Ақпараттық портал

Адалдық – ақ халатты абыройдың айнасы

Жуырда Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасына қарасты Шу аудандық орталық ауруханасында медицина қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру дәрісі өтті.

Іс-шара Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің тапсырысы негізінде «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілді. Кездесуге Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің өкілдері, «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, сондай-ақ аудандық орталық аурухананың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері мен өзге де мамандары қатысты.
Жиынның басты тақырыбы – «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – әрбір азаматтың міндеті» болды. Іс-шара барысында қатысушыларға сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заң талаптарын сақтау, адалдық қағидаттарын дәріптеу және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді.
Алғашқы болып сөз алған Шу аудандық орталық ауруханасының комплаенс-офицері Жанаткүл Бағзатқызы Беймбетова Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 16-бабына сәйкес ауруханада тәуелсіз комплаенс-қызметі жұмыс істейтінін атап өтті.
Баяндамасында ол еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты құқық бұзушылықтың салдарымен ғана күресуді емес, оның туындау себептерін жоюды, мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуді көздейтінін айтты. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстан Республикасының 2022–2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы аясында жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Комплаенс-қызметі осы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарын тәжірибеде іске асыратын маңызды тетіктердің бірі екеніне ерекше тоқталды.
Кездесу барысында «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігінің өкілі Шарапат Батырбекқызы Сүйімқұл сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының негізгі талаптарын түсіндіріп, қоғамда адалдық қағидаттарын орнықтырудың маңыздылығына тоқталды.
Дәріс барысында медицина қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық тетіктері, комплаенс-қызметінің жұмыс бағыты және денсаулық сақтау саласында ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету жолдары туралы кеңінен ақпарат алды.
Мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулері медицина саласында заң талаптарын бұлжытпай орындауға, қызметтік әдепті сақтауға және адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз.
Шу аудандық
орталық ауруханасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.