Ақпараттық портал

Еңбекпен еңсе тіктеген ауыл

Кең байтақ даламыздың төсінде, еңбек пен ынтымақтың темірқазығына айналған Далақайнар ауылы бүгінде өз дамуының жаңа белесіне қадам басып келеді. Қазіргі таңда 255 шаңырақ пен 16 көшеден құралған бұл берекелі мекенде 1260 тұрғын тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Тұрақтылығы мен берекесі ажырамаған ауылдың әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігі де бірқалыпты, мазмұнды ырғақпен өрілуде.

Ауылдың шынайы шежіресі де осындай адамдардың өмірінен жазылады. Кейде туған жерге деген сүйіспеншілікті үлкен сөзбен жеткізудің қажеті жоқ. Оны атқарылған істен-ақ тануға болады. Далақайнарда соңғы уақытта жүзеге асқан игілікті жұмыстардың ішінде ауыл азаматтарының демеушілігімен орнатылған көше шамдарының орны бөлек. Атап айтқанда, М.Ғабдуллин көшесінің 630 метріне, Т.Әубәкіров көшесінің 660 метріне жарық шамдары орнатылған. Сонымен қатар 1987 жылы туған ауыл азаматтары туған жерге тарту жасап, ауылдың кіреберіс аркасынан Жеңіс көшесіне дейінгі бір шақырым аумақты жарықтандыруға бір миллион теңге жұмсаған. Яғни бұл жұмыстарға бюджет қаражаты емес, азаматтардың өз бастамасы мен демеушілік қолдауы негіз болған.
Ауылдың кіреберісіне көгалдандыру мақсатында ағаш отырғызылатын аумақтың қоршауы 500 мың теңгеге орнатылып, «Ауылым — алтын бесігім» деген мағыналы жазуы бар тақтайша қойылған. Ол ауылға кірген жанға туған жердің қадірін еске салатын, ауылдан шыққан азаматқа тамырын ұмыттырмайтын символ. Бәлкім, бүгін сол тақтайшаның жанынан асығыс өтіп бара жатқан адам оның мәніне терең бойлай қоймас. Бірақ ертең осы ауылда өскен бала басқа қалаға, басқа өңірге сапар шеккенде, туған ауылының атауын көріп, жүрегінде бір жылылық сезінері анық. Кейде елге деген махаббат осындай қарапайым белгілерден басталады. Ауылдағы «Кәусар» бөбекжай-бақшасының балалар ойын алаңына демеушілердің көмегімен 500 мың теңгеге шатыр орнатылған. Ауыл жастары да ортақ іске үлес қосып келеді. Олардың демеушілігімен ауыл орталығында іс-шаралар өткізілетін аумақты бетондау жұмыстары жүргізілуде. Ал Қарттар күні қарсаңында демеушілік есебінен жалғызбасты қарт тұрғынның үйіне алдындағы қоршау жұмыстары жүргізіліп, ізгілік көрініс тапты. Ауылдың көркеюі дегеніміз де осы емес пе?! Бір жерде баланың жағдайы жақсарса, екінші жерде көпшілікке қолайлы орта қалыптасса, үшінші жерде жалғыз адамның көңіліне медет табылса, демек, ауылдың әлеуметтік тынысы да жақсара түскені.
– Біз үшін әрбір тұрғынның ұсынысы мен мұң-мұқтажы маңызды. Өйткені ауылдың тыныс-тіршілігін жақсы білетін де, оның болашағына тікелей мүдделі де осында тұрып жатқан халық. Сондықтан тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, өзекті мәселелерді бірлесе талқылауға ерекше мән береміз. Алдымызда тұрған міндеттерді кезең-кезеңімен жүзеге асырып, ауылдың әлеуметтік ортасын жақсартуға күш саламыз. Әсіресе, балалар мен жастардың жан-жақты дамуына мүмкіндік жасау, мәдени өмірді жандандыру, тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыру назарымыздағы негізгі бағыттар. Әрине, барлық мәселе бір мезетте шешіле қоймайды. Дегенмен нақты жоспар мен жүйелі жұмыстың арқасында алға жылжуға болады. Мен ауылдың келешегін елдің бірлігімен байланыстырамын. Тұрғындар ортақ іске бейжай қарамай, туған жердің тағдырына жауапкершілікпен атсалысса, көздеген мақсаттарға жету мүмкіндігі де артады. Біздің ұстанымымыз халықпен бірге жұмыс істеу, сенімді ақтау және Далақайнардың ертеңі үшін нәтижелі еңбек ету, — дейді ауыл әкімі Болат Ошанов.
Ауыл тіршілігін ауыл шаруашылығынсыз елестету қиын. Жерге дән себіліп, маңдай термен өнім жиналғанда ғана дала төсіндегі еңбектің шынайы мәні ашылады. Далақайнар үшін де ауыл шаруашылығы экономикалық тіршіліктің маңызды тірегі. Бүгінде ауылда 127 шаруа қожалығы тіркелген. 2026 жылы 100 гектар бидай, 100 гектар арпа, 35 гектар жүгері, 30 гектар көкөніс және 120 гектар бақша дақылдары егілген. Яғни, бұл дегеніңіз жер жағдайын бағамдау, тұқым дайындау, техниканы әзірлеу, ауа райына алаңдау және маусым бойы тынымсыз еңбек ету. Егіншілікті табиғатпен тіл табысудың өнері десек, диқан көктемде жерге дән тастағанда, оның нәтижесін бірден көрмейді. Ол уақытқа, күтімге және еңбектің қайтарымына сенеді. Сол секілді ауылдың дамуы да бір күнде жүзеге аспайды. Бүгін атқарылған жұмыстың жемісі ертең көрініп, бүгін қолға алынған бастаманың игілігін келесі ұрпақ көруі мүмкін.
Далақайнарда ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту бағытында да қадам жасалған. Биыл «Ақнұр» шаруа қожалығы «ҚазАгроҚаржы» арқылы «Беларус-82.2» тракторын алған. Мал шаруашылығы да ауыл өмірінің ажырамас бөлігі болып отыр. Далақайнарда 1559 бас мүйізді ірі қара, 1095 жылқы, 23 469 қой-ешкі және 3300 үй құсы бар. Малдың амандығы малшының еңбегінен бөлек ветеринариялық бақылауға да байланысты. Ауылдағы ветеринар маман мал ауруларының алдын алу шараларын уақытылы жүргізіп, емдеу жұмыстарын жоспарлы түрде атқарып келеді. Өйткені ауыл шаруашылығындағы тұрақтылық өнім өндірумен ғана өлшенбейді, қолдағы мал басын сақтау мен оның саулығын қамтамасыз етуді де қажет етеді. Егін мен мал — ауылдың екі қанаты. Бірі жердің мүмкіндігін игерсе, екіншісі табиғаттың несібесін еселейді. Екеуінің де артында адал еңбек, төзім мен жауапкершілік бар. Елді мекеннің өркендеуін бағалағанда, жаңа нысандардың санын есептеу жеткіліксіз. Адамдардың күнделікті өмірі қаншалықты қолайлы болғанына да назар аудару керек. Үйден шыққан тұрғынның жолы тегіс пе, кешкісін көшесі жарық па, интернет байланысы тұрақты ма, балалар бос уақытын қайда өткізеді? Ауылдың бүгінгі жағдайын осы сұрақтар да айқындайды.
Далақайнардың 16 көшесінің 12-сіне асфальт жабындысы төселген. Қалған көшелердің жол мәселесін шешу бағытында жобалық құжаттама әзірлеу және сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілген. Көше жарықтандыру бойынша 15 көшеге шамдар орнатылып, қалған бір көшеге сметалық құжаттама әзірленген. Интернет желісінің жағдайы жақсы. Бұл деректер ауыл инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарының кезең-кезеңімен жалғасып жатқанын көрсетеді. Әрине, шешімін күткен мәселелер де бар. Бірақ атқарылған істі бағалай отырып, алдағы міндеттерді де назардан тыс қалдырмау маңызды. Өйткені ауылдың дамуы — бір жолды жөндеп, бір шам орнатумен аяқталатын жұмыс емес. Ол тұрғындардың сұранысына қарай үздіксіз жетілдіріліп отыратын үдеріс. Ауыл тазалығы да осы ортақ жауапкершіліктің бір бөлігі. Көктемгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық айлығы аясында мекеме қызметкерлері сенбіліктерге қатысып, өздеріне тиесілі аумақтарды тазартқан. Қоғамдық жұмысшылар көшелердегі бағаналарды әктеп, сырлап, арық-каналдарды және қоқыс жиналған орындарды тазалап, қалдықтарды арнайы орынға шығарған.
Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау мәселесіне де назар аударылған. Ауыл тұрғындары мен қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен жиын өткізіліп, ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтардың көмегімен қоқыстар аптасына екі күн әр ауланың тұсынан жиналып, арнайы орынға жеткізілуде. Жалпы тазалық деген ауылдың мәдениетін танытатын өлшем. Сондай-ақ ауылдың ажары күн сайынғы ұқыптылықтан қалыптасады, яғни бір маусымдық сенбілік жеткіліксіз. Ауылдың болашағы туралы сөз қозғағанда, жастардың мүмкіндігі мен балалардың ортасын айналып өту мүмкін емес. Себебі бүгінгі бала ертеңгі ел азаматы болса, бүгінгі жас ауылдың дамуына серпін беретін күш. Қазіргі таңда Далақайнарда балаларға арналған ойын алаңы мен кіші футбол алаңы бар. Жастар бос уақытында спорт алаңын пайдаланып, белсенді демалысқа мүмкіндік алып отыр. Спорт жастарды тәртіпке, бірлікке, мақсатқа ұмтылуға үйретеді десек, алдағы екі-үш жылға белгіленген жоспарлар да ауылдың осы бағыттағы қажеттіліктерін қамтиды. Солардың қатарында заманауи үлкен балалар ойын алаңын және стрит-воркаут алаңын салу көзделген. Бұл бастамалар жүзеге асса, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған мүмкіндік кеңейе түспек. Сонымен бірге ауылдық клубтың апатты жағдайда болуына байланысты жаңа мәдениет үйін салу жоспары бар. Бұдан бөлек, Абай, Ә.Молдағұлова және Т.Рысқұлов көшелеріндегі жалпы ұзындығы 1,787 шақырым жолды орташа жөндеу, Әбілтай көшесінің 950 метріне түнгі жарық орнату жоспарланған. Кіші футбол алаңының тозған жасанды төсенішін жаңарту және мал өлекселерін залалсыздандыруға арналған беккери шұңқырын орнату да алдағы міндеттердің қатарында.
Далақайнардың бүгінгі көрінісінде екі маңызды сипат байқалады. Біріншісі – шаруашылық пен тұрмысқа қатысты міндеттерді жүйелі шешуге ұмтылыс. Екіншісі – туған жерге жанашыр азаматтардың өз үлесін қосуы. Бірі болмаса, екіншісі де толық нәтиже бермейді. Инфрақұрылымның дамуына жоспар мен ұйымдастыру қажет болса, сол істің айналасына елді жұмылдыратын күш – ортақ мүдде. Туған жерге қызмет ету міндетті түрде үлкен қаражат жұмсаудан басталмайды. Кейде ол өз көшеңнің тазалығын сақтаудан, көршіңе көмектесуден, ағаш отырғызудан немесе ауылдың бір мәселесіне бейжай қарамаудан басталады. Далақайнардағы демеушілік бастамалар осы ойды нақты іспен көрсетіп отыр. Әрине, алда атқарылар жұмыс аз емес. Жөндеуді қажет ететін жолдар, жаңартуды күткен спорт алаңы, салынуы жоспарланған мәдениет үйі мен балалар алаңы бар. Бұлар болашаққа қойылған міндеттер. Олардың біртіндеп жүзеге асуы үшін жоспардың нақтылығы, жауапты жұмыстың жалғасуы және тұрғындардың қолдауы маңызды.
Бірақ ауылдың ең үлкен байлығы асфальтпен, жарық шамымен немесе жаңа ғимаратпен өлшенбейтіні анық. Оның шынайы байлығы елге еңбегі сіңген адамында, туған жеріне тілеулес азаматында, болашағына сеніммен қарайтын жасында. Далақайнардың көшелеріндегі шамдар кешкі қараңғылықты сейілтсе, ел азаматтарының ізгі істері ауылдың ертеңіне деген сенімді күшейтеді. Бірі жолды жарықтандырса, бірі баланың жағдайын ойлайды, енді бірі шаруашылығын дамытып, ауылдың ырысын еселейді. Осындай еңбектердің бәрі бір арнаға тоғысқанда ғана елді мекеннің шырайы артып, тіршілігі жандана түседі.
Туған жерге деген махаббат айтылған әдемі сөзден бұрын, атқарылған адал істен көрінеді. Далақайнардың бүгінгі тынысы да осыны аңғартады. Ал ауылдың болашағы сол игі істердің жалғасуына, елдің ынтымағы мен азаматтардың жауапкершілігіне байланысты. Далақайнардың шамы сөнбесін! Көшелері көркейіп, еңбегі еселеніп, жастарының үміті ақталсын!

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.