Отанды қорғау — әр азаматтың қасиетті борышы
Әскери өмірдің тыныс-тіршілігімен танысып, сарбаздардың күнделікті қызметін көзбен көру – өскелең ұрпақ үшін тағылымы мол тәжірибе. Жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырып, әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру мақсатында Шу ауданынан Алматы қаласына әскери-патриоттық экскурсия ұйымдастырылды.
Шу ауданы әкімдігі мен аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бірлесіп ұйымдастыруымен өткен танымдық сапарға аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы мен колледж студенттері қатысты.
Экскурсия аясында жастар Алматы қаласындағы Райымбек батыр атындағы арнайы мақсаттағы №38 десанттық-шабуылдау бригадасының әскери бөліміне барып, әскери қызметтің қыр-сырымен танысты. Әскери бөлім өкілдері студенттерге жауынгерлердің күнделікті тыныс-тіршілігі, қызметтік міндеттері, әскери тәртіп пен жауынгерлік даярлық барысы жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Сапар барысында студенттер сарбаздардың жатын орындарын, асхананы, мәдени-демалыс бөлмелері мен спорттық нысандарды аралады. Сонымен қатар қару-жарақ үлгілері және арнайы әскери техникалармен танысып, әскери бөлімнің материалдық-техникалық базасын көрді.
Әскери өмірдің өзіндік тәртібі мен қатаң талаптарын жақыннан таныған жастар үшін бұл сапардың маңызы ерекше болды. Өйткені ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай қызмет етіп жүрген жауынгерлердің еңбегін көру – Отан алдындағы азаматтық борыштың мәнін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Мұндай танымдық кездесулер жас ұрпақтың бойына патриоттық рухты сіңіріп, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруда айрықша рөл атқарады. Әскери қызметтің тек күш-жігер мен төзімділікті ғана емес, сонымен қатар тәртіпті, табандылықты, жауапкершілік пен елге деген адалдықты талап ететінін жастар осы сапар барысында айқын сезінді.
Отан қорғау – әрбір азамат үшін абыройлы міндет, ал ел қауіпсіздігін сақтау – ерлік пен өрліктің, биік рух пен азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Елін сүйген, жерін құрметтеген, рухы биік ұрпақ қана тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, мемлекетіміздің жарқын болашағына үлес қоса алады.
Сондықтан жас буынның бойында отансүйгіштік құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған осындай тағылымды шаралардың маңызы зор. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
Фариза НҰРХАНҚЫЗЫ,
журналист.