Тартысты өткен турнир
Өткен аптаның соңында Ермұхан Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясы түлектерінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі және Шу ауданының Құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің және «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Жұмахан Төлеуұлы Чекаевтың зейнеткерлікке шығуына орай кіші футболдан аудандық турнир өтті.
Спорттық шараның басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, жастар арасында футболды кеңінен дәріптеу және спортқа деген қызығушылықты арттыру.
Турнир барысында аға буын өкілдері, спорт мамандары Жұмахан Төлеуұлының ауданның қоғамдық және ақпараттық саласындағы көпжылғы еңбегі мен ел игілігі жолындағы атқарған қызметін атап өтіп, қазақы ғұрыппен құрмет көрсетті. Сондай-ақ мерейжас иесінің азаматтық ұстанымы мен кәсіби еңбегіне ризашылық білдіріліп, зейнеткерлікке шығуына орай жылы лебіздер айтылды.
Жарыс нәтижесінде үздік ойын көрсеткен командалар жүлделі орындарға ие болып, диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Тартысты өткен турнир қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, спорт сүйер қауымның басын қосты. Мұндай тағылымды әрі спорттық бастамалар жастарды белсенді өмір салтына баулып, аудан көлемінде бұқаралық спорттың дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз.
Аталған жарыс №10 колледжіндегі кіші футбол алаңында өткенін еске сала кеткен жөн. Ал, Е. Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясының түлектері бұл турнирді тоқсан сайын өткізуді қолға алған. Әрі алдағы уақытта жалғастыруға ниетті.
Фариза Нұрханқызы.