Маңызы жоғалмаған мамандық
Жұртшылыққа бесенеден белгілі, 9 қазан – Дүниежүзілік пошта күні. Бұл дата 1874 жылы Дүниежүзілік пошта одағының құрылған күніне орай белгіленген. Уақыт өткен сайын пошта жұмысының түрі өзгергенімен, оның елді мекендерді, адамдарды бір-бірімен байланыстыратын қызметі сақталып келеді. «Айшылық алыс жерлерден, көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызды» деп Ыбырай Алтынсарин «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңінде заманының жаңалығына сүйсінген еді. Бүгінде кез келген хабар көзді ашып-жұмғанша жетеді. Бірақ алыстағы адамның хатын, жазылған газет-журналын немесе интернеттен тапсырыс берген затын қолына табыстау үшін әлі де пошта қызметкерінің еңбегі қажет. Аға буын өкілдері хат тасушының жолын тосқан күндерді жақсы біледі. Алыстағы жақынынан келген бір ауыз хабар немесе сүйікті басылымның жаңа саны олар үшін үлкен қуаныш болатын. Қазір пошташының сөмкесіне хат пен газетке қоса сәлемдемелер де жиі түседі. Әсіресе, интернет арқылы тапсырыс беру көбейген сайын қабылдау, сұрыптау және жеткізу жұмысы да арта түскен.
Шу ауданында да пошта қызметі бірнеше бағытты қамтиды. Тұрғындар бөлімшелер арқылы ақша аударымдарын алып, еңбекақы, зейнетақы мен жәрдемақыға қатысты қызметтерді пайдаланады. Төлем карталары мен банкоматтар күнделікті жұмысты жеңілдеткен. Сонымен бірге басылымдарға жазылу, депозит, серіктес ұйымдардың қаржылық өнімдері мен жол жүру билеттеріне қатысты қызметтер де пошта жұмысының аясын кеңейткен. Аудандық пошта байланыс торабының басшысы Анархан Тайбағарқызы Срайлованың айтуынша, саладағы өзгеріске ілесу – бүгінгі жұмыстың басты талабы. Соның бір мысалы – төлем жасауға және әлеуметтік төлемдерді алуға арналған карталық қызметтер. Алайда технология қанша дамыса да, тұрғын үшін қызметтің ыңғайлы әрі түсінікті болуы пошта маманының біліктілігіне байланысты.
Пошта торабының күнделікті тіршілігі таңнан басталады. Бір жақта газет-журналдар бағыттары бойынша әзірленсе, екінші жақта хаттар мен сәлемдемелер қабылданып, сұрыпталады. Осы тұста кейінгі жылдары Пошта логистикасының маңызы ел көлемінде де артып отырғанын атап өтпеске болмайды. Биыл қыркүйектегі Жолдауында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазпошта» мен YTO Express бірлескен кәсіпорнының автоматтандырылған логистика жұмысын оң бағалады. Бұл – интернет сауда өскен сайын жеткізу ісіне қойылатын талаптың да күшейгенін көрсетеді. Анархан Тайбағарқызының айтуынша, соңғы кезде «Temu» және өзге де интернет сауда алаңдары мен жеткізу арналары арқылы келетін тапсырыстар едәуір көбейген. Әр сәлемдеменің иесіне дұрыс әрі уақытылы жетуі үшін оператор, сұрыптаушы, жүргізуші және хат тасушы бір тізбектің бойында жұмыс істейді. Осы еңбектің нәтижесін тұрғын сәлемдемесін қолына алған сәтте көреді.
Аудандық пошта байланыс торабындағы жұмыстың басы-қасында жүрген мамандардың есімін кәсіби мереке қарсаңында атап өткен орынды. Атап айтқанда, аудандық пошта байланыс торабы бастығының орынбасары И.А.Салих, бас маман, бас есепші М.О.Отыншиева, бас кассир Б.А.Турпанбаева, бас мамандар А.Мустафаева, Қ.Қожамұратова, Ж.Бегалиева, ООУ басшысы Г.Қуанбаева, операторлар А.Бейсенбайқызы, А.Мырзабаева, инкассатор-жүргізушілер Қ.Байжарасов, А.Мұратбек, сұрыптаушылар Н.Еркімбекова, А.Базарбаева, Г.Шымболатова, хат тасушылар Г.Әли, А.Ахметова, Н.Әлшиева, З.Ержанова, Б.Ержанов, Н.Сармурзаева өз міндетін жауапкершілікпен атқарып келеді.
Ауылдық пошта бөлімшелерін басқарып жүрген Б.Азбергенова, М.Уәлиева, Б.Исмаилова, Г.Шакирова, Б.Омарова, А.Джумагулова, К.Сураншиева, А.Абишова, Б.Құрманалиева, С.Жексеналиева, Г.Даниярова мен Р.Абдрашованың еңбегі де құрметке лайық. Ауылдағы бөлімше – тұрғындар күнделікті жүгінетін қызмет орны. Сондықтан оның жұмысы маманның ұқыптылығы мен елге деген ықыласынан көрінеді. Сондай-ақ, Шу-27 пошта байланысы бөлімшесінің меңгерушісі Қ.Дәділ мен операторы Анжела Бердникова, Шу-29 бөлімшесінің меңгерушісі Л.Егарева мен операторлары Татьяна Спиридонова, Светлана Погоняева да қала тұрғындарына қызмет көрсетіп жүр. Оператор Л.Хорьякова және қалалық хат тасушылар С.Нұртаев, А.Қапанов, Г.Әлтаева, Б.Бектемесова, Р.Алшимбаева, А.Шымбулатова, Г.Тростьянская, А.Самбаева, Д.Тулебаева, Л.Румасова, Г.Юст, В.Маркович, Л.Корягина, Р.Усенова, А.Ұзақбаеваның күнделікті еңбегі де пошта қызметінің үздіксіз жүруіне үлес қосады.
Хат тосқан дәуір мен бүгінгі интернет сауда кезеңінің арасында талай өзгеріс бар. Ал сол өзгерістердің бәрін адамдарға жақындататын қызметтің бірі – пошта. Сондықтан пошта қызметкерінің жұмысы ұқыптылықты, жылдамдықты және әр адамға ықыласпен қарауды талап етеді. Аудан мен ауыл арасындағы байланысты күн сайын берік етіп жүрген Шу ауданының пошта мамандарына алғысымызды білдіреміз. Дүниежүзілік пошта күні құтты болсын! Еңбектеріңіз ел игілігіне жарап, әр күніңіз жақсы хабарға толсын!
Айғаным АСҚАРБЕК,
«Шу өңірі».