Шалғай ауылдарда шикілік көп
Күрең күздің келгені жылыту маусымы жақын қалғанын білдіреді. Кәрі құданың әлегінен аман қалу үшін әзірлікті осы бастан пысықтап алғанның артықшылығы болмайды. Аудан әкімі Б.Жәнібековтың төрағалығымен өткен кезекті аппаратық кеңесте осы және өзге де тақырыптар талқыланды.
Ауданның жылыту маусымына дайындық барысы туралы аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жадыра Каликов баяндады. Оның айтуынша өңірде 178 әлеуметтік маңызға ие нысан бар. Оның ішінде 92 білім, 33 денсаулық сақтау, 45 мәдениет және 8 спорт ғимараты. Қазіргі таңда қысқы дайындықты ұйымдастыру мақсатында әкімдіктің қаулысына сәйкес штаб құрылып, 4 мәрте отырысы өткізілген. Биылғы қыста тұрғындар тұтынатын көмірдің көлемі 50 мың тонна деп топшыланып отыр. Әлеуметтік нысандардың автономды қазандықтары үшін 10 816 тонна көмір сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар баяндамашы ауданда 9 қатты отын түсіретін теміржол тұйығы бар екенін айтып отыр.
– «Шу-Жылу» мекемесінің 2026 жылға арналған бекітілген инвестициялық бағдарламасы есебінен биылғы жылы 12,3 млн. теңгеге 2,390 шақырым диаметрі 57 мм-159 мм құрайтын жылу желілерінің құбырларын ауыстыру бойынша жұмыстарын аяқтады,-дейді Жадыра Әбиғазыұлы.
Бұдан кейін баяндама жасаған аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Асан Көшербаев бөлім тарапынан 8 айда атқарылған жұмыстардың жайын жеткізді. Асан Алданұлының айтуынша аудан аумағынан ауыл шаруашылық мақсатындағы барлығы 4601,0 гектар жер учаскесі қайта айналымға енгізіліп, белгіленген көрсеткіштің 66 пайызы орындалды. Сонымен қатар 8 айда егістік жерлерден бау-бақшаға 40 гектар және жалпы ауданы 2961,0 гектар егістік жер учаскелері 36 лотпен конкурсқа шығарылып, жеңімпаздарға ұзақ мерзімді пайдалану құқығы берілген.
Аппараттық кеңес барысында Ақсу және Көкқайнар ауылдық округі әкімдерінің есептері мен аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің бас инспекторы Т.Төреқұлдың қос ауылға жүргізген зерделеу жұмыстарының нәтижелері айтылды.
Шу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметіне сәйкес, Ақсу ауылдық округі бойынша көлік құралдарына салынатын салықтан 2 млн 688 мың 161 теңге көлемінде берешек қалыптасқан. Сонымен қатар түнгі жарықтандыру, қоқыс полигоны, ауылдың санитарлық ахуалы көңіл көншітерлік емес екені айтылды.
Көршілес жатқан Көкқайнар ауылында да алаңдатарлық мәселе аз емес екені анық болды. Бас инспектор ауылда орналасқан спорт алаңдарының халі мүшкіл екенін айтып, тұрғындар үшін қауіп төндіріп тұрғанын тілге тиек етті.
-Түнгі жарықтандыру мәселесіне келер болсақ, Көкқайнар ауылы бойынша 15-тен астам жанбай қалған жарық шамдары анықталды. Бұл оқу жылында оқушылар үшін қауіп төндіретінін айта кеткен жөн. Сондай-ақ тұрғындарға қолайсыздық тудырады. Ауыл тұрғындарының көлік салығына берешегі 3 690 718 теңге болып отыр. Ауыл әкімі салық түсімдерін орындау бойынша сылбыр жұмыс істеп отырғандықтан, шаруаны ширатқан жөн деп санаймыз. Елді мекеннің санитарлық-тазалық жағдайы да, сәулеттік келбеті мәз емес,-деді Т.Төреқұл.
Өз кезегінде аудан басшысы жұмыстарды ширатып, кемшіліктерді жою туралы тапсырма берді. Сонымен қатар жылыту маусымына дайындық жіті қадағалауда болу қажеттігіне назар аударды. Сұрақ-жауаптардан кейін, кеңес қорытындыланды.