Ақпараттық портал

АБАЙ МҰРАСЫ – ҰЛТТЫҢ РУХАНИ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

Шу қаласындағы «Теміржолшылар» саябағында қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 181 жылдығына орай «Абай дара, Абай дана қазақта» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.
Рухани тағылымы мол шараға аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы, ішкі саясат бөлімінің басшысы Тұрар Мұханбетханұлы, аудандық мәдениет үйінің директоры Айнұр Қамшыбайқызы қатысып, ұлы ақынның мол мұрасын ұлықтаған тағылымды кештің куәсі болды.
Әдеби-сазды кештің басты мақсаты – Абай шығармашылығын кеңінен насихаттау, ақынның өнегелі өмірі мен тағылымды ойларын кейінгі ұрпаққа жеткізу, жас буынның әдебиетке, өнерге және ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру.
Кеш барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ұлы ақынның жүрекке жетер жырларын нақышына келтіре оқып, сырлы әндерін орындады. Абайдың әрбір шығармасынан адамдықтың биік өлшемі, білім мен ғылымға ұмтылыс, адал еңбек, елге қызмет ету, бірлік пен татулық секілді асыл құндылықтар кеңінен көрініс тапты.
-Абай – қазақтың ғана емес, адамзаттың рухани ой-санасына өзіндік із қалдырған ұлы тұлға. Оның «Толық адам» тұжырымы, білім мен ғылымға үндеген ойлары, адам мінезі мен қоғам жайлы терең пайымдары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Ұлы ақынның шығармашылығы – ұлттың баға жетпес рухани қазынасы. Абай сөзін ұлықтау – өткенді дәріптеу ғана емес, болашақ ұрпақтың бойына адамгершілік пен парасаттың, білім мен еңбекқорлықтың дәнін себу.
Осындай тағылымды мәдени шаралар жас ұрпақтың ұлы ойшыл мұрасымен жақынырақ танысуына, ұлттық рух пен әдеби құндылықтарды бойына сіңіруіне жол ашады. Өйткені Абай шығармалары – уақыт өткен сайын маңызын арттыра түсетін рухани мұра,-деді Найман Кенжеханұлы көпшілікке арналған лебізінде.
Қорыта айтқанда, Абай Құнанбайұлының әр сөзі – ұлтқа аманат, ұрпаққа өнеге. Сондықтан ұлы ақын мұрасын дәріптеу – өткенге тағзым ғана емес, келешекке жасалған рухани инвестиция.

Фариза Нұрханқызы,
«Шу медиа» ақпараттық орталығының тілшісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.