Құрылтай сайлауы – ел дамуының жаңа кезеңі
Биылғы Құрылтай депутаттарының сайлауы еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды науқан болмақ. Бұл сайлау – конституциялық реформалардың іс жүзіндегі жалғасы әрі Қазақстанның жаңа мемлекеттік басқару моделіне көшуінің нақты көрінісі.
Жаңа Конституцияның күшіне енуімен еліміз қос палаталы Парламенттен бір палаталы Құрылтай жүйесіне көшті. Ендігі таңда заң шығару қызметін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган – Құрылтай болады. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға және жаңа саяси институттардың жұмысын қалыптастыруға бағытталған.
2026 жылғы 23 тамызға белгіленген алғашқы Құрылтай сайлауына еліміздегі жеті саяси партия өз кандидаттарының тізімін ұсынды. Демек, алдағы сайлау барысында азаматтар түрлі саяси көзқарастар мен бағдарламалардың ішінен таңдау жасап, жаңа құрамдағы Құрылтай депутаттарын айқындайды.
Қандай саяси жүйе болмасын, оның тиімділігі ең алдымен халықтың белсенділігіне байланысты. Сондықтан әрбір сайлаушы өз таңдауына жауапкершілікпен қарап, ел тағдырына бейжай қарамауы қажет. Азаматтық ұстанымның айқын көрінісі – сайлауға қатысып, өз дауысыңды беру.
Бұл науқанның ерекшелігі – жаңа мемлекеттік модель аясындағы алғашқы сайлау болуы. Сондықтан оның нәтижесі еліміздің алдағы заң шығару қызметіне, саяси жүйенің дамуына және мемлекеттік реформалардың жүзеге асуына ықпал ететін маңызды кезең ретінде бағаланады.
Ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір азамат алдағы Құрылтай сайлауына белсенді қатысып, өз таңдауын жасауы – қоғам алдындағы жауапкершіліктің көрінісі. Себебі мемлекет тағдырына қатысты маңызды шешімдердің негізі халықтың еркімен қалыптасады. Әр дауыс – елдің ертеңіне қосылған үлес.
Жасұлан ӘБЕНОВ,
аудандық мәслихаттың төрағасы.