Жаңа міндеттер – жаңа мүмкіндіктер
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазанда Қазақстан халқына арнаған Жолдауы еліміздің дамуындағы жаңа кезеңнің міндеттерін айқындап берді. «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» деп аталған маңызды құжатта мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін арттыруға, өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және заманауи технологияларды игеруге қатысты ауқымды мәселелер қозғалды. Менің назарымды аударған бағыттардың бірі – Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін толық пайдалану мәселесі. Географиялық орналасуы жағынан Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды кеңістікте тұрған еліміз үшін бұл сала стратегиялық мәнге ие. Президент атап өткендей, Қазақстан халықаралық жүк тасымалының толыққанды ұйымдастырушысына айналуы қажет. Ол үшін теміржол желілерін жетілдіру, автомобиль жолдарының сапасын арттыру, шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс. Сапалы жол мен дамыған логистика сауда айналымының артуына, жаңа кәсіпорындардың ашылуына және өңірлер арасындағы байланыстың нығаюына жол ашады. Сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесінің көтерілуі де өте орынды. Қазіргі таңда су экономиканың тұрақты дамуына тікелей әсер ететін стратегиялық ресурс. Әсіресе ауыл шаруашылығы үшін судың маңызы ерекше. Сондықтан су қорын есепке алу, ысырапты азайту, су үнемдеу технологияларын енгізу баршамыздың ортақ міндетімізге айналуы керек. Табиғи байлықты бүгінгі қажеттілікпен ғана өлшемей, келешек ұрпақтың еншісіне де жауапкершілікпен қарауымыз қажет.
Жолдаудағы цифрлық экономиканы қалыптастыру бастамасы да жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Президенттің халықтың тұрғылықты жеріне қарамастан цифрлық кеңістікте жұмыс істеп, табыс табуына жағдай жасау туралы тапсырмасы ерекше маңызды. Кәсіпкерлікті қолдау мәселесіне де ерекше тоқталғым келеді. Шағын және орта бизнес – жергілікті жерлердегі экономикалық белсенділіктің негізгі тіректерінің бірі. Кәсіп ашқан азамат өзгелерге де жұмыс орнын ұсынады. Сондықтан кәсіпкерлерге қолдау көрсетумен қатар, олардың өнім өндіруіне, оны нарыққа шығаруына және тұтынушыға жеткізуіне мүмкіндік беретін тетіктерді жетілдіру маңызды. Жолдаудағы тағы бір маңызды ой, елдің ұзақ мерзімді даму бағытын нақтылау. Қоғам мен экономика үздіксіз өзгеріп жатқан заманда бүгінгі шешімдер ертеңгі күннің талаптарына сай болуы қажет. Сондықтан стратегиялық жоспарларды қайта зерделеп, нақты мақсаттар мен нәтижелерді айқындау – уақыт талабы. Мұнда әрбір саланың мүмкіндігі ескеріліп, қабылданған шешімдердің орындалуы жүйелі бақылауда болғаны жөн. Қандай да бір реформаның өміршеңдігі оның іс жүзінде жүзеге асуымен бағаланады. Жолдауда айтылған міндеттер орталық деңгейде ғана қалып қоймай, әрбір облыс, аудан, ауылдың дамуынан көрініс табуы тиіс. Әр өңір өзінің ерекшелігіне қарай мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, ортақ мемлекеттік мақсаттарға үлес қосқаны маңызды.
Жеңіс НҰРҒАЛИЕВ,
аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің
басшысы.