Ақпараттық портал

Дәстүрге айналған доп додасы

Балуан Шолақ ауылында спортты серік еткен азаматтар бас қосып, жасыл алаңда доп додасының көрігін қыздырды. Еңбек ардагері, ауылдың қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлесін қосқан, ауылда алғаш құрылған футбол командасының капитаны болған Ашимханов Рашид Құлдыбайұлының туғанына 85 жыл толуына орай дәстүрлі кіші футбол турнирі ұйымдастырылды.

Ауыл тарихында өзіндік із қалдырған азаматтың есімін ұлықтап, кейінгі буынға өнегесін насихаттауды мақсат еткен дүбірлі дода биыл да жоғары деңгейде өтті. Екі күнге созылған жарысқа ауданның әр өңірінен 33 команда қатысып, спортсүйер қауымға тартысты ойынның куәсі болуға мүмкіндік берді.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков сөз сөйлеп, бұқаралық спортты дамыту – дені сау, белсенді әрі сергек ұрпақ қалыптастырудың маңызды тетіктерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ аудан басшысы осындай дәстүрлі спорттық додалардың елді мекендердегі спорттың дамуына серпін беріп, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыратынын жеткізді.
– Бұқаралық спортты дамыту – ауданымызда атқарылып жатқан маңызды жұмыстардың бірі. Спорт алаңдарының көбейіп, түрлі жарыстардың тұрақты ұйымдастырылуы жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын ұстануына үлкен мүмкіндік береді. Бүгінгі турнирдің елге еңбегі сіңген азамат Рашид Құлдыбайұлының есімімен өтуінің де тәрбиелік мәні зор. Бұл – азаматтың есімін ұлықтаумен қатар, кейінгі ұрпаққа спорттық дәстүрді дәріптейтін тағылымды шара, – деді аудан әкімі.
Бұдан кейін ауданның спорт ардагерлері мен ауыл азаматтары жарысқа қатысушыларға ақжарма тілектерін жеткізіп, командаларға сәттілік тіледі. Салтанатты шара барысында ауыл өнерпаздары әннен шашу шашып, жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ал алаңға шыққан командалар алғашқы минуттардан-ақ жеңіске деген жігерін танытып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Доп додасында әр команда өз мүмкіндігін барынша тиімді пайдалануға тырысты. Бірі қорғанысты берік ұстап, енді бірі қарсы қақпаға қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Әр голдың өзі жанкүйерлердің делебесін қоздырып, алаң сыртындағы қолдауды күшейте түсті.
Осылайша, екі күн бойы Балуан Шолақ ауылының футбол алаңы нағыз спорт мерекесінің орталығына айналды. Жарыстың шешуші кезеңіне жеткен командалар арасындағы бәсеке тіптен қыза түсті.
Финалдық ойында «Рашид ата» мен «Балуан Шолақ» командалары кездесіп, көрермендерге тартысты да тартымды ойын сыйлады. Екі команда да жеңіске лайық ойын көрсетуге тырысқанымен, дода соңында үздік шыққан команда анықталды.
Турнир қорытындысы бойынша І орынды «Рашид ата» командасы иеленіп, 1 миллион теңгелік жүлдеге қол жеткізді. ІІ орын «Балуан Шолақ» командасына бұйырса, ІІІ орынды «Қайрат» және «Көктөбе» командалары өзара бөлісті. Жүлдегерлерге тиісінше 700 мың және 500 мың тең-геден қаржылай сыйлық табысталды.
Командалық бәсекемен қатар, алаңда шеберлігімен дараланған ойыншылар да назардан тыс қалмады. Турнир барысында үздік өнер көрсеткен футболшылар «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылшы», «Үздік ойыншы» және «Үздік жетекші» номинациялары бойынша марапатталып, әрқайсысына 50 мың теңгеден ақшалай сыйлық табысталды.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен медальдар табысталып, үздік ойыншыларға арнайы құрмет көрсетілді. Бұл – екі күндік бәсекенің қорытындысы ғана емес, спортқа деген құрметтің, ауыл азаматтарының ауызбіршілігі мен кейінгі ұрпаққа деген жанашырлықтың көрінісі болды.
Рашид Құлдыбайұлының есімін ұлықтаған осындай дәстүрлі турнирдің мәні де осында. Кезінде өзі бастап, ауыл жастарын спортқа жұмылдырған азаматтың өнегелі жолы бүгінде футбол алаңында жалғасын тауып келеді. Бір кездері доп тепкен ауыл жастарының ізін бүгінгі жас буын жалғап, спорттық дәстүрді сабақтастырып отыр.
Жасыл алаңдағы әрбір тартыс – жеңіске деген ұмтылыстың, әрбір гол – маңдай тер мен шеберліктің, ал осындай турнирлер – ел азаматтарының есімін ұлықтап, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырудың жарқын көрінісі.
Турнирдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан ұйымдастырушыларға, демеушілерге, төрешілерге, командаларға және жанкүйерлерге алғысымызды білдіреміз. Жеңімпаздарды құттықтап, алдағы жарыстарда толағай табыс тілейміз!

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.