Ақпараттық портал

Алты шаңыраққа шуақ сыйлаған әулет

Адамның абыройы байлығымен емес, айналасына жасаған жақсылығымен өлшенеді. Біреудің көңіліне қуаныш ұялату, мұқтаж жанға қол ұшын созу, елдің алғысына бөлену -адамдықтың асыл қасиеті. Осындай ізгі ұстанымды өмірінің өзегіне айналдырған әулеттердің бірі — Балуан Шолақ ауылындағы Мадалиевтер отбасы. Қазақ «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп бекер айтпаған. Өйткені өнегелі істі дәріптеу жақсылықтың қадірін арттырып қана қоймай, кейінгі буынға бағыт-бағдар береді.

Осы мақсатта жуырда Оқушылар сарайының ұйымдастырумен «Отбасылық дәстүрлер: өткені мен бүгіні» тақырыбында аудандық деңгейде тағылымды дөңгелек үстел өтті. Кездесудің қадірлі қонағы ретінде Шу ауданының Құрметті азаматы, Мадалиевтер отбасының анасы Шымшық әжей қызымен бірге келді.
Жалпы Мадалиевтер әулеті отбасы бірлігі мен ұлттық тәрбиені ту еткен, ел құрметіне бөленген шаңырақ. «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, республикалық деңгейге дейін жетуі де осы берекелі тірліктің, өзара сыйластық пен ортақ еңбектің нәтижесі. Балалары кәсіпкерлікпен айналысып, еңбектің қадірін танытып келеді. Ал әулеттің ел жадында ерекше сақталатын өнегесі қайырымдылыққа негізделген ісі. Ауылдағы алты отбасына баспана сыйлау ізгі ниеттің сөз жүзінде қалмай, нақты іске айналғанының айқын дәлелі. Мұндай жақсылықтың бағасын сөзбен өлшеу қиын. Оның қадірі жаңа үйдің төрінде шаттана күлген балалардың жүзінде, баспаналы болған ата-ананың ризашылығында, ауылдастардың ақ тілегінде. Нағыз байлықтың мәні де осында, қолдағы барды өзгемен бөлісіп, өзгенің қуанышына себепкер болу. Мадалиевтер отбасының бұл ісі жомарттықтың жарқын үлгісі, қоғамдағы өзара жанашырлық пен жауапкершіліктің де көрінісі.
Дөңгелек үстел барысында Шымшық әжеймен әсерлі әңгіме өрбіді. Өмірдің талай белесінен өткен ананың әрбір сөзі оқушылар үшін тағылымды сабаққа айналды. Әжей отбасының берекесі, бала тәрбиесі, ата-анаға құрмет, үлкенге ізет, адал еңбек пен адамгершілік жайында ой бөлісті. Оқушылар да көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, өмірлік тәжірибесі мол кейуананың ақыл-кеңесі мен өсиетін ықыласпен тыңдады. Әңгіме барысында әр буынға ортақ құндылықтар сөз болып, жас ұрпақ үлкеннің сөзінен өмірлік бағдар алды.
Кездесу барысында отбасы құндылықтары, ұлттық дәстүрлер, ұрпақтар сабақтастығы және қайырымдылықтың қоғамдағы орны кеңінен талқыланды. Шараның көркін өнерлі оқушылар да аша түсті. Сатыбалды Диана Мұқағали Мақатаевтың «Асығу керек» өлеңін оқып, жиналғандарға поэзияның терең ойын жеткізсе, домбырадан күй төгіліп, «Жас ақын» үйірмесінің жетекшісі Медетқұл Әділет мерейлі отбасына арнауын тарту етті. Шара соңында Мадалиевтер отбасына Алғыс хат табысталып, Шымшық әжейге қазақы дәстүрмен шапан жабылып, орамал тарту етілді.

Балнұр Жексенбекқызы.

Жауап қалдыру

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.