су мәселесін күткен ел бүгінде таза суға қол жеткізді. Кеше балалар ойын алаңын армандаса, бүгін олардың шат күлкісі саябақты жаңғыртып тұр. Ал ертең ауыл оқушылары жаңа мектептің табалдырығын аттамақ
Береке мен бірлік бар жерде – тірлік бар. Еңбек бар жерде – нәтиже бар. Ал туған жерін жүрегімен сүйген азаматтар бар жерде – ауылдың болашағы бар. Жаңақоғамның бүгінгі тынысы осының жарқын дәлелі.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.