ЕҢБЕКПЕН ЕЛГЕ ҮЛГІ БОЛҒАН ЖАН
«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай кәсіподақтық науқаны аясындағы «Еңбек адамы» жобасының басты мақсаты – маңдай терімен елге қызмет етіп жүрген қарапайым еңбек адамдарының еңбегін дәріптеу, олардың кәсіби жолын көпшілікке үлгі ету. Еңбек – адамды шыңдайтын, өмірге жауапкершілікпен қарауға үйрететін үлкен мектеп. Күн сайын өз міндетін үнсіз әрі адал атқарып жүрген еңбек адамдарының қажырлы қызметі қоғамның тұрақты тіршілігіне өз үлесін қосады. Сондай жандардың бірі – Шу аудандық мәдениет үйінің күзетшісі Бихан Төлегенқызы.
1965 жылы дүниеге келген Бихан Төлегенқызы – «Күміс алқа» иегері, алты баланың ардақты анасы. Үш қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірген аяулы ана отбасындағы жауапкершілікті еңбек жолындағы міндетімен ұштастыра білді. Бихан Төлегенқызы 2011 жылдан бері Шу аудандық мәдениет үйінде күзетші болып қызмет атқарып келеді. Осы уақыт аралығында ол өзіне жүктелген міндетті адал атқарып, мәдениет ошағының қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты.
Күзетшілік – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, үлкен жауапкершілікті талап ететін қызмет. Мәдениет үйіне келушілерді бақылау және тіркеу, ғимараттың есік-терезелерін қадағалау, телефон қоңырауларына жауап беру, өткізу-бақылау тәртібін сақтау сияқты күнделікті міндеттер мұқияттылықты, қырағылықты және сабырлылықты қажет етеді. Бихан Төлегенқызы осы қасиеттерді өз бойынан танытып, әр міндетіне жауапкершілікпен қарап келеді. Оның еңбекке деген адалдығы мен ұқыптылығы әріптестері арасында сый-құрметке бөледі.
Еңбек адамының қадірі оның атқаратын қызметінің атағымен емес, сол жұмысты қаншалықты жауапкершілікпен орындауымен өлшенеді. Бихан Төлегенқызының күнделікті қызметі де мәдениет үйінің қалыпты жұмыс істеуіне қажетті маңызды міндеттердің бірі. Мекеме қызметкерлері мен келушілердің қауіпсіздігіне жауап беріп, ғимараттың тыныштығын қамтамасыз ету – үлкен сенім мен жауапкершілікті талап етеді. Он бес жылдан астам уақыт бойы бір мекемеде табанды қызмет атқару – еңбекке деген адалдықтың айқын көрінісі. Осы жылдар ішінде Бихан Төлегенқызы өз ісіне беріктігін, төзімділігі мен еңбекқорлығын танытып, ұжымның құрметіне ие болды.
Бихан Төлегенқызының өмір жолы – еңбек пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүрген жанның жарқын үлгісі. Алты бала тәрбиелеп, олардың болашағына бағыт берумен қатар, өзі де ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп келеді. Бүгінде зейнеткерлік жасқа толып, ұзақ жылғы еңбек жолын қорытындылап отырған Бихан Төлегенқызы үшін бұл – жаңа өмір кезеңінің бастауы. Ендігі жерде ол маңдай термен келген бейнеттің зейнетін көріп, балалары мен немерелерінің қуанышын тамашалайтын кезеңге қадам басуда.
«Еңбек адамы» жобасы – осындай қарапайым жандардың еңбегін қоғамға танытып, олардың өнегелі жолын кейінгі буынға жеткізудің маңызды мүмкіндігі. Себебі елдің дамуына үлкен үлес тек ауқымды істермен ғана емес, күн сайын өз жұмысын адал атқарып жүрген мыңдаған еңбек адамдарының табанды қызметімен де келеді. Бихан Төлегенқызының еңбек жолы – адалдықтың, жауапкершіліктің және қарапайым еңбектің қадірін көрсететін тағылымды жол. Еңбек адамына құрмет – еңбекке құрмет. Ал адал еңбекті бағалау – қоғамның ортақ парызы.
Ұзақ жылғы еңбегі үшін Бихан Төлегенқызына алғысымызды білдіре отырып, зейнеткерлік кезеңіне зор денсаулық, отбасына амандық, бала-шағасының қызығын көруді тілейміз!
Жамбыл облысының кәсіподақтар орталығы.