Әулиеатаның креативті әлемі Астанада көрсетілді
Өткен аптаның соңында Астана қаласында Жамбыл облысының «Асқақ рухты Әулиеата» атты көрме-жәрмеңкесі өтті. Мәдени-шығармашылық шара «Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында ұйымдастырылып, елорда тұрғындары мен қонақтарына Әулиеата өңірінің шығармашылық әлеуетін кеңінен таныстырды.
5-6 қыркүйек күндері өткен көрме-жәрмеңкеге Жамбыл облысынан 50-ден астам креатор қатысып, өздерінің шығармашылық туындылары мен инновациялық жобаларын көпшілік назарына ұсынды. Олардың қатарында жерлесіміз, суретші-мүсінші, карикатурашы, Қазақстан Республикасы білім беру саласының үздігі Қали Қораласбаев та болды.
Шебер мүсінші көрмеге табиғи тас пен ағаштан қашалған бірқатар шығармасын алып барып, көпшілікке ұсынды. Сонымен қатар былтыр тұсауы кесілген «Qali» атты шығармашылық жинағын таныстырып, өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан өнерін елорда жұртшылығына паш етті.
Қали Ерғазыұлының табиғи тастан жасалған «Дала қорғаны. Қолбасшы», «Көктем», «Батыр», «Дала үні», «Құрбылар», «Ой», «Қорқыттың зары», «Болашақ», «Кісен ашқан», «Ұйқыдағы жауынгер» сынды мүсіндері көрерменнің ерекше қызығушылығын тудырды. Сондай-ақ қара ағаштан қашалған «Абыз» және «Дала үндестігі» атты туындылары да көрме төрінен орын алды.
Көрме аясында Жамбыл өңірінің IT жобалары мен цифрлық әзірлемелері таныстырылып, жергілікті суретшілердің картиналарынан көрме-сатылым, қолөнер бұйымдары мен мүсіндер экспозициясы және түрлі шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.
Шара барысында облыстың өнері мен мәдениеті, ұлттық дәстүрі мен заманауи шығармашылық бағыттағы жетістіктері кеңінен дәріптелді. Негізгі мақсат – Әулиеата өңірінің тарихи-мәдени мұрасын насихаттау және жергілікті шығармашылық индустрия өкілдерінің тың жобаларын көпшілікке таныстыру.
Көрме бағдарламасы Жамбыл Жабаевтың жырларымен басталып, дәстүрлі өнер мен заманауи креативті бағыттарды бір арнаға тоғыстырды. Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы өнерпаздарының концерттік бағдарламасы көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ал «ASPARA» брендінің неофольклорлық стильдегі сән көрсетілімі ұлттық нақыш пен заманауи сән үлгісін үйлестірді.
Жәрмеңке барысында жасанды интеллект көмегімен әзірленген қазақ ертегілері мен анимациялық фильмдер көрсетіліп, цифрлық технологиялардың шығармашылық саладағы мүмкіндіктері таныстырылды.
Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхана да бірқатар креативті жобасын көпшілікке ұсынды. Атап айтқанда, «Алтын қор» цифрлы кітабы, төрт форматты инклюзивті ертегі кітаптары және 3D-технология негізінде әзірленген тактильді макеттер таныстырылды.
Көрмеде ұлттық қолөнердің де орны ерекше болды. Жамбыл өңірінің табиғи ерекшелігін айшықтайтын «Қызғалдақ-мұра» халықаралық фестивалі аясында жамбылдық қолөнершілер көлемі 200 шаршы метр болатын киіз басып, Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабына енген еді. Ұлттық қолөнер мен өңірдің табиғи ерекшелігін тоғыстырған бұл бірегей туынды жәрмеңке барысында келушілер назарына ұсынылып, көрменің мазмұнын байыта түсті.
Жамбыл облысының цифрлық әлеуетіне де айрықша мән берілді. М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің жасанды интеллект негізінде әзірлеген «Зияткерлік және спорттық кофеханасы», Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің «Hermes Analytica» цифрлық кәсіптік бағдар беру жүйесі және Ш. Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының «вайб-кодинг» технологиясы арқылы жасалған жобасы таныстырылды.
Екі күнге созылған көрме-жәрмеңкеге Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, дипломатиялық қызмет өкілдері, елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты. Келушілер өңір шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдармен танысып қана қоймай, көңілінен шыққан туындыларды сатып алуға мүмкіндік алды.
– Елорда төрінде 50-ден астам жамбылдық креатордың IT өнімдері, инновациялық жобалары, заманауи идеялары мен ұлттық қолөнер туындылары таныстырылды. Жасанды интеллект, цифрлық технология, дизайн, сән, қолөнер, өнер – бүгінгі жамбылдық креаторлардың ізденісі мен мүмкіндігі кең екенін көрсетіп отыр. Әсіресе ұлттық құндылықтарды заманауи технологиялармен ұштастырған жобалар қуантты. Бұл – Әулиеатаның дәстүр мен жаңашылдықты қатар дамытып келе жатқанын көрсетеді, – деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов.
Әулиеатаның өнері мен мәдениетін, ұлттық болмысы мен шығармашылық мүмкіндіктерін бір алаңда тоғыстырған көрме-жәрмеңке Жамбыл өңірінің креативті индустриядағы әлеуетін танытқан мазмұнды мәдени шаралардың біріне айналды.
Мәдени-танымдық шара Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Креативті индустрияларды дамыту қоры » корпоративтік қоры ұйымдастырғанын атап өткен жөн. Жәрмеңкенің бірінші күнінде 3500 адам келіп, креаторлар 8,6 млн теңгенің өнімдерін сатқан.
Сондай-ақ шараның екінші күні де жемісті болды деуге болады. Бұл көптеген меймандармен қатар Әулиеата өңірінен барған Құрылтай депутаттары Бегалы Ералиев пен Әбілхайыр Тамабек келіп, жерлестеріне қолдау көрсетті.
Байжан
Емберді.