Ақпараттық портал

«Әскер — жігіттің жігерін шыңдайтын өмір мектебі»

Отанды қорғау – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан қасиетті ұғым. Ел тарихына көз жүгіртсек, туған жердің тыныштығы мен мемлекеттің тұтастығы жолында жанын аямаған ерлердің ерлігі ешқашан ұмытылған емес. Бүгінгі бейбіт заманның өзінде Отан алдындағы жауапкершіліктің салмағы кеміген жоқ. Керісінше, тәуелсіз елдің қорғанысын нығайту, жас ұрпақтың бойына патриоттық рух сіңіру, әскери қызметтің беделін арттыру – уақыт талабынан туындаған маңызды міндеттердің бірі. Әскер – жігіттің жігерін шыңдап, мінезін қалыптастыратын, төзімділік пен табандылыққа тәрбиелейтін, өзгенің алдындағы ғана емес, ел алдындағы жауапкершілігін сезіндіретін үлкен өмір мектебі. Әскери сапқа тұрған әрбір жас азамат туған елінің тыныштығын күзету қандай құрмет әрі қандай жауапкершілік екенін терең түсінеді. Сондықтан әскери қызметті азаматтық парыздың биік өлшемі деп бағалауға толық негіз бар. Бүгінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері заман талабына сай дамып, әскери қызметтің мүмкіндіктері де кеңейіп келеді. Мерзімді әскери қызметті өткерген жастарға жоғары білім алуға арналған жеңілдіктер ұсынылып, әскери салада кәсіби тұрғыда өсуге жол ашылуда. Сонымен қатар келісімшарт бойынша қызмет ету, әскери оқу орындарында білім алу, запастағы офицерлерді қызметке тарту бағыттарында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Осы орайда әскерге шақыру науқанының ұйымдастырылуы, әскери есепке алу, жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу, әскери мамандықтардың мүмкіндіктері мен мерзімді қызметтен кейінгі әлеуметтік қолдау мәселелері жөнінде Шу аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Абиев Жандос Серікұлымен кеңінен әңгімелескен едік.

-Жандос Серікұлы, әңгімемізді әскери қызметтің мән-маңызынан бастасақ. Қазіргі қоғамда жастардың әскерге деген көзқарасы әртүрлі. Бірі оны азаматтық борыш деп қабылдаса, енді бірі міндетті қызмет ретінде ғана қарайды. Сіздіңше, әскери қызметтің жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны қандай?
-Әскери қызметтің мәнін заңмен белгіленген міндет аясында қарастыру жеткіліксіз деп ойлаймын. Ол ең алдымен, азаматтың өз еліне, туған жеріне деген адалдығын іс жүзінде көрсетуінің бір жолы. Қазақстан Республикасының әрбір азаматы елінің қауіпсіздігі мен қорғанысын қамтамасыз етуге өз деңгейінде жауапты. Әскерге барған жас жігіттің өмірінде үлкен өзгеріс болады. Күнделікті қалыптасқан тұрмысынан бөлек ортаға түсіп, әскери тәртіпке бағынады, белгіленген күн тәртібімен өмір сүруге дағдыланады. Берілген тапсырманы уақытында әрі жауапкершілікпен орындау, қиындыққа төтеп беру, сабыр сақтау, ұжыммен бірлесе әрекет ету сияқты қасиеттері қалыптасады. Мұның барлығы адамның мінезін шыңдап, өмірге деген көзқарасын өзгертеді. Әсіресе қазіргі заманда жас адамның бойында жауапкершілік, тәртіп, төзімділік, отансүйгіштік секілді қасиеттердің болуы өте маңызды. Әскери қызмет осы қасиеттерді іс жүзінде қалыптастыруға ықпал етеді. Әскерде әртүрлі өңірден келген азаматтар бір сапта тұрып, ортақ міндет атқарады. Бір-біріне қолдау көрсетуді, жолдастықты, ұжым алдындағы жауапкершілікті үйренеді.
Әскери қызмет азаматтың өзін сынап, мүмкіндігін танып, өмірлік тәжірибе жинақтайтын маңызды кезеңі. Ең бастысы, әрбір жас азамат Отан қорғаудың құрметті міндет екенін жүрегімен сезінуі керек.
-Қазір елімізде 2026 жылдың күзгі әскерге шақыру науқаны жүргізілуде. Біздің ауданда бұл жұмыс қалай ұйымдастырылып жатыр? Жалпы шақыру науқанының құқықтық негізі мен негізгі кезеңдеріне тоқталып өтсеңіз.
-Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары негізінде жылына екі рет жүргізіледі. Науқан Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды қажетті жеке құраммен жасақтауға бағытталған мемлекеттік маңызы бар іс-шаралар кешені. 2026 жылғы шақыру науқаны Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 16 наурыздағы №1202 Жарлығына және Шу ауданы әкімдігінің 2026 жылғы 16 наурыздағы №102 қаулысына сәйкес ұйымдастырылуда. Аталған құжаттарда азаматтарды 2026 жылдың наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айларында мерзімді әскери қызметке шақыру мәселелері қамтылған. Осыған сәйкес, Шу ауданы аумағында ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап күзгі шақыру жұмыстары жүргізілуде. Мерзімді әскери қызметке шақырылуға тиісті азаматтар санатына 18 бен 27 жас аралығындағы, әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға немесе шақырудан босатылуға заңды құқығы жоқ ер азаматтар жатады. Сонымен қатар оқу орындарынан шығарылған, 27 жасқа толмаған және шақыру бойынша әскери қызметтің белгіленген мерзімін өтемеген азаматтар да заң талаптарына сәйкес шақырылуы мүмкін.
Шақыру жұмыстары бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен азаматтарға тиісті шақыртулар жолданады. Одан кейін олардың жеке құжаттары зерделеніп, медициналық тексеру жүргізіледі. Медициналық комиссияның қорытындысы негізінде әскери қызметке жарамды деп танылған азаматтар тиісті әскер түрлері бойынша командаларға тағайындалады. Бұл жұмыстарды жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырып, қамтамасыз етеді. Ал шақыру немесе кейінге қалдыру туралы шешімді аудан әкімінің қаулысымен құрылған шақыру комиссиясы қабылдайды. Комиссия құрамына тиісті сала өкілдері кіреді, оған аудан әкімінің орынбасары төрағалық етеді. Біздің басты мақсатымыз – шақыру науқанын заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру, әрбір азаматтың құқығын ескеру және әскери қызметке шақыру үдерісінің ашықтығы мен жүйелілігін қамтамасыз ету.
-Қазіргі цифрландыру кезеңінде мемлекеттік қызметтердің көпшілігі электронды форматқа көшіп жатыр. Әскерге шақыру жұмыстарында да осындай жаңашылдықтар бар ма? Әсіресе SMS арқылы келетін шақырту жөнінде тұрғындар нені білуі керек?
-Әрине, қазіргі уақытта цифрлық технологиялар мемлекеттік басқарудың барлық саласына еніп келеді. Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің жұмысында да ақпараттық жүйелердің мүмкіндіктері пайдаланылуда. Мұның негізгі мақсаты – азаматтармен байланысты жеңілдету, қажетті мәліметтерді жедел алу және әскери есепке алу жұмыстарын тиімді ұйымдастыру. Бүгінде әскерге шақырылушыларға шақырту қағаздары SMS хабарлама арқылы да жолданады. Бұл жерде азаматтардың назарын ерекше аударатын бір мәселе бар, SMS арқылы жіберілген шақырту қағазы азаматқа қолма-қол табысталған шақырту қағазымен бірдей заңды күшке ие. Сондықтан ұялы телефонына осындай хабарлама келген азамат оны жай ақпараттық хабарлама ретінде қабылдамай, заңда белгіленген тәртіппен әрекет етуі қажет. Кейде азаматтар электронды форматта келген хабарламаның жауапкершілігіне күмәнмен қарауы мүмкін. Алайда цифрлық жүйе арқылы жолдануы оның заңдық маңызын төмендетпейді. Әрбір шақырылушы өзінің әскери міндетіне жауапкершілікпен қарап, шақыртуда көрсетілген талаптарды орындауы керек. Сонымен бірге әскери есепке алу бағытында да цифрландыру мүмкіндіктері кеңінен қолданылуда. Шу ауданы аумағында тұратын жасы 17-ге толған ер азаматтар «SmartDataUkimet» ақпараттық-талдау жүйесі арқылы проактивті форматта әскери есепке тіркеледі. Яғни азаматқа қатысты қажетті құжаттық мәліметтерді аталған ақпараттық жүйеден алуға мүмкіндік бар. Бұл жұмыстардың барлығы әскери есепке алу үдерісін оңтайландыруға бағытталған. Дегенмен цифрлық жүйенің дамуы азаматтың өз міндетіне деген жауапкершілігін алмастырмайды. Әрбір жас жігіт әскери есепте тұрудың және шақыру талаптарын орындаудың маңызын түсінуі тиіс.
-Әскерге шақыру кезінде медициналық тексерудің маңызы ерекше екені белгілі. Жастардың әскери қызметке жарамдылығы қалай анықталады? Денсаулығына байланысты мәселесі бар азаматтарға қатысты шешім қандай тәртіппен қабылданады?
-Әскери қызметке шақыру барысында азаматтардың денсаулығын тексеру ең жауапты кезеңдердің бірі. Өйткені әскери қызметтің өзіндік ерекшелігі, физикалық жүктемесі мен психологиялық талаптары бар. Сондықтан әрбір азаматтың денсаулық жағдайы жан-жақты зерделенуі қажет. Осы мақсатта медициналық мекемелерден тәжірибелі маман-дәрігерлер іріктеліп, шақырылушыларды медициналық куәландыру жұмыстарына тартылады. Дәрігерлер азаматтардың денсаулық жағдайын тексеріп, медициналық көрсеткіштеріне сәйкес қорытынды жасайды. Осы қорытынды негізінде олардың әскери қызметке жарамдылық санаты айқындалады. Мұнда физикалық денсаулықтан бөлек, азаматтың жалпы жағдайы мен моральдық-психологиялық қасиеттері де назарға алынады. Сонымен қатар шақырылушының қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылған-тартылмағаны, психиатриялық және басқа да емдеу мекемелерінде диспансерлік есепте тұру-тұрмауы анықталады. Медициналық комиссия қорытындысы бойынша әскери қызметке жарамды деп танылған азаматтар білімін, денсаулық жағдайын және моральдық-психологиялық қасиеттерін ескере отырып, тиісті әскер түрлері бойынша алдын ала командаларға тағайындалады. Әскери қызметке шақыру немесе оны кейінге қалдыру мәселесі бір ғана адамның шешімімен анықталмайды. Бұл мәселені аудан әкімінің қаулысымен құрылған шақыру комиссиясы қарайды. Сондықтан әрбір азаматқа қатысты шешім заң талаптары мен тиісті медициналық қорытындылар негізінде қабылданады.
-Бүгінде жастар арасында оқу мен әскери міндетті қатар алып жүру мәселесіне қатысты сұрақтар көп. Колледжде немесе жоғары оқу орнында білім алып жүрген азамат әскери қызметті өз еркімен өтегісі келсе, оның оқуына қатысты қандай мүмкіндік қарастырылған?
-Шынында да, кейбір азаматтар колледжде немесе жоғары оқу орнының күндізгі бөлімінде білім алып жүргеніне қарамастан, әскери борышын өтеуді өздері қалайды. Мұндай азаматтардың ниетін де түсінуге болады. Себебі Отан алдындағы міндетін ертерек орындап, кейін білімін жалғастыруды жоспарлайтын жастар бар. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру құқығы бар азамат өз еркімен әскерге баруға ниет білдірген жағдайда, кейінге қалдыру туралы шешімнен бас тартатыны жөнінде нотариус арқылы расталған құжат ұсына алады. Осы құжат негізінде оны әскери қызметке шақыру мәселесі қарастырылады. Бұл ретте азаматтың білім алып жатқан оқу орнына тиісті анықтама беріледі. Соның негізінде оған әскери міндетін өтеп жүрген кезеңіне академиялық демалыс рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған. Яғни әскери қызметін аяқтағаннан кейін ол оқу орнына қайта оралып, білімін әрі қарай жалғастыра алады. Мұндай мүмкіндік жастарға өз болашағын жоспарлауға қолайлы жағдай жасайды. Өйткені әскери қызмет пен білім алу бір-біріне кедергі келтірмеуі керек. Азамат алдымен әскери борышын өтеп, одан кейін мамандығы бойынша білімін жалғастыра алады. Біз жастарға мұндай мәселелерді алдын ала анықтап, қажетті құжаттарды заң талаптарына сәйкес рәсімдеуге кеңес береміз. Ең бастысы, әрбір азамат өзінің құқықтары мен міндеттерін біліп, шешімін саналы түрде қабылдауы қажет.
-Әскери қызметті өтеудің жастар үшін әлеуметтік және білім беру тұрғысынан да тиімді тұстары бар. Соңғы жылдары сарбаздарға ұсынылып отырған жеңілдіктер туралы кеңірек айтып өтсеңіз.
-Қазіргі таңда мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарды қолдау мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Әскерге бару азаматтық борышты орындаумен шектелмей, жас адамның алдағы өміріне де белгілі бір мүмкіндіктер ашады. Соның ішінде білім алу және қаржылық міндеттемелерге қатысты қолдау шаралары маңызды орын алады. Мәселен, азамат әскерге шақырылғанға дейін екінші деңгейлі банктерден несие алған болса, оған 13 ай мерзімге кредиттік каникул беріледі. Бұл әскери қызмет атқарып жүрген кезеңде азаматтың несие төлемдеріне байланысты қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған. Яғни жас сарбаз әскери міндетін орындау кезінде осы мәселе бойынша белгілі бір жеңілдікке ие болады. Тағы бір маңызды мүмкіндік – жоғары білім алу. Мерзімді әскери қызметін өткерген сарбаздарға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жыл сайын жоғары оқу орындарына түсу үшін гранттар бөледі. Яғни әскери қызметін аяқтаған азаматтардың білімін жалғастырып, болашақ мамандығын игеруіне берілген мүмкіндік. Сонымен қатар әскери бөлімде өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарып, белгілі бір жетістіктерге қол жеткізген сарбаздарға өздері қалаған жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін сертификаттар табысталады. Мұндай сертификаттар әскери қызметтегі жақсы көрсеткіштері мен жауапкершілігі үшін берілетін ынталандыру шараларының бірі. Қазіргі таңда осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, жоғары оқу орындарында білім алып жүрген азаматтарымыз бар. Сондықтан жастарға әскери қызметті жаңа мүмкіндіктерге бастайтын өмірлік тәжірибе ретінде қабылдауға кеңес беремін.
-Әскери борыштан жалтару мәселесі де қоғамда жиі талқыланады. Шақыртуға келмейтін немесе түрлі сылтаумен әскери қызметтен бас тартатын азаматтарға қатысты заңнамада қандай жауапкершілік қарастырылған?
-Әрбір азамат өзінің құқықтарымен қатар міндеттерін де білуі керек. Әскери қызмет – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген азаматтық міндет. Сондықтан заңды негіздерсіз шақырудан жалтару жауапкершіліксіз әрекет болып саналады. Өкінішке қарай, тәжірибеде кейбір азаматтардың өз міндетін орындаудан жалтаруға тырысатын жағдайлары кездеседі. Бірі шақырту алғанына қарамастан белгіленген уақытта келмейді, енді бірі түрлі себептерді алға тартады. Алайда мұндай әрекеттердің барлығы қолданыстағы заңнама аясында қаралады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 387-бабына сәйкес, әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған кезде осы қызметке шақырылудан жалтарған азаматтарға бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе айыру жазалары көзделген. Ал азаматтың өз денсаулығына қасақана зиян келтіруі, аурумын деп жалған сылтауратуы, жалған құжат жасауы немесе өзге де алдау тәсілдерін қолдануы арқылы әскери қызметтен жалтаруы үшін жауапкершілік одан да қатаң. Мұндай әрекеттерге үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, түзеу жұмыстарына тарту, үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазалары қарастырылған. Біз бұл мәселе бойынша жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. 2026 жылғы 16 сәуірде аудан прокуратурасының прокуроры Д.Орынбеков және аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы Қ.Қуанышов бөлімнің Instagram парақшасында мерзімді әскери қызметке шақыру, шақыру бойынша уақтылы келмеу және әскери қызметтен жалтарудың заңдық салдары жөнінде толық ақпарат берді. Біздің ұстанымымыз азаматтарды жазалау емес, ең алдымен олардың заң талаптарын түсінуіне ықпал ету. Егер шақырылушының денсаулығына, отбасылық жағдайына немесе басқа да заңда көзделген негіздерге байланысты мәселелері болса, оны жасырмай, тиісті құжаттарымен бірге қорғаныс істері жөніндегі бөлімге хабарлауы қажет. Әр мәселенің заң аясында шешімі бар. Ең бастысы, одан жалтарудың орнына жауапкершілікпен қарау керек.
-Жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу жұмыстарына тоқталсақ. Шу ауданында «Жас сарбаз» қозғалысы жұмыс істейтінін білеміз. Бұл бастаманың аясында қанша оқушы қамтылған және жалпы аудан көлемінде қандай жұмыстар атқарылуда?
-Жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу біздің бөлімнің маңызды жұмысы. Себебі елін сүйетін, туған жерін құрметтейтін, оның қауіпсіздігіне бейжай қарамайтын азаматтарды тәрбиелеу баршамызға ортақ міндет. Патриоттық тәрбие бір күнде қалыптаспайды. Ол отбасындағы тәрбиеден басталып, білім беру ұйымдарында, қоғамдық ортада және түрлі тәрбиелік іс-шаралар арқылы жалғасуы керек. Осы бағытта Шу ауданында 2020 жылдан бастап «Жас сарбаз» бірлестігі жұмыс істейді. Бүгінгі таңда аталған қозғалысқа 1050 оқушы қамтылған. «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері арқылы жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік, ел алдындағы жауапкершілік, тәртіп пен ұйымшылдық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Мұндай бастамалар оқушылардың әскери сала туралы түсінігін кеңейтіп, ел қорғаны болудың маңызын ұғындыруға ықпал етеді. Сонымен қатар білім беру мекемелерінде мерекелер мен атаулы күндер қарсаңында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің өкілдерімен, Ауған соғысы ардагерлерімен, мерзімді әскери қызметін өткерген азаматтармен және «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілерімен кездесулер ұйымдастырылады. Оқушыларға арналған «Ерлік сабақтары» да тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Аудан көлеміндегі барлық білім беру мекемелерінде әскери-патриоттық тақырыптағы плакаттар орналастырылған. Сонымен қатар Шу қаласында және 18 ауылдық округте сол округтен әскер қатарына шақырылған азаматтардың суреттері бейнеленген баннерлер ілінген. Мұның да өзіндік тәрбиелік мәні бар. Жастар өз ауылынан шыққан азаматтарды көріп, олардың ел алдындағы борышын өтеп жүргенін үлгі тұтады. Бұдан бөлек, аудандағы барлық орта білім беру мектептерінің оқушыларымен және колледж студенттерімен тұрақты кездесулер өткізіледі. Оларға қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлері мен полиция бөлімінің өкілдері қатысып, әскери міндет, шақыру тәртібі, заң талаптары және әскери қызметтің ерекшеліктері туралы түсіндіреді. Біз алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жалғастыруды көздейміз. Өйткені бүгінгі мектеп оқушысы – ертеңгі ел азаматы. Оның бойында Отанға деген құрмет пен жауапкершілік қалыптасса, бұл ел болашағы үшін жасалған маңызды қадам деп білемін.
-Әскери қызметті өмірлік мамандық ретінде таңдайтын жастар үшін келісімшарт бойынша қызмет ету мүмкіндігі де бар. Бұл бағыттың ерекшелігі неде? Қандай әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған?
-Келісімшарт бойынша әскери қызмет ол мемлекеттік қызметтің ерекше түрі. Бұл бағытты таңдаған азамат әскери саланы өзінің кәсіби жолы ретінде қарастырып, ел қорғанысын нығайтуға тұрақты түрде үлес қоса алады. Келісімшарт бойынша қызмет етудің басты артықшылықтарының бірі мемлекеттік қызмет өтілінің есептелуі және мансаптық өсу мүмкіндігі. Сонымен қатар әскери қызметшілерге тегін және жеңілдікпен білім алу, әлеуметтік төлемдер мен кепілдіктер, тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы қолдау шаралары қарастырылған. Бұдан бөлек, әскери қызмет адамның дене дайындығын жетілдіріп, кәсіби және жеке қасиеттерін дамытуына ықпал етеді. Қызмет барысында тәртіпке бағыну, жауапкершілік алу, түрлі жағдайда дұрыс шешім қабылдау секілді дағдылар қалыптасады. Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғау мәселесіне де назар аударылған. Тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау, еңбек өтіліне байланысты зейнетке шығу мүмкіндігі осы саланың маңызды артықшылықтарының қатарында. Әрине, әскери мамандықтың өзіндік қиындығы бар. Ол азаматтан жоғары тәртіпті, кәсібіне адалдықты, физикалық және психологиялық дайындықты талап етеді. Сондықтан бұл саланы таңдайтын жас әскери қызметтің жауапкершілігін толық түсінуі керек.
-Запастағы офицерлерді әскери қызметке тарту мәселесі де маңызды. Бұл бағытта қандай мамандар шақырылады және оларға қандай жағдайлар жасалады?
— Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 32-бабы негізінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері запастағы офицерлерінің қатарынан медициналық қызмет және басқа да мамандықтар бойынша азаматтарды екі жыл мерзімге әскери қызметке және келісімшарт бойынша әскери қызметке шақыру жұмыстары жүргізіледі. Запастағы офицерлерге қойылатын негізгі талаптардың бірі – жас ерекшелігі. Азамат 29 жастан аспауы керек, ал медициналық қызметтің запастағы офицерлері үшін жас шегі 32 жасқа дейін белгіленген. Сонымен қатар үміткердің денсаулығы әскери қызметке жарамды болуы және талап етілетін әскери-есептік мамандығы болуы қажет. Әскери қызмет өткеру кезеңінде олар толық көлемдегі ақшалай үлеспен қамтамасыз етіледі. Тұрғынжайға мұқтаж әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне мемлекет есебінен тұрғынжай немесе тұрғын үй төлемдері қарастырылған. Сонымен бірге коммуналдық қызмет шығыстарына арналған ақшалай өтемақы төленеді. Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне әскери-медициналық мекемелерде медициналық көмек мемлекет есебінен көрсетіледі. Жыл сайынғы негізгі демалыс беріледі және сауықтыруға арналған екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде жәрдемақы төленеді. Сондай-ақ еңбек өтілі бойынша зейнетке шығу және заттай мүлікпен қамтамасыз ету мәселелері заңнамада көзделген.
-Әңгімеміздің соңында жастарға айтар тілегіңізді білсек. Әскери борышын өтеуге дайындалып жүрген жас азаматтарға және олардың ата-аналарына қандай кеңес берер едіңіз?
-Ең алдымен, аудан жастарына айтарым, өз болашақтарыңызға жауапкершілікпен қараңыздар. Білім алуға, спортпен шұғылдануға, денсаулықтарыңызды күтуге және бойларыңыздағы қабілеттерді дамытуға көңіл бөліңіздер. Өйткені жақсы дайындық, тәртіп пен салауатты өмір салты кез келген істің бастауы болып саналады. Ата-аналарға да айтарым, балаларының әскери қызметке деген көзқарасын дұрыс қалыптастыруға ықпал етсе деймін. Әрине, ата-ана үшін баласының жанында жүргені жақсы. Бірақ Отан алдындағы борышты өтеу әрбір ер азаматтың азаматтық міндеті екенін ұғындыру маңызды. Барша аудан жастарына сәттілік, мықты денсаулық, биік мақсат пен жарқын болашақ тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, көк туымыз әрдайым биікте желбіресін!
-Мазмұнды әңгімеңізге рақмет! Отан қорғау жолындағы жауапты қызметтеріңізге табыс тілейміз. Ел тыныштығын күзетуге дайын азаматтарымыздың қатары көбейе берсін!

Сұхбаттасқан
Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Жауап қалдыру

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.