Ақпараттық портал

Білімді ұлт – озық ойлы ұлт

Кітап – адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған білімін, рухани байлығы мен өмірлік тәжірибесін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін асыл қазына. Кітап оқу адамның ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын қалыптастырады, сөздік қорын байытып, есте сақтау және ойлау қабілетін дамытады. Сондықтан кітап оқу – жеке тұлғаның ғана емес, тұтас ұлттың болашағына әсер ететін маңызды құндылық.
Кітап оқитын бала ізденуге, қажетті ақпаратты табуға, оқығанын саралап, ойын еркін жеткізуге үйренеді. Әсіресе мектеп жасындағы балалардың кітаппен достасуы олардың білім алуына және адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына ықпал етеді. Елдің ертеңі білімді, саналы, ойы сергек жастардың қолында. Ал білім мен парасаттың қайнар көзі – кітап.
Мектеп кітапханасы – оқушы мен кітапты байланыстыратын рухани орталық. Кітапханашының міндеті – оқушыны кітап оқуға қызықтыру, жақсы шығарманы таңдауға бағыт беру, оқығанын талдап, өмірмен байланыстыруға жетелеу. «20 минут кітап оқу», «12 ай – 12 кітап», «Үздік оқырман», «Кітап оқитын мектеп», «Оқыған кітабым – ойға түйгенім» сияқты жобалар балалардың кітапқа қызығушылығын арттырып, пікір алмасуына және өз көзқарасын еркін жеткізуіне мүмкіндік береді.
Кітап оқитын отбасы – тәрбиелі ұрпақтың негізі. Ата-ананың кітап оқуда үлгі көрсетуі, баласымен бірге оқып, шығарма туралы пікірлесуі отбасы мүшелерін жақындастырады. Бала бойында кітапқа деген сүйіспеншілік те ең алдымен осындай ортада қалыптасады.
Қазіргі кезде телефон мен әлеуметтік желі көп уақытымызды алады. Соған қарамастан, күн сайын кітап оқуға 15–20 минут бөлудің өзі пайдалы әдет қалыптастыруға көмектеседі. Баланың кітапханаға барып, өзіне ұнаған шығарманы таңдап оқуы – оның рухани дамуына жасалған маңызды қадам.
Ұлы Абай «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп білім іздеуге үндеген. Кітап оқыған адам өзгенің тәжірибесінен сабақ алып, жақсы мен жаманды ажыратуға, өмірге өзіндік көзқараспен қарауға үйренеді.
Қорыта айтқанда, кітап оқу – ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыратын рухани күш. Кітаппен дос болған ұрпақ білімге ұмтылады, ойланады, жаңалыққа талпынады. Сондықтан отбасында, мектепте және кітапханада кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет.
Бақыт Исатаева,
А.С.Макаренко атындағы орта мектептің кітапханашысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.