Ел дамуының басты бағдары – нақты нәтиже мен халықтың әл-ауқаты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы еліміздің алдағы даму бағыттарын айқындайтын маңызды құжат деп есептеймін. Биыл Тәуелсіздігімізге 35 жыл толып отырған тұста жарияланған бұл Жолдауда мемлекетіміздің болашақтағы экономикалық, әлеуметтік және технологиялық даму міндеттеріне айрықша назар аударылды.
Меніңше, Жолдаудың негізгі өзегі – елдің экономикалық қуатын арттырумен қатар, қарапайым азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, өңірлердің әлеуетін көтеру және заман талабына сай жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру. Өйткені мемлекеттің басты өлшемі – халықтың тұрмыс деңгейі, сапалы білім мен медициналық қызметке қолжетімділік, тұрақты жұмыс орындары және әр азаматтың болашағына деген сенімі.
Жолдауда инфрақұрылымды дамыту мәселесіне ерекше басымдық берілуі өте маңызды. Президент ұсынған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік нысандарды, жолдарды, инженерлік желілерді, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту көзделіп отыр. Сонымен қатар 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау ұсынылды. Бұл бастамалардың ауылдық жерлер үшін де маңызы зор. Себебі ауылдың өркендеуі ең алдымен сапалы жолға, таза ауыз суға, газға, заманауи мектеп пен медициналық нысандарға байланысты.
Ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік мүмкіндіктер алшақтығын азайту – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі. Ауыл баласы да қаладағы қатарластарымен бірдей сапалы білім алып, спортпен шұғылданып, мәдени ортада дамуға мүмкіндік алуы керек. Сондықтан инфрақұрылымдық жобалардың шалғай елді мекендерге дейін жетуі және бөлінген қаржының нақты нәтижеге бағытталуы ерекше бақылауда болғаны жөн.
Жолдауда экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті қолдау, өндірісті дамыту мәселелерінің көтерілуі де көңіл аударуға тұрарлық. Экономиканың тұрақтылығы тек шикізатқа тәуелді болмауы керек. Өз өнімімізді өндіру, отандық кәсіпорындардың мүмкіндігін кеңейту, жаңа технологияларды енгізу және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау – ұзақ мерзімді дамудың маңызды шарттары. Әсіресе ауылдық жерлерде кәсіп ашуға ниетті азаматтарға қаржылық және ұйымдастырушылық қолдау көрсету жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Жолдаудағы тағы бір маңызды бағыт – цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану. Қазіргі әлем технологиялық өзгерістердің жаңа кезеңіне қадам басты. Жасанды интеллект білім беру, медицина, өндіріс, мемлекеттік басқару және күнделікті тұрмыс салаларына белсенді еніп келеді. Сондықтан бұл өзгерістерден тыс қалмай, жаңа технологияларды меңгеру – уақыт талабы. Әсіресе білім беру саласында цифрлық сауаттылықты арттыру, жас ұрпақтың технологиялық қабілетін дамыту маңызды. Әлеуметтік саясатқа қатысты айтылған бастамалар да халықтың күнделікті өмірімен тікелей байланысты. Атап айтқанда, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру тапсырмасы табысы төмен азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитариялық көмек мамандарының еңбекақысын арттыру мәселесі де маңызды.
Жолдауда заң мен тәртіп қағидатын орнықтыру, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау мәселелерінің қамтылуы да қоғам үшін өзекті. Кез келген бастаманың нәтижелі болуы оның сапалы орындалуына байланысты. Жоспарланған жобалар қағаз жүзінде қалып қоймай, халық күнделікті сезінетін нақты өзгерістерге ұласуы қажет. Әрбір бөлінген қаражаттың қайтарымы, әрбір мемлекеттік бағдарламаның тиімділігі ашық әрі әділ бағаланғаны жөн.
Жалпы, бұл Жолдауда көтерілген мәселелердің барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Экономика дамымай, әлеуметтік жағдайды жақсарту қиын. Білім мен ғылым өркендемей, технологиялық жаңғыруға қол жеткізу мүмкін емес. Ал заң үстемдігі мен қоғамдық жауапкершілік қалыптаспай, қолға алынған реформалардың нәтижелі жүзеге асуы да оңай болмайды. Қазіргі кезеңдегі ең басты міндет – айтылған мақсаттарды нақты іске айналдыру. Әрбір бастама өңірлердің, ауылдардың, әлеуметтік саланың және қарапайым тұрғындардың өмірінен көрініс табуы тиіс. Халықты толғандырған мәселелерге уақытылы шешім табылып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы жүйелі бақылауда болғаны маңызды.
Отыз бес жылдық тәуелсіздік тарихында Қазақстан талай белесті еңсерді. Ендігі міндет – қол жеткізген жетістіктерді сақтай отырып, жаңа тарихи кезеңнің талаптарына бейімделу, елдің экономикалық қуатын нығайту және келер ұрпаққа мүмкіндігі мол, өркендеген мемлекет қалдыру. Бұл жолда мемлекет пен қоғамның, билік пен халықтың өзара сенімі мен ортақ жауапкершілігі ерекше маңызға ие.
Найман СҰЛТАНБАЕВ,
аудан әкімінің орынбасары.