Алға – дамудың даңғыл жолында
«Ауыл – ел бесігі» деген халық даналығының мәні ешқашан жойылған емес. Өйткені ауыл ұлттың тамыры, қазақы болмыстың қайнары, еңбек пен берекенің мекені. Бүгінде мемлекет тарапынан ауылдық елді мекендерді дамытуға ерекше көңіл бөлініп, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде көптеген ауылдардың ажары ашылып, әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа деңгейге көтерілуде. Аудандағы Алға ауылдық округі де осындай жаңару жолына түскен елді мекендердің бірі. Мұнда әр жыл сайын ауылдың инфрақұрылымы жаңарып, әлеуметтік нысандар бой көтеріп, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы дамып келеді.
Алға ауылдық округінің құрамына Алға, Сауытбек, Жайсан ауылдары мен Шайымқұл және Қаракөл бөлімшелері кіреді. Бүгінде округте 3147 тұрғын, 643 аула бар. Округтің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, инфрақұрылымды жаңғыртуға, әлеуметтік саланы дамытуға және ауыл шаруашылығын қолдауға басымдық берілді. Тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті негізгі инфрақұрылымның бірі табиғи газ десек, бүгінде округке қарасты Алға, Сауытбек және Жайсан ауылдары толықтай табиғи газ желісіне қосылған.
Көшелерді жарықтандыру жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Қазіргі таңда Сауытбек ауылы толықтай жарықтандырылса, Алға және Жайсан ауылдарының көшелері 60 пайызға жарық шамдарымен қамтылған. Алдағы уақытта бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады деп күтілуде. Ауыз су мәселесі бойынша да жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Алға және Жайсан ауылдары табиғи ауыз сумен қамтамасыз етіліп, тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге мүмкіндік жасалды.
Жол – ауылдың күретамыры. Сондықтан жол сапасын жақсарту жұмыстары да тұрақты назарда. Бүгінде Сауытбек ауылының ішкі көшелері толықтай асфальтталған. Ал, Алға және Жайсан ауылдарында жолдардың 80 пайызы жаңартылып, тұрғындардың қатынауына қолайлы жағдай қалыптастырылды. Ауылдағы Амангелді орта мектебі мен Сауытбек ауылындағы Алға орта мектебінің оқушылары жаңа, заман талабына сай мектеп ғимараттарында білім алып келеді. Алдағы жаңа оқу жылында Жайсан ауылында 120 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріліп, ауыл балалары үшін тағы бір игілікті іс жүзеге аспақ.
Қазіргі таңда округте тұрғындарға бір Қазпошта бөлімшесі, бір ветеринариялық пункт, үш денсаулық сақтау мекемесі, үш мектепке дейінгі білім беру ұйымы және Сауытбек ауылдық клубы тұрақты қызмет көрсетуде. Бүлдіршіндердің алаңсыз өсіп, оларға сапалы тәрбие беру мақсатында Алға ауылында 50 орындық жаңа балабақша пайдалануға беріліп, жас отбасылар үшін үлкен қуанышқа айналды. Заманауи талапқа сай жабдықталған балабақшада балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдай қарастырылған. Рухани құндылықтарды дәріптеу де округ өмірінің ажырамас бөлігі. Округ аумағында Асайын кәлпе, Жаңабай баба және Амангелді мұсылмандар мешіттері халыққа рухани қызмет көрсетіп келеді. Жақында Амангелді мұсылмандар мешітінің жанынан 300 орындық қатымхана пайдалануға берілді.
Алға ауылдық округінің дамуында ауыл шаруашылығы ерекше орын алады. Бұл өңірдің тұрғындары ежелден жердің қадірін біліп, адал еңбекті басты байлық санаған. Бүгінде мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың арқасында жергілікті шаруалар өндірістерін кеңейтіп, заманауи техникалармен қамтылып келеді. «ҚазАгроФинанс» акционерлік қоғамы арқылы округтегі бірқатар шаруа қожалықтары жаңа тракторлар мен астық жинайтын комбайндарға қол жеткізді. «Білдебай», «Қарлығаш», «Рахымжан», «Мейір», «Жалтен», «Оспанбек», «Өлмес», «Күнтубаба», «Оспан», «Бади» секілді шаруашылықтар алған жаңа техникалардың арқасында егін және мал шаруашылығы жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік алып отыр. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі «Ауыл аманаты» жобасы арқылы да көрініс табуда. Бағдарлама аясында округте жалпы құны 21,5 миллион теңгені құрайтын үш жоба қаржыландырылып, ауыл тұрғындары өз кәсіптерін дамытуға мүмкіндік алды. Мал шаруашылығының дамуы үшін жайылым мен судың маңызы ерекше. Мемлекет қолдауымен округтегі 18 жайылымдық және 12 егістік жерге су ұңғымалары қазылды. Алдағы уақытта да ауыл экономикасын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы кооперативі арқылы 94 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, мал шаруашылығын дамыту жоспары қолға алынуда. Сонымен қатар Алға ауылында 500 гектар аумақта орналасқан күн электр станциясы жұмыс істейді. Шетелдік инвестиция есебінен салынған бұл жоба электр энергиясын өндірумен шектелмей, өңірдің экономикалық дамуына да өзіндік үлесін қосып келеді.
–Алдағы уақытта да инфрақұрылымды дамыту, көшелерді толық жарықтандыру, жолдардың сапасын жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау және ауыл шаруашылығы саласын дамыту басты назарда болады. Біз тұрғындардың ұсыныс-пікіріне әрдайым құлақ асып, елмен бірге еңбек етуді басты қағида санаймыз. Бірлігі бекем ауылдың болашағы да жарқын боларына сенемін. Расында, ауылдың көркеюі бір күннің немесе бір жылдың еңбегі емес. Оның артында мемлекет қолдауы, елдің ынтымағы, тынымсыз еңбек пен жауапкершілік жатыр,-дейді округ әкімі Ильяс Шыңғысханұлы.
Қазақта «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген қанатты сөз бар. Мемлекеттің қолдауы мен халықтың ауызбірлігі ұштасқанда ауылдың ажары артып, тіршілігі түлей түсетініне осы ауылдың бүгінгі келбеті дәлел. Алға ауылдық округі өз атына лайық, алға ұмтылған ауыл. Алда атқарылар жұмыс аз емес. Дегенмен еңбек қадірленген, бірлік салтанат құрған жерде береке де баянды болады. Осындай ынтымағы жарасқан Алға ауылдық округінің алдағы күндері де толайым табысқа жетіп, туған жердің мерейі арта берсін деген тілек бар.
Балнұр Жексенбекқызы.