Тілдер мерекесі тойланды
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен аудандық Жастар ресурстық орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен «Тіл халықтың қазынасы» атты әдеби кеш өтті.
Шараның басты мақсаты – қазақ тілінің қадір-қасиетін дәріптеу, ана тілін құрметтеуге тәрбиелеу, қазақ ақын-жазушыларының тіл туралы шығармаларын насихаттау, көркем әдебиетке қызығушылықтарын арттыру. Жастардың сөздік қорын молайту, шешен сөйлеуге, ойды көркем жеткізуге тәрбиелеу.
Кеш барысында тілдің халықтың рухани байлығы екені кеңінен сөз болды. Өйткені тіл арқылы ұлттың тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті мен дүниетанымы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Қазақ халқы ежелден сөз өнерін ерекше бағалап, «Өнер алды – қызыл тіл» деп шешендік пен тапқырлықты жоғары қойған.
Тағылымды кеште тілегі ортақ жас шулықтар өлең шумақтарын мәнерлеп оқып, мағыналы әндер шырқады. Жаңылтпаш айтып жарысып, викториналық сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ «Тіл тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз» атты кітап көрмесінде оқырмандарға тіл, әдебиет және ұлттық құндылықтар тақырыбындағы әдебиеттер таныстырылды.
Кешке мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары А. Тұтқұшбай мен Б. Көпбаева қатысып, құттықтауын жеткізді. Сонымен бірге мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, шараның шырайын келтірді.
Маңызды мерекені атап өтуде ауыл жастарының белсенділігі ерекше байқалды. Жан-жақты қолдауына алғыс білдіреміз.
Д.Көшен,
Төле би ауылдық округінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы.