Ақпараттық портал

Алтын бесік – АҚСУ: Тіршілігі түзу, тынысы кең өңірдің келбеті қалай?

Топырағынан дәм татып, жусан иісін кеудеге толтырғанда жүрек бір жасарып сала беретін қазақ ауылының тынысы бөлек. Қаланың күйбең тіршілігінен қажыған жан үшін ауылға бару – тамырыңмен қайта қауышу, топырағыңа маңдайыңды тигізумен бірдей. Бүгін назарымызды қасиетті өңір – Ақсу ауылдық округіне бұрып, көне мен жаңаның үйлесім тапқан тіршілігіне үңіліп, жүрекпен толқып отырып көз жүгіртіп көрелік. Бұл мекендегі әрбір соқпақ, әрбір тал-дарақ өз шежіресін шертіп тұрғандай… Кез келген елді мекеннің өсуі, өркендеуі ең алдымен демографиялық ахуал мен халықтың әлеуметтік жағдайынан көрінеді. Округ бойынша бүгінде шаңырақ көтеріп, тіршілік кешіп жатқан халықтың жалпы саны – 2643 адамды құрайды. Оның ішінде Ақсу ауылында – 1548 жан қоныстанса, Оразалы батыр ауылында – 1095 адам тату-тәтті өмір сүруде. Ең қуантарлығы, соңғы жылдары өңірдегі халық саны тұрақты түрде сақталып отыр. Жалпы округтің әлеуметтік-экономикалық тұрмыстық жағдайы бүгінде жақсы арнаға түскен.

Ауылдың тыныс-тіршілігін қалыпты ұстап, елді мекенді көркейту жолындағы ауыр жүмыстың басы-қасында жүрген округ әкімі Айдар Ермаханұлы Айтбай өңірдің бүгіні мен болашағы туралы толғана келе былай дейді: «Ауыл – қазақтың қаймағы бұзылмаған қасиетті бесігі. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындарға әлеуметтік жағдай жасап қана қоймай, ертеңгі күнге деген сенімді ояту. Бүгінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының шарапатын көріп отырмыз, инфрақұрылым түзелді, жолдарға асфальт төселді. Десе дe, атқарылар жұмыстар әлі де жеткілікті. Ауылды жастар тастап кетпеуі үшін, оларға жұмыс орындарын ашып, кәсіп бастауға мүмкіндік беру – біздің күн тәртібіміздегі басты міндет. Басты байлығымыз – бірлігі жарасқан еңбекқор халық. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, ауланы таза ұстау, жастарға сапалы спорт пен мәдени орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар бір сәтке де тоқтамайды», – деп ағынан жарылды әкім мырза.
Биылғы жыл округ үшін игі істер мен абаттандыруға молынан ұласты. Атап айтқанда, Оразалы батыр ауылының саябақ алаңына мемлекеттік сатып алу порталы арқылы 240 түп декоративті ағаш отырғызуға 1 миллион 500 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп, жоспарлы жұмыстар қолға алынды. Сонымен қатар, тазалық – ден саулығының кепілі демекші, Ақсу және Оразалы батыр ауылдарының күл-қоқыс төгетін алаңдарын ретке келтіру үшін 500 мың теңге бөлініп, ауқымды санитарлық тазалық жұмыстары атқарылды.Көктем мен күз айларында аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесі көмегімен Грейдер («СТО-100») техникасы жұмылдырылып, қоқыс алаңдарын жүйелі түрде тазарту қызметі тұрақты жүргізіліп келеді. Ал «Таза өлке» акциясы мен екі айлық тазалық науқаны аясында ауыл тұрғындары мен түрлі мекеме қызметкерлері ұйымшылдық танытып, сенбіліктер ұйымдастырылуда. Нәтижесінде көшелер мен тал-дарақтар ақталып, әрбір жеке меншік аула қоқыстан тазартылып, майда қоңыр тірлік көз қуантарлық келбетке ие болды. Әсіресе, Оразалы батыр саябағына 100 түп сәндік ағаш пен 200 қара ағаш егіліп, жасыл желекке оранды.
Ауылды өркендетудің бірден-бір жолы халықты жұмыспен қамту және кәсіпке баулу екені белгілі. Бұл бағытта әкімдік тарапынан нақты қадамдар жасалуда. Қайтарымсыз несие алған 7 отбасы өз кәсіптерін ашып, алғашқы қадамдарын жасап жатыр. Биылдың өзінде тұрақты жұмысқа 10 адам орналасса, уақытша жұмыспен қамтылғандар саны 8-ге жетті. Округтің ауыл шаруашылығының жағдайы жақсы, шаруалардың тынысы кең. Жергілікті тұрғындар негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысып, ырысын төгіп жатыр. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдаулар да аз емес. Мысалы, «Ауыл аманаты» жобасының 5-ші бағыты бойынша 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, ауылда жаңа наубайхана ашу үшін бір кәсіпкер қажетті құжаттарын дайындап жатыр. Сондай-ақ, жергілікті шаруа қожалықтары «Агрофинанс» корпорациясы арқылы өздеріне қажетті ауыл шаруашылығы техникаларын алып, жұмыстарын ширатып келеді. Инфрақұрылым мәселесіне келгенде, Ақсу ауылдық округіне қарасты Оразалы батыр ауылындағы 6 көше «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының арқасында толықтай асфальтталған. Ал Ақсу ауылындағы 6 көшенің 4-еуі орташа деңгейде асфальтталса, қалған 2 көше – Д.Хусайнов және Б.Қарсақов көшелері әлі де жөндеуді қажет етеді. Бұл мәселе назардан тыс қалған жоқ, аталған екі көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 58 миллион теңгеге сметалық құжаттама жасалып, тиісті бюджеттік өтінім тапсырылды. Екі ауыл да қазіргі таңда ауыз су, газ және электр энергиясымен толықтай қамтылған. Жалпы тұрғындардың тұрмысын мазалайтын өзекті мәселелердің көбісі шешімін тапқан.
Ауылдың ертеңі – жастардың қолында. Өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен шұғылдануына округте жан-жақты жағдай жасалған. Мәселен, ауылда 2 үлкен стадион, 2 кіші футбол алаңы, 2 стритворкаут алаңы және 1 балалар ойын алаңшасы жастардың игілігіне берілген. Ақсу ауылында 1 гектар аумақты алып жатқан «Ә.Тлеужанов» атындағы саябақ жұмыс істесе, Оразалы батыр ауылында да жаңа саябақ бой көтеруде. Мәдени өмірге келсек, Оразалы батыр ауылында ауыл клубы жұмыс істеп, халықтың рухын көтеріп тұр. Алайда, түйіні тарқатылмай тұрған бір мәселе бар, Ақсу ауылының клубы 2019 жылы апатты жағдайда деп танылып, содан бері жабық күйінде қалып отыр. Бүгінгі күнге дейін жаңа клуб салу мәселесі өзекті күйінде тұр.
Жалпы, Ақсу мен Оразалы батыр ауылдарының тынысы кең, ертеңге деген сенімі нық. Жерін сүйген, еңбегін бағалаған азаматтардың бары бұл өлкенің әлі талай биіктерді бағындыратынын аңғартады. Алтын бесік ауылдың жанары жанып, берекесі таси бермек!

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.