Ақпараттық портал

Қырық екі жылдық еңбекке құрмет

Шу аудандық сотының төрағасы Мар-Лен Мынжанұлы Тілеубеков Қазақстан Республикасы Президентінің №1511 Жарлығына сәйкес зейнеткерлік жасқа толуына байланысты сот төрағасы қызметінен отставкаға кетті.

Сот жүйесінде абыройлы еңбек етіп, төрт жыл бойы Шу аудандық сотына басшылық жасаған Мар-Лен Мынжанұлын әріптестері құрметпен шығарып салды. Салтанатты жиында мерейлі жасқа жеткен сот төрағасына ізгі тілектер айтылып, көпжылдық еңбегі мен азаматтық ұстанымы жоғары бағаланды.
Өз кезегінде Мар-Лен Мынжанұлы тізе қосып, бірге қызмет атқарған әріптестеріне алғысын білдіріп, сот ұжымына бірлік пен кәсіби біліктіліктің маңызын атап өтті. Ал аудандық сот ұжымы қазақы дәстүрмен құрмет көрсетіп, ақжолтай тілектерін арнады.
Мар-Лен Тілеубеков Шу аудандық сотының төрағасы қызметіне Қазақстан Республикасы Президентінің №956 Жарлығына сәйкес 2022 жылғы 11 шілдеде тағайындалған болатын. Осы уақыт аралығында ол сот төрелігінің сапасын арттыруға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған жұмыстарға басшылық жасады.
Мар-Лен Мынжанұлы 1966 жылғы 30 желтоқсанда бұрынғы Фрунзе қаласында дүниеге келген. 1991 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Сонымен қатар 2003 жылы Тараз мемлекеттік университетінің «Мұнай-газ шаруашылығы» факультетін бітірген.
Еңбек жолын 1984 жылы құрылыс саласындағы қарапайым жұмысшыдан бастаған ол кейін заң саласына бет бұрып, Торғай облысы Есіл аудандық прокуратурасына стажер болып қабылданды. Кәсіби білімі мен тәжірибесін шыңдай келе, аталған прокуратурада аға тергеуші, Жамбыл облыстық прокуратурасында аға тергеуші, аса маңызды істер жөніндегі тергеуші қызметтерін атқарды.
Құқық қорғау органдары мен прокуратура саласында мол тәжірибе жинақтаған Мар-Лен Мынжанұлы 2005 жылы Тараз қаласының №2 сотының судьясы болып тағайындалды. Ал 2014 жылдан бастап сегіз жыл бойы Тараз қалалық сотының судьясы қызметін абыроймен атқарды.
Осылайша, қырық екі жылға жуық еңбек жолында қарапайым жұмысшыдан бастап, прокуратура қызметкері, судья, аудандық сот төрағасы лауазымдарына дейін көтерілген Мар-Лен Мынжанұлы Тілеубеков құқық саласында өзін білікті маман, тәжірибелі заңгер және талапшыл басшы ретінде таныта білді.
Ол саналы ғұмырын заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сот төрелігінің әділ әрі сапалы жүзеге асуына арнады.
Еңбек жолының жаңа белесіне қадам басқан Мар-Лен Мынжанұлына аудандық сот ұжымы зор денсаулық, отбасына амандық, ұзақ ғұмыр және еңбегінің жемісін көріп, бейнетінің зейнетін көруді тіледі.
Сот саласында қалдырған қолтаңбасы мен әріптестері арасында қалыптастырған абыройы оның есімін ел жадында сақтайтыны сөзсіз.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.