Ақпараттық портал

Ауыл шаруашылығы — ел экономикасының тірегі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше басымдық берілуі – уақыт талабынан туындаған маңызды міндет. Өйткені ауыл шаруашылығы – ел экономикасының стратегиялық саласы, азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Президент атап өткендей, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық пайдаланып, оның дамуына барлық күш-жігерді жұмылдыру қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар ауыл еңбеккерлерінің жауапкершілігін арттырып қана қоймай, ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына да тың серпін береді.
Бүгінде шаруалар үшін ең өзекті мәселелердің бірі – қаржыландырудың қолжетімділігі. Мемлекет басшысы фермерлерге қысқа мерзімді қолдаумен шектелмей, алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін инвестициялық қаржыландыру жүйесін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін арттыру міндеті де орынды көтерілді. Заманауи техника мен жаңа технология еңбек өнімділігін арттырып, өндіріс шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды бағыт – су ресурстарын тиімді пайдалану және суармалы егіншілікті дамыту. Қазіргі кезеңде су тапшылығы ауыл шаруашылығы үшін үлкен сын-қатерге айналып отыр. Сондықтан тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын кеңінен енгізу, су шығынын азайту, цифрлық бақылау жүйелерін пайдалану – кезек күттірмейтін мәселе. Әсіресе, егіншілікпен айналысатын өңірлер үшін бұл бағыттың маңызы зор. Жер мен суды ұқыпты пайдалану арқылы ғана тұрақты өнім алуға және ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыруға болады.
Президент көтерген тағы бір өзекті мәселе – өндірілген өнімді терең өңдеу, сақтау және өткізу жүйесін жетілдіру. Шикізат күйінде өнім сатумен шектелмей, оны дайын тауарға айналдыру отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бұл ретте ет және сүт кластерлерін дамыту, агрологистикалық орталықтардың мүмкіндігін кеңейту, шағын шаруа қожалықтарының да өнімін тиімді өткізуіне жағдай жасау маңызды. Ауыл шаруашылығына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу де өндіріс тиімділігін жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.
Меніңше, Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру ауыл шаруашылығын жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Ең бастысы, мемлекеттік қолдау нақты нәтижеге бағытталып, шаруалардың еңбегі мен бастамасына жол ашылуы керек. Өйткені ауылдың өркендеуі – елдің өркендеуі. Ауыл еңбеккерлерінің табысты жұмысы, жердің тиімді игерілуі және отандық өнімнің көбеюі еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды фактор болып қала береді.

Қайсар ҚҰТЫБЕКОВ,
аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.

Жауап қалдыру

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.