Ақпараттық портал

Жаңа жол – тағдырларды тоғыстырған мекен

Шу өзенінің күншығыс бетінде орналасқан Жаңа жол ауылы сырт көзге шағын ғана елді мекен болғанымен, оның қойнауына тұтас бір дәуірдің тарихы сыйып жатыр. Бүгінде түтіні түзу ұшып, тіршілігі қайнаған ауылдың әр көшесі мен әрбір топырағында тағдырдың талайлы ізі бар. Жаңажол қилы заманды бастан өткерген түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіріп, олардың маңдай терімен қалыптасқан мекен. Жаңа жолдың бүгінгі келбетін көру үшін оның өткеніне көз жүгірту керек. Өйткені ауыл тарихы осында тағдыр айдап келген адамдардың, туған жерінен күштеп көшірілген отбасылардың, аштық пен соғысты көрген ұрпақтың, маңдай терімен ел еңсесін көтерген еңбек адамдарының тарихы. Бір кездері қазіргі Жаңа жол ауылы орналасқан аумақ ойпатты, жазық дала болатын. Шу өзенінің жағасы қалың тоғай мен ну қамысқа толы еді. Алайда уақыт өте бұл мекенге адам табаны тиіп, тіршілік белгілері пайда бола бастады. Тарихи деректерге қарағанда, ХІХ ғасырдың соңында, шамамен 1895 жылдары, Ресей патшасы ІІ Николай тұсында жер аударылған орыс отбасылары қазақ даласына келіп қоныстана бастаған. Алғашқы жылдары мұнда бар болғаны жиырма шақты отбасы болған деседі. Олардың қатарында Соболевский Антон Кузьмич, Салдин М., Сомов, Трошинский Н.С., Матросовтар, Косенков, Рыжов, Киреев В., Бедняков, Блудов, Мухин А.П. және басқа да отбасылар болған екен. Алғашқы қоныстанушылар үшін жаңа жерде өмір бастау оңай болған жоқ. Клубная көшесінің бойына бес үй салынып, адамдар сол жерлерді ұзақ уақыт мекендеді. Қарапайым барақтар кейін ауылдың алғашқы тіршілік ұясына айналды. Уақыт өте келе көшелер пайда болып, елді мекеннің іргесі бекіді. Кейін бұл жерге тағдырдың айдауымен әзербайжан, неміс, шешен, поляк, литван және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударды.

1930 жылдардың зобалаңы талай отбасының өмірін күрт өзгертті. Адамдар туған жерінен күштеп көшіріліп, айдалаға, табиғаты қатал, тіршілік етуі қиын өңірлерге жеткізілді. Жол азабы, аштық пен жоқшылық талай жанның өмірін жалмады. Алайда қазақ жеріне келгендердің бір бөлігі уақыт өте келе осы елдің кеңдігін, қазақ халқының дархандығы мен қонақжайлығын жүрегімен сезінді.
Бір үзім нанды бөліп жеген қиын кезеңдер адамдарды бір-біріне жақындатты. Әртүрлі ұлттың балалары бір жерде ойнап, бір мектепте білім алып, бір жерде еңбек етті. Осылайша Жаңа жол топырағында ұлт пен ұлыс арасындағы татулықтың берік дәні себілді. 1937 жылы «Новый путь» ұжымшарына әзірбайжан отбасылары көптеп қоныстанды. Олардың қатарында Мамедов Эйваз, Гаджиев Сүлейман-бей, Асадов Фармаз-бей, Мурадов Фарман, Қасымов Жалал, Рустамов Намаз, Рустамов Мисир, Рзаев Рахман-бей, Алиев Мұстафа-бей, Газиев А.Э. Гойдар, Ахмедов Молда-Мұстафа, Абассов Молла-Мирисмагулоглы, Тагиев Жамил-бей, Усубов Г., Мирзиев А., Наврузов А., Алиев К., Махмудов Г., Мирзаев Б., Асланов М., Ахундов А., Талышханов И. және басқа да азаматтар болды. Ал қазақтар арасында Қалабаев Аюб пен Қайнар-ата есімді азаматтардың Көкшетау өңірінен осы жерге қоныс аударғаны айтылады. Бұл шамамен 1934-1937 жылдар аралығы екен.
1929-1930 жылдар шамасында Ақдала, Қызыл шаруа, Қызыл Октябрь шаруашылықтары бірігіп, «Жаршапқан» ұжымшарын құрады. Кейін ол «Новый путь» ұжымшарына қосылып, біртұтас шаруашылыққа айналды. Осылайша қарапайым артель бірте-бірте ұжымшарға айналып, алғашқы үйлер бой көтерді, көшелер пайда болды. Ауылдың әлеуметтік келбеті де қалыптаса бастады. 1934 жылы алғашқы мектеп ашылды. Ол кезде мектептің өзі бар болғаны бастауыш сыныптарға арналған екі бөлмелі оқу үйі еді. Бірақ сол екі бөлме ауыл балаларының білімге бастар үлкен жолының алғашқы баспалдағы болды. Мектептен кейінгі тәрбие мен мәдениеттің ордасына айналған клуб та ауыл өмірінде маңызды рөл атқарды. Мұнда жиналыстар өтіп, түрлі ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Кешкі уақытта жастар бас қосып, ән айтып, көңіл көтеріп, демалатын. Яғни клуб сол кезеңдегі ауылдың мәдени жүрегіне айналды. 1936-1937 жылдары ауылда аурухана үйі салынды. Ал 1953 жылдары почта үйі ашылып, оны Л.Г.Монастырский басқарды. 1964 жылдан бастап бұл қызметті Ш.Н.Құрманалиева атқарды. 1955 жылдары орталық көшеге И.Г.Гулиев-тің ұйымдастыруымен дүкендер салынды. Елдің тұрмыс-тіршілігіне қажетті сауда орындары ауыл өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Сол дүкендердің орны бүгінге дейін ел игілігіне қызмет етіп келеді.
Ұлы Отан соғысы басталғанда Жаңа жолдың тұрғындары да ел басына түскен ауыртпалықты бірге көтерді. «Новый путь» ұжымшары соғыс жылдарында да жұмысын тоқтатқан жоқ. Ауылдан 153 азамат майданға аттанды. Олардың небәрі 50-і елге аман-есен оралды. Ал майданнан аман келген азаматтар елге оралған соң қол қусырып отырған жоқ. Керісінше, еңбекке қайта араласып, ауыл шаруашылығын өркендетуге бар күшін салды. Ұжымшар негізінен қант қызылшасын өсірумен және мал шаруашылығымен айналысты. Ер азаматтардың басым бөлігі майданда жүрген жылдары ауылдың бар ауыртпалығын әйелдер, қарттар мен жасөспірімдер көтерді. Жер жыртылды, тұқым себілді, егін орылды, қызылша жиналды. Әрбір өнімнің артында маңдай тер мен төзім тұрды. Соғыстан кейінгі жылдары ауыл қайта түлей бастады. Кешегі барақтардың орнына тұрғын үйлер салынып, жаңа көшелер бой көтерді. Школьная, Клубная, Степная, Комсомольская, Набережная сияқты көшелер ауылдың ажарын аша түсті. Әр кезеңде «Новый путь» ұжымшарын басқарған азаматтар ауылдың дамуына өзіндік үлесін қосты. Олардың қатарында Матвеев, Алибеков, Шорманов, Ковалев, Ебеев, Хасенов Сары, Мирзаев Савалан, Букреев П.В., Алиев Шабаба, Мұқатаев Төрехан, Тажиев Жапарқұл, Асланов Мирфаяз және басқа да басшылар болды. Ал ауылдың даңқын республика көлеміне жеткізген кезеңнің бірі – Галина Андреевна Адаменко басқарған жылдар болды. Бұл кезеңде қант қызылшасын өсіру саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген еңбек адамдары елге танылды. Ауылдан шыққан бірқатар азаматтар Социалистік Еңбек Ері атанып, есімдері тарихта қалды. Олардың қатарында Ибрагимов Алиш Самедович, Мурадов Черкес Мұсаұлы, Мирзаев Шехверды Аллахвердіұлы, Мурадов Фарман Мұсаұлы, Вельев Бағадур Умудовия, Алиева Сугра және басқа да еңбек майталмандары бар. 1948 жылғы наурыз айындағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының шешімдерімен бірқатар ауыл еңбеккерлеріне ең жоғары еңбек атағы берілді.
Жаңа жол тарихында қант қызылшасы ерекше орын алады. Қызылша алқабы талай адамның өмір мектебіне айналды. Солардың бірі – Мирзаев Шехверды Аллахвердіұлы. Ол 1929 жылы Әзірбайжанның Астаринский ауданындағы Тангов селосында дүниеге келген. 1937 жылы туыстарымен бірге Қазақстанға жер аударылып, «Новый путь» колхозына орналасты. Соғыс жылдары әртүрлі учаскелерде еңбек еткен Шехверды Мирзаев кейін қызылша өсіру саласында жоғары көрсеткішке жетті. 1947 жылы әр гектардан 813 центнер жоғары сапалы қант қызылшасын өндіріп, ерекше нәтижеге қол жеткізді. Еңбегі жоғары бағаланып, 1948 жылы оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Алиева Сугра 1927 жылы Әзірбайжанның Масалинск ауданындағы Келатан ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. 1937 жылы ата-анасымен бірге осы «Новый путь» ауылына жер аударылды.
Сугра еңбек жолын небәрі 12 жасында бастады. 1941-1949 жылдары қызылшашылар звеносын басқарды. Тәжірибе жинақтай келе, 1947 жылы әр екі гектардан 815 центнер қызылша өндіріп, рекордтық көрсеткішке жетті. 1948 жылы оған Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Лениннің «Орақ пен балға» алтын медалі табысталды. Тарвердиев Мамет-сам Джафароглы да ауылдың еңбек тарихында өзіндік орны бар азаматтардың бірі. 1882 жылы Әзірбайжан Республикасының Физули ауданындағы Мозролы ауылында дүниеге келген ол 1937 жылы Қазақстанға жер аударылды. 1942 жылдан бастап «Новый путь» колхозында қант қызылшасын өндіру саласында еңбек етті. Еңбегі облыс көлемінде ғана емес, республикаға да танылып, 1948 жылы Еңбек Ері атағына ие болды. Мамедгасанов Иманверді Келбіұлының да өмір жолы ауыл тарихымен тығыз байланысты. 1925 жылы Әзірбайжанның Масаллинский ауданындағы Қызыл-Ағаш ауылында дүниеге келген Иманверді 1937 жылы репрессияға ұшырап, Қазақстанға әкелінді. Жеті сыныпты аяқтаған соң 1943 жылы майданға аттанды. Соғыстан кейін, 1946 жылы «Новый путь» ауылына оралып, қызылша звеносының жетекшісі болып тағайындалды. Еңбегі жоғары бағаланып, 1948 жылы, небәрі 22 жасында, Социалистік Еңбек Ері атанды. Кейін оған қызылша бригадасы тапсырылып, бір жылдан соң ұжымшар басшысы қызметіне тағайындалды.
Мурадов Фарман Мұсаұлы да ауыл тарихында есімі қалған азаматтардың бірі. 1902 жылы Әзірбайжанның Физули ауданындағы Ягливант ауылында дүниеге келген ол еңбек жолын мектепте жұмыс істеуден бастап, кейін «Янгивант» колхозында қамбашы болды. Қазақстанға жер аударылғаннан кейін «Новый путь» колхозында бригадир, қызылша өндірісінің звено жетекшісі қызметтерін атқарып, Социалистік Еңбек Ері атанды. Мурадов Черкес Мұсаұлы да 1937 жылы Қазақстанға жер аударылып, «Новый путь» ауылшаруашылық артелінде еңбек етті. 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Ал Ибраимов Алиш Самедұлы 1892 жылы Әзірбайжанның Джелилабад ауданындағы Чохар ауылында дүниеге келген. 1937 жылы Қазақстанға жер аударылған ол «Новый путь» ауылында қант қызылшасын өсіруде жоғары жетістік көрсетіп, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Олардың өмір жолдарына үңілсек, бір ортақ қасиетті аңғарамыз. Олар тағдырдың теперішіне қарамастан, мойымады. Керісінше, жаңа жерден өздеріне өмір, еңбектен мағына, елден тірек тапты.
Бүгінде ауыл көшелерінің атаулары да өткеннен сыр шертеді. Бір кездері Школьная, Комсомольская, Степная, Набережная деп аталған көшелер кейін ауыл тарихында өзіндік із қалдырған азаматтардың есімдерімен аталды. Комсомольская көшесі Нүсіп Секеұлының атына берілді. Нүсіп Секеұлы – ел ішінде «Томпақ ата» атанған, ауылына еңбегі сіңген ардақты азамат. Ол араб және латын әріптерін танып, есеп-қисап жұмыстарын меңгерген, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленген. 1936 жылы ауыл әкімі болған. Кейін де ауыл шаруашылығын ұйымдастыруға атсалысып, ел жағдайын жақсартуға еңбек сіңірді. Артында ұрпағы қалмаған Нүсіп атаның есімін кейінгі буын ұмытпасын деген ниетпен ағайындары оның атының көше атауында сақталуына себепкер болды. Степная көшесі Сарманбетұлы Алғадайдың атына берілді. Алғадай атамыз ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, өзі ақын азамат болған. «Жаршапқан» атауын ауылға беруге де осы кісінің ұйғарымы себеп болғаны айтылады. Соғыс және еңбек ардагері болған ол сол кездегі үкіметтің қатаң саясатына қарамастан, елдің мұңын жырымен де, ұйымдастырушылық жұмыстарымен де жеткізе білген. Артында ұрпақ қалмағандықтан, елге еңбегі сіңген азаматтың аты өшпесін деген мақсатпен көше оның есімімен аталды. Набережная көшесі Тәңірберген Тәжіұлының есімін иеленді.
Тәңірберген Тәжіұлы – өзі ақын, көрген-білгенін дәл сақтайтын зерек, ел ішінде беделді ауыл ақылшысы болған. 1931-1932 жылдары ел басына ашаршылықтың ауыртпалығы түскен шақта, ауыл тұрғындарын ажалдан арашалауға себепкер болған ұйымдастырушылық ісімен танылған. Балық аулау жұмысын ұйымдастырып, елдің азық-түлік тапшылығын жеңілдетуге үлес қосқан. Соғыс және еңбек ардагері, Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысқан азамат ретінде оның есімі де ауыл тарихында қалды. Ал Школьная көшесі Иманверді Мамедгасановтың атымен аталды. Иманверді Мамедгасанов – еңбек және соғыс ардагері, қызылша шаруашылығының білікті маманы. 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атанған ол «Новый путь» ауылының қызылша шаруашылығында агроном болып, өмірінің соңына дейін еңбек етті. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары азаматты ауыл тұрғындары ерекше құрметтеген.
Жаңа жол тарихында ауылдың алғашқы қалыптасу кезеңімен байланысты Трошинский Николай Сергеевич пен Соболевский Антон Кузьмичтің есімдері де ерекше аталады. Николай Трошинский 1919 жылы 19 желтоқсанда Саратов облысында дүниеге келген. 1933 жылы репрессияға ұшырап, Қазақстанға келген. 1941 жылы өз еркімен майданға аттанып, маршал Рокоссовский армиясының құрамында Сталинград майданына қатысты. Сталинград түбіндегі шайқастарда екі рет жарақат алды. Соғысты аяқтап, Қазақстанға оралған соң «Новый путь» ауылында астық бригадасының бригадирі болып ұзақ жыл еңбек етті. Ерен еңбегі үшін 1972 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Ал Антон Соболевский 1924 жылы 1 мамырда Беларусьтің Минск облысы, Копыльск ауданындағы Веселая селосында дүниеге келген. 1938 жылы «Новый путь» ауылына келіп, осындағы мектепті тәмамдады. 1941-1947 жылдары майданда болды. Соғыстан кейін ауылға оралып, комбайнер болып еңбек етті. 1951 жылы Социалистік Еңбек Ері атанып, Ленин орденімен, «Орақ пен Балға» алтын жұлдызымен және басқа да медальдармен марапатталды. Сонымен қатар Шу аудандық мәслихатының депутаты болды.
Жаңа жол – киелі мекен. Бұл жерде қазақтың да, орыстың да, әзірбайжанның да, немістің де, шешеннің де, поляк пен литванның да тағдыры тоғысты. Бірі мұнда патша заманында жер аударылып келсе, енді бірі сталиндік қуғын-сүргіннің салдарынан туған жерінен айырылды. Бірі майданнан оралды, бірі ауылда қалып, егін екті. Бірі қызылша алқабында тер төкті, енді бірі мектепте бала оқытты, бірі ауылды басқарды. Бірақ олардың барлығының ортақ тағдыры қазақ даласында түйісті.
Қазақ халқының кеңпейілділігі мен қонақжайлығы талай тағдырды жатсындырмады. Қиындықты бірге көтерген халықтар уақыт өте келе бір-біріне ағайын болып кетті. Бір нанды бөліп жеген, бір еңбекке жұмылған, бір қуанышқа бірге қуанған адамдардың ұрпағы бүгін бір ауылда өмір сүріп келеді. Бүгінгі Жаңа жолдың әрбір көшесі өткен күннің үнін ішіне бүккендей. Әрбір үйде бір әулеттің шежіресі бар. Әрбір қарияның жүрегінде ауылдың айтылмаған тарихы сақтаулы. Сол шежірелер хатқа түсіп, кейінгі ұрпаққа жетсе, ауылдың өткені ешқашан ұмытылмайды.

Батырбек Райымбеков,
Жаңа жол ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.