Теміржол – тіршілік тамыры
Тамыз айының алғашқы жексенбісінде елімізде Көлік қызметкерлері күні аталып өтеді. Бұл – жүк пен жолаушы тасымалын үздіксіз қамтамасыз етіп, ел экономикасының күретамырына айналған көлік саласы мамандарына көрсетілген зор құрмет. Әсіресе, ғасырдан астам тарихы бар Шу теміржол торабының еңбеккерлері осы жауапты саланың дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласын елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын стратегиялық бағыттардың бірі ретінде атап өтіп: «Көлік-логистика саласын дамыту – еліміздің тұрақты экономикалық өсімінің негізгі факторларының бірі. Қазақстан Еуразиядағы маңызды транзиттік хабқа айналуға тиіс», – деген болатын. Бұл міндетті жүзеге асыруда теміржолшылардың еңбегі ерекше.
Шу ауданы – республиканың маңызды теміржол тораптарының бірі. Бүгінде ауданда 20-дан астам теміржол мекемесі тұрақты жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындарда 4500-ге жуық адам еңбек етеді. Олар тәулік бойы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, локомотивтер мен вагондарға қызмет көрсетіп, жолдарды күтіп ұстап, байланыс, электрмен жабдықтау және жүк тасымалы бағытындағы жұмыстарды мінсіз атқаруда.
Теміржол саласының тұрақты жұмысы аудан экономикасының қарқынды дамуына тікелей ықпал етеді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өнімдерінің уақытылы жеткізілуі, кәсіпорындардың үздіксіз жұмысы, сауда айналымының артуы және жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асуы теміржол инфрақұрылымымен тығыз байланысты. Шу теміржол торабы арқылы өтетін жүк ағындары ауданның ғана емес, тұтас өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтып, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге қызмет етуде.
Көлік қызметкерлері – күн мен түнге, ауа райының қолайсыздығына қарамастан өз міндетін абыроймен атқаратын нағыз еңбек адамдары. Олардың кәсіби шеберлігі, жауапкершілігі мен адал еңбегі мыңдаған жолаушының қауіпсіз сапарына, кәсіпорындардың тұрақты жұмысына және ел экономикасының дамуына берік негіз қалайды.
Көлік қызметкерлері күні қарсаңында теміржол саласының барлық ардагерлері мен қызметкерлеріне зор денсаулық, шаңырақтарына амандық, еңбектеріне толағай табыс тілейміз. Еліміздің өркендеуі жолындағы еселі еңбектері әрдайым лайықты бағаланып, мерейлері үстем болсын!
Байжан Емберді.