Төрт түлікке қорған болған Талғат
Ауыл тіршілігін мал шаруашылығынсыз елестету қиын. Төрт түлігін түлетіп, несібесін жер мен малдан айырған ауыл халқы үшін малдың амандығы отбасының берекесі, еңбектің жемісі. Ал сол малдың саулығына жауап беріп, қажет кезінде көмекке келетін маманның еңбегі қашанда маңызды. Төле би ауылында осы жауапты міндетті төрт жылдан бері атқарып жүрген Талғат Мұратұлы Майшекеев есімді жас ветеринар маманның күнделікті қызметі де осындай үлкен жауапкершілікке негізделген.
Ветеринарияны таңдауға кейіпкеріміздің бала кезден жануарларға деген ерекше ықыласы себеп болған екен. Кішкентайынан олардың мінез-құлқын бақылап, қамқорлық жасауды ұнатқан ол уақыт өте келе осы қызығушылығын өмірлік мамандығына айналдырған. Бүгінде сол бала арман оны Төле би ауылының мал дәрігері атандырып, ауыл шаруашылығының маңызды саласына өз үлесін қосуға мүмкіндік беріп отыр.
«Мен үшін бұл сала үлкен жауапкершілік пен мейірімділікті талап ететін қызмет. Жануарларға көмектесу, олардың денсаулығын қорғау және ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосу – осы саланы таңдауымның басты себебі», – дейді жас маман. Әрине, ветеринардың жұмысы оңай жұмыс емес. Оның бір күні сан түрлі міндетке толы. Жануарлардың денсаулығын тексеру, ауруларды анықтау, емдеу, профилактикалық вакцинация жүргізу, індеттердің алдын алу, мал иелеріне түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру, барлығы күнделікті қызметтің ажырамас бөлігі. Мұның барлығы терең білімді, тәжірибені, шыдамдылықты және шұғыл шешім қабылдай білуді қажет етеді.
«Кейде жануардың жағдайы ауыр болып, жедел көмек көрсетуге тура келеді. Мұндай кезде әр минуттың маңызы зор. Дұрыс диагноз қойып, уақытылы ем жүргізу арқылы жануардың жағдайын жақсартып ем нәтижесін көріп, мал иесінің алғысын естігенде еңбегіңнің маңызын сезінесің», – дейді кейіпкеріміз. Шынында да, ауыл мал дәрігерінің еңбегі көбіне көзге көріне бермейді. Алайда, малдың саулығы, шаруаның алаңсыз тіршілігі, қорадағы төрт түліктің амандығы осы маманның білімі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Маман мал иелеріне де жауапкершілікпен қарауды ескертеді. Оның айтуынша, аурудың алдын алу оны емдеуден әлдеқайда тиімді. Ол үшін жануарларға уақытылы вакцина салдырып, ветеринариялық тексеруден өткізу, қора-жайды таза ұстау, сапалы азық пен жеткілікті су беру қажет. Ал ауру белгілері байқалған жағдайда өз бетінше ем қолданбай, бірден ветеринар маманға жүгінген дұрыс.
Бүгінде ветеринария саласы да жаңа технологиялармен толығып, даму үстінде. Заманауи диагностикалық құралдар, зертханалық зерттеулер мен тиімді препараттар ауруларды ерте анықтап, емдеу сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жас маман да кәсіби білімін жетілдіріп, жаңашыл әдістерді меңгерудің маңызын жақсы түсінеді. Жас маманның ауылдағы еңбек жолында мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың да орны ерекше. Әсіресе, ауылдық жерлерге білікті кадр тартуды көздейтін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы оның әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізген. «Осы бағдарлама аясында баспана алу мүмкіндігіне ие болдым. Үй сатып алып, тұрақты өмір сүруге жағдай жасадым. Осындай мүмкіндіктер жастардың ауылда тұрақтап, еңбек етуіне ынталандырады деп ойлаймын», – дейді Талғат Мұратұлы.
Иә, мақаламыздың басында айтып өткеніміздей, кейіпкеріміз таңдаған ісіне кездейсоқ келмеген. Бала күнгі қызығушылығын кәсіби жауапкершілікке айналдырып, ауылдағы ағайынның сенімін ақтауды мақсат еткен. Туған жердің түтінін түтетіп, ауылдың игілігі үшін еңбек етіп жүрген осындай жас мамандар барда ауылдың да еңсесі биік, тіршілігі берекелі болмақ.
Балнұр Жексенбекқызы.