Ақпараттық портал

Әкеден биік жан бар ма?

Бала үшін әке — асқар тау, арқа сүйер қорған, өмір жолындағы алғашқы ұстаз. Әкенің әр сөзі, әр әрекеті перзентінің бойына байқатпай сіңіп, мінезін қалыптастырады, дүниеге көзқарасын кеңейтеді. Кейде әке тәрбиесінің қадірін ұғыну үшін ұзақ ақыл айтудың қажеті жоқ. Баланың әкесіне деген сенімін, оның атын мақтанышпен атаған сәтін көрсеңіз жеткілікті. Тамыз айының 21-і күні «Евразия» телеарнасындағы «Көреміз шоу» бағдарламасының «Әкеден биік жан бар ма?!» тақырыбындағы шығарылымын көріп, осындай ойға қалдым.
Студияға шыққан өнерпаз ұл ә дегеннен көпшілікті қабілетімен тәнті етті. Домбырамен «Адай», «Аққу» күйлерін орындап, Махамбет пен Мұқағалидың өлеңдерін жатқа оқыды. Рубик текшесін небәрі он секундта жинап, күрделі спорттық-гимнастикалық жаттығуларды да шебер көрсетті. Өнері мен ептілігі жарасқан баланың ой-өрісі де өз жасынан озық екені байқалып тұрды. Студиядағы әр сала мамандары мен қонақтар оған жылы лебіздерін білдіріп, қолдау көрсетті.
Жүргізуші Меруерт Бауыржанқызының «Осы деңгейге қалай жеттің?» деген сұрағына «Әкем көмектесті, әкем жетекшілік жасады. Менің әкем — кемеңгер, ол бәрін біледі!» деп жауап берген жас өреннің берген жауабы ерекше әсер қалдырды.
Осы бір ауыз сөзде баланың әкесіне деген шексіз сенімі, құрметі мен мақтанышы тұнып тұрғандай еді. Перзентіңнің жүрегінде осындай биікке көтерілу — әке үшін қандай бақыт десеңізші?!
Жүргізуші әкесін ортаға шақырғанда, студияға орта бойлы, қарапайым киінген, жүріс-тұрысы байыпты азамат шықты. Көпшілікпен сәлемдескен еңбек адамына құрметпен орын ұсынылды. Баласының оны айрықша қадірлейтіні айтылып, осындай беделге қалай жеткені сұралды.
Әкенің әңгімесінен бала тәрбиесіне деген үлкен жауапкершілік пен шынайы жанашырлық аңғарылды. Ол қазақтың «Баланы жастан» деген қағидасын ұстаныпты. Жұмыстан қанша шаршап келсе де, ұлына жылы сөз айтуға, әңгімесін тыңдауға уақыт тапқан. Қылығының дұрыс-бұрысын түсіндіріп, ақылға, сабырға шақырған. Жекіп сөйлеуге, қол көтеруге бармаған. Өзінің айтуынша, дана болмаса да, даналардың сөзін тәрбиеге тірек еткен.
Анасы баласына әкесінің жұмыстан шаршап келгенін ескертіп, мазасын алмауды, қажет нәрсесін көңіл күйіне қарап айтуды үйретеді екен. Ал әкесі ұлымен сөйлескенде қайта сергіп, оның жақсы әрекеттерінен қуаныш пен қуат алатынын жеткізді.
Шынында, балаға бөлінген уақыт — оның болашағына салынған ең қымбат үлестің бірі. Кейде перзентке керегі қымбат сыйлықтан бұрын өзін асықпай тыңдайтын, сөзіне мән беретін әкенің ықыласы ғой.
Бұл азамат ұлын кішкентай деп шетке қақпай, өзімен тең сөйлесіп, пікірін сұрап, ақылдасып отырған. Сондай сәттерде бала да өзін ересек адамдай сезініп, ойланып жауап беруге, орынды ұсыныс айтуға тырысады екен. Әкесінің сенімін ақтауға деген талпыныс оның ойлау, пайымдау қабілетін дамытып, өз пікіріне жауапкершілікпен қарауға үйреткен.
Әкенің әңгімесіндегі тағы бір тағылымды тұс — ұлын еңбекпен таныстыруы. Ол баласының қалтасына ақша салып беріп, уақытын бос өткізуіне жол бермеген. Мүмкіндігінше асфальт зауытына, құрылысқа, локомотив депосына, егістікке, шаруа қожалықтарына апарып, өндіріс пен шаруашылықтың тыныс-тіршілігін көрсеткен. Әр жұмыстың кезеңдерін, бір істің нәтижеге жетуі үшін қаншама адамның еңбегі қажет екенін түсіндірген.
Мұндағы мақсаты — дастарқандағы нанның қандай еңбекпен келетінін баласына ұғындыру. Күнделікті пайдаланып жүрген игіліктің бәрінің артында біреудің маңдай тері, уақыты, қажыр-қайраты жатқанын сезіндіру.
Ол ұлына еңбек адамдарының қиындықтарды қалай еңсеретінін, жауапкершілік танытып, дер кезінде шешім қабылдауының маңызын да түсіндірген. Ел экономикасының дамуына осындай қарапайым азаматтардың күнделікті еңбегі үлес қосатынын көрсеткен. Әкесінің пайымынша, баласының қатарластарынан ересектеу көрінуінің бір себебі де осында: ол айналасындағы өмірге зер салып, әр нәрсенің мәнін түсінуге ұмтылып өсіп келеді.
Қарапайым еңбек адамының тәрбиеге осыншалықты байыппен қарауы көпшіліктің ризашылығын тудырды. Әкесі мен баласы қойылған сұрақтарға бірге жауап беріп отырды. Олардың арасындағы өзара сенім мен сыйластық сөздерінен де, қарым-қатынасынан да байқалды.
Осы көрініс мені әкенің отбасындағы міндеті туралы тағы бір ойландырды. Баланы киіндіріп, тамақтандырып, керек-жарағын түгендеумен әкелік парыз түгел өтелмейді. Оның жан дүниесін түсіну, қабілетін байқау, қателескенде жөн көрсету, жетістікке жеткенде қуанышын бөлісу де қажет.
Кейіпкеріміз баласының бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлген. Бұл ұстаным «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жанынан құрылған «Әкелер кеңесінің» бастамасындағы «Үлгілі әке» байқауының бағыттарымен де үндеседі. Олар әкенің бала алдындағы жауапкершілігін төрт қырынан қарастырады.
Біріншісі — материалдық қамқорлық. Баланың дұрыс тамақтануына, лайықты киінуіне, оқуына қажетті заттарының болуына жағдай жасап, мектепке қатынауына көмектесу.
Екіншісі — денсаулығына көңіл бөлу. Маусымға сай киіндіру, аурудың алдын алу жолдарын түсіндіру, дәрігерлермен байланыста болып, денсаулығын уақтылы тексертіп отыру.
Үшіншісі — сабақ үлгерімін назарда ұстау. Мұғалімдермен ақылдасып, баланың қай пәннен қиналатынын анықтау, қиындықты дер кезінде еңсеруіне қолдау көрсету.
Төртіншісі — бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Қызығушылығына қарай спорт секциялары мен өнер үйірмелеріне қатыстыру, мектептің қоғамдық жұмыстарына араласуына мүмкіндік беру. Мұндағы мақсат — баланың демалысын шектеу емес, уақытын пайдалы өткізуіне бағыт беру.
Осы төрт бағытқа әлгі әкенің өнегесін — баланы еңбек ортасымен таныстыруды қоссақ, тәрбиенің мазмұны тереңдей түсер еді. Өндіріс пен шаруашылықтағы тіршілікті көрген бала дайын игіліктің қадірін түсініп, өзгенің еңбегіне құрметпен қарауды үйренеді. Еңбекке құрмет осындай қарапайым танымнан басталады.
Сөз соңында айтарым, құрметті әкелер, ұл тәрбиесіне тікелей араласып, оған уақыт бөлейік. Баламыздың немен әуестенетінін, нені армандайтынын, қандай сауалға жауап іздеп жүргенін білуге ұмтылайық. Тәрбие ісін кейінге ысыратын немқұрайлылық пен еріншектікке бой алдырмайық. Заман өзгеріп, өмір талабы күшейген сайын әкенің ақылы мен қолдауы балаға бұрынғыдан да қажет.
Әкенің беделі күн сайынғы қамқорлықтан, сөзі мен ісінің бірлігінен, баласына арнаған уақытынан қалыптасады. Перзентінің жүрегіне жол тапқан қарапайым еңбек адамының өзі оның көзінде кемеңгерге айналады екен.
Балаңның «Менің әкем бәрін біледі!» деп мақтанышпен айтуынан асқан мәртебе бар ма?!

Мейірхан Балықбаев,
аудандық әкелер кеңесінің төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.