Ана сүті – салауатты өмірдің бастауы
Ана сүтімен емізу – нәрестенің денсаулығын нығайтудың, дұрыс өсіп-жетілуінің және өмір бойғы саулығының негізін қалайтын табиғи үдеріс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы нәрестені өмірінің алғашқы алты айында тек ана сүтімен қоректендіруді, ал кейін қосымша тағаммен бірге екі жасқа дейін және одан да ұзақ емізуді ұсынады. Ана сүті – баланың жас ерекшелігіне сай өзгеріп отыратын, барлық қажетті қоректік заттар мен қорғаныш факторларын қамтитын бірегей тағам.
Ана сүтінің нәресте денсаулығына пайдасы жайында айта кетейік. Ана сүті ақуыздар, майлар, көмірсулар, дәрумендер мен минералдарға бай әрі олардың мөлшері нәрестенің қажеттілігіне сәйкес табиғи түрде реттеледі. Сонымен қатар, оның құрамындағы иммуноглобулиндер, ферменттер және тірі жасушалар баланың иммундық жүйесін күшейтіп, жұқпалы аурулардан қорғайды.Ғылыми зерттеулер емшек сүтімен қоректенетін балаларда ішек және тыныс алу жолдарының инфекциялары сирек кездесетінін, аллергиялық аурулардың даму қаупі төмен болатынын, семіздік пен қант диабетінің даму ықтималдығы азаятынын, ақыл-ой және жүйке жүйесінің дамуы жақсырақ қалыптасатынын көрсетеді. Сонымен қатар, ана сүті оңай қорытылады, ішек микрофлорасының қалыптасуына ықпал етеді және нәрестенің ас қорыту жүйесіне шамадан тыс салмақ түсірмейді.
Емшекпен емізу тек балаға ғана емес, анаға да айтарлықтай пайда әкеледі. Емізу кезінде бөлінетін окситоцин гормоны жатырдың тезірек қалпына келуіне көмектеседі және босанудан кейінгі қан кету қаупін азайтады. Ұзақ уақыт емізу сүт безі мен аналық без қатерлі ісігінің даму қаупін төмендетуге, остеопороздың алдын алуға және дене салмағының қалыпқа келуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, емізу ана мен бала арасындағы эмоционалдық байланысты күшейтіп, нәрестеде қауіпсіздік пен сенімділік сезімін қалыптастырады.
Емізу кезінде баланы дұрыс ұстаңыз, бұл өте маңызды.
Сәбидің басы мене денесін тік, бір жазықта ұстаңыз. Сәбидің бетін анасының кеудесіне қаратып, мұрны емшек ұшының деңгейінде болуы керек және сәбидің денесі анасының денесіне түйістірулі болу керек. Анасы тек мойны мен иығын ғана емес, сәбидің бүкіл денесін ұстап отыруы шарт.
Салауатты өмір салты адамның өмірге келген сәтінен басталады. Ана сүтімен қоректенген балалардың денсаулығы мықты болып, түрлі ауруларға төзімділігі жоғары болады. Бұл олардың дене және психикалық дамуына оң әсер етіп, болашақта денсаулық сақтауға мүмкіндік береді.
Ана сүтімен емізуді қолдау – отбасының, медицина қызметкерлерінің және қоғамның ортақ міндеті. Жүкті әйелдерді босануға дейінгі кезеңнен бастап дұрыс ақпараттандыру, перзентханаларда емізуді ерте бастауға жағдай жасау және жұмыс орындарында бала емізетін аналарға қолайлы орта қалыптастыру – қоғамдық денсаулықты нығайтудың маңызды бағыттары. Ана сүтімен емізу – табиғаттың балаға берген ең құнды сыйы әрі салауатты өмірдің берік іргетасы. Ана сүті нәрестенің толыққанды өсуі мен дамуын қамтамасыз етіп қана қоймай, оның болашақтағы денсаулығына оң әсер етеді. Сондықтан емшекпен емізуді қолдау, насихаттау және әрбір анаға қажетті кеңес пен қолдау көрсету – дені сау ұрпақ тәрбиелеудің маңызды шарты.
Апталық аясында Шу аудандық орталық ауруханасында, БМСК бөлімшесінде, әйелдерге кеңес беру бөлімшелерінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, ашық есік күндері, дәрігерлердің кеңестері мен аналарға арналған кездесулер ұйымдастырылады.
Бала денсаулығы – ұлт болашағы.
Ана сүті – тіршіліктің қайнар көзі!
Назымгүл Жайнақызы,
Шу аудандық орталық ауруханасының жалпы тәжірибелі дәрігері.