СЕРГЕК ЖҮРГІЗУШІ – ҚАУІПСІЗ ЖОЛ КЕПІЛІ
Адам өмірі мен оның қауіпсіздігі – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта елімізде жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызы зор. Аталған бастама аясында Шу ауданында кезекті «Шу – қауіпсіз аудан» профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды.
Күні кеше «Меркі – Шу – Бурылбайтал» республикалық маңызы бар автомобиль жолының бойында өткен акцияға Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков қатысып, жауапты сала қызметкерлерімен бірге іс-шараның басы-қасында болды. Сондай-ақ шараға облыстық патрульдік полиция қызметкерлері, апаттық медицина мамандары мен медицина қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, Жастар ресурстық орталығы және өзге де мүдделі мекемелердің мамандары атсалысып, жолға шыққан жүргізушілер мен жолаушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Аудан басшысы жол бойында қызмет атқарып жүрген мамандардың жұмысына оң бағасын беріп, мұндай алдын алу шараларының жол-көлік оқиғаларын болдырмаудағы маңызы ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар ол жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, ұзақ сапар кезінде демалыс режимін ұстануға, өз өмірі мен өзгенің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Іс-шара барысында аудан жастары жүргізушілер мен жолаушыларға ыстық бауырсақ ұсынып, шай мен кофе таратты. Осылайша, алыс жолдан шаршаған жолаушыларға ерекше ықылас танытылды. Бұл игі бастама жүргізушілердің аз уақыт тынығып, сергіп алуына мүмкіндік беріп, сапарларын қауіпсіз жалғастыруына жағдай жасады.
Мұндай мазмұндағы шараны алғаш рет көрген Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыз Республикасынан келген жолаушылар мен жүргізушілер, сондай-ақ отандастарымыз ұйымдастырушылардың бастамасына тәнті болып, ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, аудан әкімдігі мен құқық қорғау органдарының, сондай-ақ өзге де мекемелердің бірлесуімен ұйымдастырылып келе жатқан «Шу – қауіпсіз аудан» акциясы бұған дейін де бірнеше мәрте өткізіліп, өзінің тиімділігін көрсетіп келеді. Мұндай профилактикалық шаралар қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жол мәдениетін қалыптастыруға маңызды үлес қоспақ.
Байжан Емберді.