Ұстазға құрмет – ұрпаққа өнеге
Ұлан-ғайыр қазақ даласына білімнің шырағын жағып, «Кел, балалар, оқылық!» деп ұрпақты өнер-білімге үндеген Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық жолын жалғау — үлкен жауапкершілік. Осы жолда бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнап, әр шәкіртінің жүрегіне сенім ұялатқан ұстаздардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Олардың ғұмыры — сабыр мен ізденістің, адалдық пен адамдықтың, өз ісіне деген шексіз сүйіспеншіліктің өнегесі.
Ұстаздар күніне орай Шу ауданы білім бөлімі мен аудандық кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен ауданның білім беру ұйымдарында қырық жылдан астам уақытын ағартушылыққа сарп еткен ардагер педагогтерге арналған мерекелік қабылдау өтті. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесімен ұштастырған жандарға көрсетілген бұл ілтипат ұстаз еңбегінің ұмытылмайтынын, жылдар өткен сайын қадірі арта түсетінін аңғартты.
Құрметті қабылдауға Сергей Карашевич Гаджиев, Даметкул Абирова, Вера Сергеевна Польшина, Анар Ысқақова, Ділдахан Мешетбайқызы Ахметова, Людмила Николаевна Ушанева, Шахаркул Мусаевна Қоспанова, Мәсәліұлы Әмет, Галина Филипповна Галышкина, Гүлдәрі Усеиновна Ибраева, Нина Сергеевна Зайцева және Гульчохра Эльдаровна Валимамедова қатысты. Әрқайсысының есімімен талай шәкірттің балалық шағы, алғашқы жетістігі, өмірге қанат қаққан қадамы байланысты. Олардың еңбек жолында бір мектептің ғана емес, тұтас өңірдің білім беру тарихының тағылымды белестері жатыр.
Мерекелік қабылдауда білім бөлімінің басшысы ардагерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, ауданның білім саласын дамытуға, жас ұрпақтың бойына білім мен адамгершілік қасиеттерін сіңіруге қосқан үлестері үшін ризашылығын білдірді. Ұстаз еңбегінің бағасы шәкіртінің жетістігімен, елге жасаған қызметімен өлшенетінін атап өтіп, аға буын педагогтердің тәжірибесі мен тағылымы кейінгі толқынға әрдайым бағыт-бағдар болатынына тоқталды. Ардагерлерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық тілеп, шәкірттерінің құрметі мен ұрпақтарының қызығына бөлене берулеріне тілектестігін жеткізді.
Аудандық кәсіподақ төрағасы Аида Бекмурзина да ізгі тілегін арнап, ұстаздық қызметтің терең біліммен қатар үлкен жүректі, төзім мен табандылықты қажет ететінін айтты. Өмірінің ең қымбат жылдарын мектепке, бала тәрбиесіне арнаған ардагерлердің еңбегіне құрмет көрсету — кейінгі ұрпақтың парызы екенін атап өтті. Мереке аясында кәсіподақ ұйымы тарапынан ардагер ұстаздарға сый-сияпат көрсетіліп, жылы лебіздер білдірілді.
Қырық жылдан астам ұстаздық ету — бірнеше буынның қалыптасуына куә болу, мыңдаған баланың тағдырына ізгілікпен із қалдыру. Кеше ғана әріп танытқан шәкіртінің бүгінде елге қызмет етіп жүргенін көру — мұғалім үшін ең үлкен марапат. Ұстаздың маңдай тері де, ұйқысыз өткізген түндері де, әр балаға артқан үміті де осындай сәттерде өз жемісін береді.
Халқымыз «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні ғаріп» дейді. Сол дүниені жарық етіп, баланың таным көкжиегін кеңейтетін, жүрегіндегі үміт отын маздататын — ұстаз. Сондықтан ардагер педагогтерге көрсетілген құрметтің мәні терең: ол – адал еңбекті бағалауға, үлкеннің өнегесін ұлықтауға, ұстаздық жолдың абыройын асқақтатуға үндейді.
Шәкіртінің санасына сәуле, жүрегіне мейірім ұялатқан ұлағат иелерінің мерейі әрдайым үстем болсын! Ұрпаққа арнаған ғұмырларыңыздың шуағы ортаймай, еңбектеріңіздің жемісін көріп, елдің алғысына бөлене беріңіздер, қадірлі ұстаздар!
Айғаным Асқарбек.