Қозғалыс – өмір қуаты
Елімізде әр жыл сайын тамыздың бірінші жексенбісінде көлік қызметкерлері күні ерекше аталып өтеді. Бұл күні ғұмырын теміржол, жеңіл автомобиль мен жолаушы, сондай-ақ жүк көліктерімен байланыстырған мамандар құрметке бөленіп, еңбектері елге дәріптеледі.
Шу қаласы ілгеріден тіршілігін теміржолмен арқау еткен еңбек шаһары. Қазіргі таңда аудандағы 20-ға жуық теміржол мекемелерінде шамамен 4500-ге жуық жерлесіміз еңбек етуде. Сондай-ақ жүзге тарта шулықтар қоғамдық көлікте жолаушы тасымалымен айналысады.
Көлік қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиынға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков арнайы қатысып, сала ардагерлері мен қызметкерлеріне марапаттарын тапсырды.
-Көлік қызметкерлері күні біз үшін ерекше кәсіби мереке. Себебі, Шу ауданы теміржолшылар қаласы саналады. Мұнда майталман аталардың, еңбекқор аналардың мықты мектебі қалыптасты. Оны бүгінгі буын лайықты деңгейде жалғастырып келеді.
Теміржол – бұрыннан тіршілік тамыры саналады. Болат жолдың бойымен күнделікті жолаушылар және жүк пойыздары қатынайды. Олардың тынымсыз қозғалысын біздің жерлестеріміз қамтамасыз етуде. Бұл нағыз бейнетті әрі қателесуге болмайтын жұмыс. Сонымен қатар күнделікті аудан ішінде, облыс орталығына жолаушы тасымалдап жүрген «Ақжол-2000» ЖШС ұжымына ерекше алғыс. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке мен толайым жетістіктер тілеймін,-деді аудан басшысы.
Ізгі лебізден соң Көлік қызметкерлері күніне орай ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген елеулі еңбектері және жолаушылар көлігі саласын дамыту бағытындағы жемісті еңбектері үшін бірқатар ардагерлер мен сала қызметкерлері «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Тағы бір шоғырына аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табыс етілді.
Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов бір топ мереке иелерін ауданның Құрмет грамотасымен марапаттады.
Шу қаласындағы «Жеңіс» саябағында өткен салтанатты шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының сазды бағдарламасымен өрнектелді. Құрмет құшағына бөленген қауым әсем әнге құлақ түріп, көтеріңкі көңіл-күймен үйлеріне тарады.
Байжан Емберді.