Ақпараттық портал

«Спорт – денсаулықтың ғана емес, ел рухының негізі»

Тамыз айының үшінші жексенбісі – Спорт күні. Бұл кәсіби мереке – спорт саласында еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегін бағалап, ел азаматтарын салауатты өмір салтына үндейтін айтулы күн. Бүгінде Шу ауданында бұқаралық спортты дамытуға, балалар мен жастарды спортқа тартуға, ауылдардағы спорт инфрақұрылымын кеңейтуге айрықша көңіл бөлінуде. Осы орайда ауданның спорт саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен жетістіктері жөнінде аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қасымхан Шатырханұлы Мәуленовпен сұхбаттасқан едік.

– Спорт күні – сала мамандары үшін ғана емес, барша қоғам үшін маңызды мереке. Бүгінде спорттың ел өміріндегі орны қандай деп ойлайсыз?
– Спорт – ұлт саулығының кепілі. Оның адам өміріндегі маңызы өте зор. Спортпен тұрақты түрде айналысқан адамның денсаулығы мықты болып қана қоймай, бойында жауапкершілік, тәртіп, төзімділік, мақсатқа ұмтылу секілді жақсы қасиеттер қалыптасады.
Мемлекет басшысы да халыққа арналған Жолдауында бұқаралық спортқа, оның ішінде жасөспірімдер спортына көп көңіл бөлу қажеттігін нақты атап өткен болатын. Бұл – біз үшін үлкен бағдар.
Әсіресе, спорт саласына енді келіп жатқан жастар үшін бүгінгі мүмкіндіктердің маңызы ерекше. Өйткені ертең ауданымыздың ғана емес, еліміздің атын әлемге танытатын спортшылар дәл осы жас буынның арасынан шығатыны сөзсіз. Сондықтан біздің басты міндетіміз – балалар мен жастардың спортпен айналысуына барлық жағдайды жасау, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және спортқа деген қызығушылығын арттыру.
– Шу ауданында спортпен айналысуға қандай мүмкіндіктер жасалған?
– Бүгінде ауданымызда спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда ауданда 4 спорт мектебі жұмыс істейді. Ондағы 142 топқа 2445 спортшы тұрақты түрде қатысады. Оларға 60 жаттықтырушы спорттың әр түрінен дәріс беріп, шеберліктерін шыңдауда.
Сонымен бірге аудан бойынша 307 спорт нысаны тұрғындарға қызмет көрсетуде. Оның ішінде 2 стадион, 5 спорт кешені, 71 футбол алаңы, 154 спорт алаңшасы және 75 спорт залы бар.
Ең бастысы – аталған спорт нысандары аудан тұрғындары үшін толығымен қолжетімді. Бұл – ауылдық жерлердегі балалар мен жастардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беретін маңызды фактор.
Бүгінде аудан бойынша жүйелі түрде спортпен шұғылданушылар саны 44 038 адамға жетті. Бұл аудан тұрғындарының 44,5 пайызын құрайды. Яғни тұрғындардың жартысына жуығы спортпен тұрақты айналысады деген сөз. Бұл көрсеткіш бізді қуантады, алайда әлі де атқаратын жұмысымыз көп.
– Бұқаралық спортты дамыту үшін қандай жұмыстар қолға алынған?
– Аудан тұрғындарын дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 2021 жылы дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты Бұқаралық спорттық шаралар өткізу орталығы ашылды.
Бүгінде орталық өз жұмысын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бұқаралық спорттың дамуына тың серпін беру және аудан тұрғындарын спортқа көбірек тарту мақсатында ауданда 24 спорт нұсқаушысы еңбек етуде.
Олардың жұмысы әсіресе шалғай елді мекендер үшін маңызды. Себебі ауылдардағы тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік жасап, әртүрлі жарыстар мен спорттық шараларды ұйымдастыру – бұқаралық спорттың негізін қалыптастырады.
Нәтижесінде, шалғай елді мекендерде ұйымдастырылатын спорттық іс-шаралардың саны көбейіп, сапасы артып, оған қатысушылар қатары да ұлғайды. Бұл өз кезегінде ауданымызда бұқаралық спорттың дамуына оң ықпалын тигізіп отыр.
– Жыл басынан бері қанша спорттық іс-шара өткізілді?
– Биыл жыл басынан бері аудан көлемінде 257 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 24 879 адам қамтылды. Оның ішінде ұлттық спорт түрлерінен 83 іс-шара өткізіліп, 7641 адам қатысты. Бұқаралық спорттық бағытта 172 іс-шара ұйымдастырылып, 16 919 адам қамтылды. Сонымен қатар кешенді спорттық бағытта 2 іс-шара өткізіліп, 319 адам қатысты.
Бұл сандар спортқа деген тұрғындардың қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Біз үшін жарыстың тек жеңімпазын анықтау маңызды емес. Ең бастысы – тұрғындарды спортқа тарту, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру.
– Ауданда дәстүрге айналған қандай спорттық жарыстар бар?
– Ауданымызда жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын спорттық жарыстар аз емес. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен өтетін «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің ауылдық және аудандық іріктеу кезеңдері.
Сонымен бірге «Аула ойындары», «Көше ойындары», «Халық ойындары» секілді бұқаралық спорттық жобалар да тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Ардагерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, мемлекеттік қызметшілер мен жастар арасында спартакиадалар ұйымдастырылады.
Спорттың командалық түрлеріне де ерекше көңіл бөлінуде. Қаңтар-наурыз айлары аралығында спорт ардагерлері арасында футзалдан аудан біріншілігі өтсе, жастар арасында футзалдан аудан біріншілігі желтоқсан-наурыз айларында ұйымдастырылады.
Жаз айларында жастар арасында үлкен футболдан аудандық чемпионат өткізіледі. Қаңтар-ақпан айларында ардагерлер арасында волейболдан аудандық чемпионат, сондай-ақ жастар арасында волейболдан аудан біріншіліктері ұйымдастырылады.
2025 жылы 40 жастан жоғары спортшылар арасында кіші футболдан аймақтық жарыс өткізілген болатын. Бұл жарыс биыл да өз жалғасын тауып отыр.
Бұдан бөлек, спорттың басқа да түрлерінен түрлі деңгейдегі турнирлер мен жарыстар тұрақты ұйымдастырылуда.
– Аудан спортшылары облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарға да қатысып жүр. Нәтиже қандай?
– Әрине, аудан спортшыларының жетістігі – біз үшін үлкен мақтаныш. Биыл аудан спортшылары республикалық, облыстық және аудандық жарыстарда жалпы 118 медальға ие болды. Оның ішінде 43 алтын, 37 күміс және 38 қола медаль бар. Бұл – спортшыларымыздың, жаттықтырушыларымыздың және ата-аналардың бірлескен еңбегінің нәтижесі.
2026 жылы аудан спортшылары, мемлекеттік қызметшілер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ардагерлер мен жастар бірқатар ауқымды облыстық және республикалық бұқаралық спорттық іс-шараларға қатысты.
Олардың қатарында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мемлекеттік әйел қызметшілер арасындағы облыстық спартакиада, «Jastar Fest-2026», «Көше ойындары – 2026», «Аула ойындары – 2026» облыстық фестивальдері бар.
Сонымен бірге ардагерлер арасында волейболдан Жамбыл облысының чемпионаты, ерлер арасында баскетболдан облыс чемпионаты, шахматтан «Senat Open – 2026» Кубогының облыстық іріктеу кезеңдері өткізілді. Шахматтан тірек-қимыл аппараты зақымданған, есту және көру қабілеті төмен ересектер мен жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионатына да аудан өкілдері қатысты.
– Ал алдағы уақытта қандай жарыстарға қатысу жоспарланып отыр?
– Алда спортшыларымыз үшін маңызды жарыстар көп. Атап айтқанда, қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне облыстық іріктеу жарысы, футболдан әуесқойлар арасындағы облыс чемпионаты, мемлекеттік қызметшілер арасындағы Жамбыл облысының спартакиадасы жоспарланған.
Сонымен қатар Спорт күніне арналған спорт мекемелері қызметкерлері мен мамандары арасындағы облыстық спартакиада, ардагерлер арасындағы облыстық спартакиада, ауыл жасөспірімдерінің жазғы ойындары өтеді.
Бұдан бөлек, «Халық ойындары – 2026» республикалық спартакиадасының облыстық іріктеу кезеңі және Халықаралық мүгедектерді қорғау күніне арналған дене мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасындағы спартакиада ұйымдастырылмақ.
Бұл жарыстардың барлығы спортшыларымыздың тәжірибесін арттырып, жаңа жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді.
– Спорттың дамуы ең алдымен материалдық-техникалық базаға байланысты. Соңғы жылдары ауданда жаңа спорт нысандары да көбейіп келеді. Осы бағыттағы жұмыстарға тоқталсаңыз.
– Иә, спорт саласындағы ең маңызды мәселелердің бірі – заманауи спорт нысандарын көбейту. Бұл бағытта ауданда нақты жұмыстар жүргізілуде.
2024 жылы «Қазақмыс» корпорациясы тарапынан демеушілік қаражат есебінен Шу қаласы мен Бірлік ауылында екі ангарлы типтегі спорт залының, Көкқайнар ауылында бір күрес залының құрылысы басталған болатын. Қазіргі таңда бұл жұмыстар толық аяқталды.
2026 жылдың 3 сәуірінде Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен Шу қаласы мен Бірлік ауылындағы екі ангарлы типтегі спорт залы салтанатты түрде ашылып, жергілікті халық игілігіне берілді.
Енді тұрғындар бұл нысандарда кіші футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі секілді спорт түрлерімен тұрақты түрде шұғылдана алады.
Ал Көкқайнар ауылындағы күрес спорт залы 2026 жылдың 5 маусымында халық игілігіне пайдалануға берілді.
Бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Әсіресе балалар мен жастардың спортпен айналысуына жаңа мүмкіндік ашылды.
– Бюджет қаражаты есебінен салынып жатқан спорт нысандары туралы не айтасыз?
– Бүгінде ауданымызда бюджет қаражаты есебінен де бірқатар спорт нысандары бой көтеруде.
2025 жылы басталып, 2026 жылға өтпелі болған екі дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінің құрылысы жүргізілді. Оның біріншісі – Жаңа жол ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені. Аталған нысан 2026 жылдың 17 сәуірінде халық игілігіне пайдалануға берілді. Ал Шоқпар ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінің құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұл нысандар ауыл тұрғындарының спортпен айналысуына үлкен мүмкіндік береді.
– Жергілікті кәсіпкерлердің спорт саласына қосып отырған үлесі туралы да айтып өтсеңіз.
– Спорттың дамуына тек мемлекет тарапынан ғана емес, жергілікті кәсіпкерлер тарапынан да қолдау көрсетілуі өте маңызды.
Осы орайда Балуан Шолақ ауылының тумасы, жергілікті кәсіпкер Айтжан Әшімхановтың азаматтық бастамасын ерекше атап өткен жөн.
Ол өз қаражаты есебінен ауыл тұрғындарына заманауи үлгідегі ангарлық типтегі әмбебап дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенін салып, ауыл халқына тарту етті.
Қазіргі таңда аталған спорт кешенін теңгерімге алу жұмыстары жүргізілуде.
Мұндай игі бастамалар – туған жерге деген жанашырлықтың нақты көрінісі. Кәсіпкерлердің осындай әлеуметтік жобаларға атсалысуы ауылдағы спорттың дамуына үлкен серпін береді.
– Биыл аудан бойынша шағын футбол алаңдарын көбейту бағытында да жұмыстар атқарылып жатыр екен.
– Дұрыс айтасыз. 2026 жылдың екінші тоқсанында заманауи үлгідегі кіші футбол алаңдарын орнату бойынша үш жоба іске асырылды. Атап айтқанда, Шу қаласында, Төле би ауылында және Балуан Шолақ ауылында бір-бірден заманауи кіші футбол алаңы салынып, жергілікті тұрғындардың игілігіне берілді.
Қазіргі таңда Көкқайнар ауылында да кіші футбол алаңының құрылысы жүргізілуде. Бұл алаңдардың барлығы ең алдымен балалар мен жастар үшін қажет. Бос уақытында доп теуіп, спортпен айналысатын жастардың қатары көбейсе, бұл – біз үшін үлкен нәтиже.
– Жалпы, бүгінгі жастардың спортқа қызығушылығы қандай?
– Қазіргі жастардың спортқа қызығушылығы өте жоғары деп айтуға болады. Әсіресе футбол, волейбол, баскетбол, қазақ күресі, шахмат және ұлттық спорт түрлеріне қызығушылық басым. Біздің міндетіміз – сол қызығушылықты дұрыс бағыттап, жастарға жағдай жасау. Спорт тек медаль немесе жарыстағы жеңіс емес. Ол – тәрбиенің үлкен мектебі. Спортпен айналысқан бала уақытты бағалауды, тәртіпті сақтауды, жеңіске жету үшін еңбек етуді үйренеді. Сондықтан ата-аналарды да балаларын спортқа беруге шақырамыз. Бала қай спорт түріне қызығатынын байқап, сол бағытта қолдау көрсеткен дұрыс.
– Спорт күніне орай сала мамандарына және аудан тұрғындарына қандай тілегіңіз бар?
– Спорт күні – еңбекті бағалайтын, спортшыларға жігер беретін ерекше мереке. Осы айтулы күнде ауданымыздағы барлық спортшыларды, жаттықтырушыларды, спорт саласының ардагерлерін, дене шынықтыру мамандарын және спорт жанкүйерлерін шын жүректен құттықтаймын.
Жаттықтырушыларымыздың еңбегі ерен. Олар спортшыны тек жарысқа дайындамайды, сонымен бірге оның бойына тәртіп, төзім, табандылық сияқты қасиеттерді қалыптастырады. Барша аудан тұрғындарын дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысуға шақырамын. Деніміз сау болса, елдің де болашағы жарқын болады. Ал жас спортшыларымызға айтарым: еңбек етуден, жаттығудан, өздеріңізге сенуден ешқашан жалықпаңыздар. Бүгінгі жаттығу – ертеңгі жеңістің негізі.
Сұхбатыңызға рахмет! Мерекеңіз құтты болсын!

Сұхбаттасқан Байжан ЕМБЕРДІ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.