Ақпараттық портал

Жастар үнін тыңдаған ашық алаң

«Жастар – елдің ертеңі» деген қанатты сөздің астарында үлкен жауапкершілік пен сенім жатыр. Қай кезеңде болмасын мемлекеттің дамуы мен қоғамның өркендеуі белсенді, білімді, отаншыл жастардың қолында болған. Сондықтан бүгінгі күні жастардың пікіріне құлақ асып, олардың бастамаларын қолдау, тәжірибе алмасуына жағдай жасау және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік беру мемлекеттік жастар саясатының басты бағыттарының бірі саналады.
Қазіргі таңда жастар қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өз идеяларын жүзеге асыруға, жаңа жобаларды қолға алуға ұмтылуда. Ал осындайда ізгі бастамаларды қолдап, өңір жастарының өзара байланысын нығайтып, ашық пікір алмасуына жағдай жасайтын кездесулердің маңызы ерекше. Осы бағытта жуырда Шу қаласындағы «Теміржолшылар» саябағында SERT-INFORM ақпараттық агенттігінің ұйымдастыруымен «Жастар FEST» жастармен кездесуі өтті. Ашық аспан астында өткен тағылымды шараға Шу, Мойынқұм және Қордай аудандарының Жастар ресурстық орталықтарының директорлары мен аталған аудандардың белсенді жастары қатысты. Еркін форматта ұйымдастырылған кездесуде жастар өзара тәжірибе алмасып, көкейдегі мәселелерді ортаға салып, өз ұсыныстары мен пікірлерін ашық айтты.
Кездесу барысында аудандық Жастар ресурстық орталықтарының директорлары өңірлерде жастар саясатын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Әсіресе жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, волонтерлік қозғалысты дамыту, мемлекеттік бағдарламаларға тарту, шығармашылық және спорттық жобаларды ұйымдастыру бағытындағы жұмыстар жан-жақты таныстырылды.
Сонымен қатар, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жаңа жобалар мен бастамалар туралы да кеңінен сөз қозғалды. Жастардың заман талабына сай білім алуына, кәсіби дамуына, бос уақытын тиімді ұйымдастыруына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына бағытталған жобалардың маңыздылығы атап өтілді.
Жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, түрлі ұсыныстарын ортаға салды. Ауыл жастарының мүмкіндіктерін кеңейту, жастарға арналған мәдени-танымдық іс-шараларды көбейту, әлеуметтік жобаларды қолдау, жұмысқа орналасу және кәсіп бастауға қатысты мәселелер қозғалды. Әрбір ұсыныс назарға алынып, жастармен ашық әрі шынайы әңгіме өрбіді.
Іс-шара барысында қатысушылардың бір-бірімен жақынырақ танысып, достық қарым-қатынас орнатуына жағдай жасау мақсатында түрлі тимбилдинг ойындары ұйымдастырылды.
Шу, Мойынқұм және Қордай аудандарының жастары бір-бірінің тәжірибесімен танысып, болашақта бірлесіп жүзеге асыруға болатын жобалар жөнінде пікір алмасты.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.