Ақпараттық портал

Табиғат пен тағылым тоғысқан тұс

Бәріңізге белгілі, жыл сайын 10 тамыз күні елімізде дәстүрлі түрде Абай күні аталып өтеді. Бұл – қазақтың ұлы ойшылы, хакім ақын Абай Құнанбайұлының туған күні ғана емес, ұлттық руханиятқа тағзым ететін, ұлы тұлғаның мәңгілік мұрасын ұлықтайтын ерекше күн. Өйткені Абай – белгілі бір дәуірдің ғана емес, барлық заманның ақыны. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Абайдың мұрасы – халқымыздың жаңа сапасын қалыптастыратын темірқазық» деп ерекше атап өткен болатын. Шынында да, Абайды оқу – өткенді тану емес, болашақты бағдарлау. Оның шығармалары әлі күнге дейін өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Керісінше, уақыт өткен сайын оның ойларының тереңдігі мен өзектілігі айқындала түсуде.

Абай өмір сүрген дәуірден бері екі ғасырға жуық уақыт өтті. Қоғам өзгерді, заман өзгерді, ғылым мен технология қарыштап дамыды. Алайда адам баласының болмысы, ар-ұят, әділдік, білім, еңбек, ұлттық тәрбие, табиғатқа сүйіспеншілік секілді мәңгілік құндылықтар өзгерген жоқ. Сондықтан да Абайдың әрбір өлеңі мен қара сөзі бүгінгі күннің де сұранысына жауап береді. Ол өз заманының ғана емес, бүгінгі қоғамның да мәселесін айтып тұрғандай әсер қалдырады. Ақынның өміршеңдігі де – осы қасиетінде.
Абай шығармашылығының ең әсерлі әрі көркемдік тәсілдерді жоғары пайдаланған салаларының бірі – табиғат лирикасы. Ұлы ақын табиғатты жансыз құбылыс ретінде емес, мінезі, болмысы, тіпті тағдыры бар тірі әлем ретінде суреттейді. Әсіресе кейіптеу тәсілі арқылы табиғатқа жан бітіріп, әр мезгілді адам бейнесіне айналдыруы – қазақ әдебиетіндегі теңдесі жоқ көркемдік жаңалықтардың бірі.
Ақын үшін табиғат – жансыз дүние емес, тіршілік иесі, адаммен сырлас, қуаныш пен мұңды бөлісетін тірі әлем. Сондықтан да Абай табиғат құбылыстарын суреттегенде оларды жай ғана бейнелеп қоймай, адам кейпіне енгізіп, мінез бен көңіл күй дарытады. Әдебиеттегі мұндай тәсіл кейіптеу деп аталады.
Абайдың табиғат лирикасын оқыған сайын оқырман жылдың төрт мезгілін ғана емес, мінезі әртүрлі адамдарды көргендей әсер алады. Қыс – қатал, күз – тұнжыраған, жаз – шат көңілді, көктем – мейірім мен жаңарудың белгісі ретінде бейнеленеді. Ақынның шеберлігі де осында.
Абайдың ең көркем табиғат лирикаларының бірі – «Қыс» өлеңі. Бұл шығармада ақын қысты ақ сақалды, ақ киімді кәрі шалдың бейнесінде көз алдымызға әкеледі:
«Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы – ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап, келіп қалды.»
Бір ғана шумақтың өзінде бірнеше көркемдік тәсіл қатар өрілген. Ең алдымен, қыс адам бейнесіне енген. Оның киімі бар, денесі бар, сақалы бар, тіпті мінезі де бар. Бұл – кейіптеудің ең үздік үлгілерінің бірі. Сонымен қатар «соқыр, мылқау» деген эпитеттер арқылы ақын қыстың ешкімді аямайтын қаталдығын әсерлі жеткізеді.
Өлеңнің келесі бөліктерінде қыс «кәрі құда» ретінде суреттеледі. Қазақ ұғымындағы құда бейнесін табиғатқа байланысты қолдануы – Абайдың ұлттық дүниетанымды көркемдікпен ұштастырғанының дәлелі.
Ал «Жаз» өлеңінде табиғат мүлде басқа қалыпта көрінеді. Мұнда өмір қайнап жатыр. Жайлау сәні, көштің көрінісі, балалардың ойыны, малдың күйі – барлығы табиғатпен үйлесім тапқан.
«Жаздыгүн шілде болғанда,
Көгорай шалғын, бәйшешек
Ұзарып өсіп толғанда…»
Ақын мұнда эпитеттер мен бейнелі сөздерді молынан қолданады. «Көгорай шалғын», «ұзарып өсіп толғанда» деген тіркестер табиғаттың кемеліне келген шағын көз алдымызға әкеледі. Бұл өлеңде табиғат пен адам өмірі ажырамас тұтастық ретінде бейнеленген.
Ал «Жазғытұры» өлеңінде көктемнің келуі адам көңілінің жаңаруымен астасады.
«Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.»
Ақын жерді «масатыдай» деп теңейді. Бұл – теңеудің жарқын үлгісі. Масаты – бағалы барқыт мата. Демек, көктем келгенде жердің беті құлпырып, әсем кілемдей құлпыра түседі.
Осы өлеңде:
«Ата-анадай елжірер күннің көзі»
деген жолдар ерекше назар аудартады. Ақын күнге адамның мейірімін береді. Күннің сәулесі ана мен әкенің балаға деген мейіріміндей жылы сезіледі. Мұнда кейіптеу мен теңеу бір-бірімен шебер астасып жатыр.
Ал «Күз» өлеңінде табиғаттың мұңды келбеті шынайы суреттеледі.
«Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.»
Бұл жерде «сұр бұлт», «түсі суық» деген эпитеттер күздің көңілсіз сипатын ашады. Ал тұманның жерді басуы табиғаттың мұңға батқан кейпін көз алдымызға әкеледі.
Абай тек кейіптеуді ғана емес, қазақ поэзиясындағы барлық көркемдегіш құралдарды үлкен шеберлікпен қолданды. Оның өлеңдерінде эпитет, теңеу, метафора, аллитерация, ассонанс, қайталау, дыбыстық үндестік сияқты тәсілдер табиғи үйлесім тапқан.
Мәселен, «Желсіз түнде жарық ай» өлеңінде табиғат пен адамның жан дүниесі тұтасып кетеді.
«Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп…»
Ай сәулесінің суда дірілдеуін ақын жанды бейнедей суреттейді. Табиғаттың әр бөлшегі қозғалыста, тыныста, өмір сүріп тұрғандай әсер қалдырады. Осындай көркемдік арқылы оқырман түнгі даланың сұлулығын көзбен көргендей күй кешеді.
Абайдың табиғат лирикасының басты ерекшелігі – табиғатты адам өмірінен бөліп қарастырмай, оны адамның көңіл күйімен, тұрмысымен, мінезімен сабақтастыра суреттеуінде. Ол үшін табиғат – тіршілік атаулының ортақ мекені ғана емес, адаммен үндесетін рухани әлем. Сондықтан ақынның табиғат туралы өлеңдері ғасырлар өтсе де өзінің көркемдік қуатын жоғалтқан жоқ.
Абай қолданған кейіптеу тәсілі қазақ поэзиясын жаңа деңгейге көтерді. Табиғатты адам кейпіне енгізу арқылы ол әр мезгілдің мінезін, әр құбылыстың өзіндік болмысын айқындап берді. Қыс қаһарлы қарияға, көктем мейірімді анаға, жаз шат көңілді тіршілікке, күз ойлы жанға айналды.
Ұлы ақынның табиғат лирикасы – сөз өнерінің ғана емес, ұлттық дүниетанымның да асыл мұрасы. Табиғатты сөйлете білген Абай оқырманын туған жердің әр мезгілін сүюге, оның тылсым сұлулығын сезіне білуге тәрбиелейді. Сондықтан Абайдың табиғат туралы өлеңдері қазақ әдебиетінің мәңгілік жауһарлары болып қала береді.
Абай мұрасы туралы көрнекті абайтанушы, жазушы Тұрсын Жұртбайдың: «Күнім мен түнім Абайдың тұтқыны» деген қанатты сөзі бар. Бұл – жай ғана әсерлі тіркес емес. Бұл сөздің астарында ұлы ақынның рухани әлеміне шексіз берілгендік, Абайды зерттеген сайын оның тереңдігіне бойлай түсетін ғалымның ішкі күйі жатыр. Абайды оқыған сайын жаңа ой табасың, жаңа мағына ашасың, бұрын байқамаған сырға қанығасың. Сондықтан Абайға ден қойған адам оның даналығының «тұтқынына» айналады. Өйткені Абай – бір оқып қоятын ақын емес, қайта-қайта оралып, әр оқыған сайын жаңаша танылатын рухани құбылыс.
Абай – қазақтың ғана емес, күллі адамзаттың ой алыбы. Оның шығармалары уақытпен бірге ескірмейді, қайта уақыт өткен сайын жаңаша қырынан танылады. Ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздері адамды ойлануға, ізденуге, еңбек етуге, туған жерді, табиғатты, ұлтты сүюге үндейді.
Сондықтан 10 тамыз – Абай күні – тек ұлы ақынға тағзым ететін мереке емес. Бұл – әр қазақтың рухани жаңғырып, Абай әлеміне тағы бір қадам жақындайтын күні. Абайды оқу – өткенге үңілу емес, болашаққа жол ашу. Ал Абайдың мәңгілік мұрасы ұлтпен бірге жасай бермек.
Абайды тану – бір күндік мерекемен немесе бір реттік шарамен шектелетін іс емес. Ұлы ақынның шығармаларын жас ұрпақтың санасына терең сіңіру үшін мектептерде Абай оқулары, әдеби байқаулар, шығармашылық кездесулер, мәнерлеп оқу сайыстары мен ғылыми жобалар сияқты тағылымы мол іс-шаралардың ауқымын кеңейту – уақыт талабы. Осындай игі бастамалар арқылы ғана жастар Абайдың терең ойына бойлап, оның шығармаларынан өмірлік тағылым ала алады.
Бұл бағытта ауданымызда үлгі боларлық игі істер де бар. Атап айтқанда, Қонаев атындағы орта мектеп пен Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте өткен Абай оқуларының жоғары деңгейде ұйымдастырылуына Шу ауданының Құрметті азаматы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері, меценат Жұмахан Оспановтың демеушілік көрсетуі – руханиятқа жасалған үлкен қолдау әрі көпшілікке өнеге. Мұндай азаматтық жанашырлық жас ұрпақтың әдебиетке, ұлттық құндылықтарға және Абай мұрасына деген қызығушылығын арттыра түсетіні сөзсіз.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны – Абай» деп баға бергендей, Абай мұрасы – халқымыздың рухани темірқазығы. Сондықтан ұлы ақынның шығармаларын насихаттайтын осындай тағылымды жобалар мен байқаулар көбейіп, оған ел жанашырлары мен меценаттардың қолдауы арта берсе, Абай мұрасы жас ұрпақтың жүрегінен берік орын алып, ұлттық руханиятымыздың мәңгілік шамшырағы болып қала беретіні анық.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.