Ақпараттық портал

Туған жердің тазалығы — елдіктің айнасы

Табиғат – адамзаттың алтын бесігі, тіршіліктің қайнар көзі. Адам баласының туған жерге деген сүйіспеншілігі ең алдымен сол өлкенің табиғатын аялаудан, айналасын таза ұстаудан басталады. Бүгінде ел көлемінде қарқын алған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы ұлттық сананы жаңғыртатын, қоғамда экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті орнықтыратын ауқымды қоғамдық қозғалысқа айналды. Осы игі бастаманың біздің аудандағы өрісі кең, тынысы айқын.

Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өңір жастары табиғатты қорғау мен ауыл-аймақты көркейту ісіне жұмыла кірісіп, нақты нәтижелерге қол жеткізуде. Орталық берген мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері “Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында өңірде барлығы 137 іс-шара ұйымдастырылып, оларға 2499 жас қамтылған. Атап өтсек, жыл ішінде 2 кездесу өткізіліп, 65 жас табиғатты сақтаудың өзекті мәселелері төңірегінде пікір бөлісті. «Таза Қазақстан» акциясы аясында 133 іс-шара өтіп, 2348 жас ортақ іске белсене атсалысты. Сонымен қатар «Бүгінгі еккен ағаш – ертеңгі өмір!» ұранымен 5 тал отырғызу акциясы ұйымдастырылып, 160 жас өңірдің жасыл желегін молайтуға өз үлесін қосты.
Көктемнің шуақты шағында «Жасыл ел» еңбек жасақтары «Оқушылар сарайы» аумағында республикалық экологиялық акция аясында ағаш отырғызу жұмыстарын жасады. Абаттандыру шаралары жүйелі түрде жалғасып, сол күні 100 түп павлония ағашының көшеті отырғызылды. Көздің жауын алар әдемілігімен және тез өсетін қасиетімен ерекшеленетін бұл ағаштар алдағы уақытта ауданның келбетін ажарландырып, экологиялық ахуалды жақсартуға үлес қоспақ.
Табиғатқа қамқорлық жасау бүгіннен басталатын тәрбие. Осы бағытта «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің оқушыларымен «Жаңару күні – жақсылықтың бастауы» атты тағылымды акция өтті. Мектептің 9–10 сынып оқушылары мен тәрбие ісінің жетекшілері, сынып жетекшілері бірлесе «Бүгінгі еккен ағаш – ертеңгі өмір!» ұранымен ағаш отырғызып, жас көшеттерді суарды. Әрбір көшеттің тамырына нәр берген оқушылар сол арқылы туған жерге деген жанашырлықтың, еңбектің қадірін ұғынды. Мектеп ауласында жайқалған әр тал – жас ұрпақтың табиғат алдындағы жауапкершілігінің куәсі.
Шу өңіріндегі экологиялық бастамалар бір ғана нүктемен шектелмей, ауыл ішіндегі қасиетті орындарды, өндіріс аймақтарын және күре жол бойын қамтыды. Мәселен, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен кезекті тазалық шарасына «Жалынды» еңбек жасақтарының жастары белсене қатысып, Төле би ауылындағы Даңқ аллеясында санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізді. Ерлік пен өрліктің белгісіндей болған Даңқ аллеясының аумағы қоқыстан тазартылып, айналасы ретке келтірілді, қоғамдық орынның тазалығы қамтамасыз етілді.
Көгалдандыру ісі өндіріс ошағының маңында да жалғасын тапты. Аудандық Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері мен «Жасыл ел» еңбек жасақтары Shen Hai Bio Tech зауытының аумағында көгалдандыру жұмыстарын жүзеге асырды. Мұнда бірқатар ағаш көшеті отырғызылып, аймақтың жасыл қорын арттыруға елеулі үлес қосылды.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясы аясында Бурылбайтал–Меркі тас жолы бойында кезекті тазалық шарасы өтті. Белсенді жастар күре жолдың бойын қоқыстан тазартып, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты. Мұндай шаралар қоғамда тазалық пен жауапкершілік құндылықтарын кеңінен дәріптеуге бағытталды.
Жастардың санасын оятып, табиғатқа деген жанашырлық сезімін тереңдетуде мазмұнды кездесулердің де орны бөлек. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Оқушылар сарайы мамандарының қатысуымен экологиялық кездесу өтті. Шараға аудандық Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары қатысып, табиғатты сақтаудың әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Кездесу барысында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері кеңінен түсіндірілді. Жастармен ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, экологиялық сананы арттыру, табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жанашырлық сезімін қалыптастыру бағытында мазмұнды әңгіме өрбіді.
Түйіндей айтқанда, Шу ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында қолға алынған істер жүйелілік пен сабақтастықтың үлгісін көрсетіп отыр. Еңбек жасақтарының қажырлы қай-раты, оқушылардың ынтасы, ақсақалдардың батасы мен аудан басшылығының қолдауы тоғысқан тұста туған жердің көркі кіріп, елдің ертеңі нығая түседі. Өйткені табиғатты аялау мен туған жерді таза ұстау – бүгінгі ұрпақтың бола-шақ алдындағы қастерлі борышы.

Балнұр Жексенбекқызы.

Жауап қалдыру

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.