ҚЫРАҒЫ ҚЫЗМЕТ ЖОЛЫНДА
Осыдан 27 жыл бұрын ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен төтенше жағдайлар жөніндегі Мемлекеттік комитет құрылған болатын. Ел өмірінде биылғы жылы 31-ші мәрте атап өтіп отырған Тәуелсіздік күні мерекесінің ізімен жиырма жеті жылдан бері өз өмірлерін қауіпке тігіп, қызметтік міндеттерін лайықты атқарып келе жатқан өртке қарсы қызмет, суда құтқару және азаматтық қорғаныс қызметтерінің қызметкерлері жайында сөз қозғамақпыз.
Осыған орай, аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім бастығы, азаматтық қорғаныс подполковнигі Тимур Кариевпен және №5 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Ғани Керімбаймен сұхбаттасқан едік.
-Менің өрт сөндіру қызметіндегі еңбек өтілім 16 жылды құрайды. Осы жылдар ішінде жұмыс барысында түрлі жағдайларды бастан өткердім. Өрт орын алған жағдайда өрт сөндіру қызметінің әр басшысы білуге міндетті, ең негізгі бес ұстаным бар. Осы қағиданы негізге ала отырып, төтенше жағдай кезінде сан түрлі оқиғаның орын алуы мүмкін екендігін, осыған орай тез әрі дұрыс шешім қабылдау қажет екендігін естен шығармаған жөн. Қашанда өз міндетіне қырағылық танытуға барынша тырысатын мен және менің ұжымым еңбек етіп жүрген өрт сөндіру қызметінің басты принципі – тұрғындар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету,-деп еңбек тәжірибесімен бөлісті Ғани Орынханұлы.
-Алты жыл бұрын есте қаларлық оқиға басымыздан өтті. Таңғы сағат 5-6 шамасы болатын. Бізге Шу қаласы, Д.Қонаев көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінен өрт шыққандығы жайында хабар түсті. Біз жедел жинақталып, аталған мекенжайға дереу жеттік. Өрт үйдің бірінші қабатында орын алған екен. Өздеріңіз білетіндей, пәтерді заманауи жөндеу түрлі пластик пен жеңіл жанатын материалдар: төбеге арналған пластик плита, түсқағаз, линолеум сынды материалдармен жабдықталатыны белгілі. Пластик жану кезіндегі басты қауіптілік – өрттің өзі ғана емес, бөлінетін улы газдың қаншалықты таралуында. Бұл өз кезегінде адам организміндегі қанға сіңіп, гемоглобиннің белсенділігін төмендетіп, ағзаға қажетті кислородты тежеп, улануға әкеп соғады.
Шақыртуға біз жүргізушіні қосқанда үш адам бардық. Көпқабатты үйдің дәлізіне кіреберістен-ақ барлық кеңістіктің қою түтінге оранғандығын көрдік. Әріптесім жағдайды бағамдап, маған бірден тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшірумен шұғылдануды міндеттеді де, өзі өртті ауыздықтауға кірісті. Менің үстімде қою түтінде еркін тыныс алуға болатын арнайы киім болды. Жоғарғы қабатқа көтеріліп, барлық есіктерді қағып, жағдайды ескерттім. Екінші қабаттағы бір есіктен кішкентай баланың жылаған даусын құлағым шалып қалды. Байқасам, мұнда үш кішкентай бала тұрады екен. Осы сәтте маған жедел әрекет жасауға тура келді. Бақытымызға орай, осы оқиға барысында ешбір тұрғын зардап шеккен жоқ,- деп жұмыс барысында бастан өткен жайды есіне алды бөлім командирі Ғани Керімбай.
-Менің өмірімде естен кетпестей із қалдырған келесі оқиға 2013 жылы «Шәймерден» май құю стансасында орын алды. Біз қалаға кірер тұстағы көпірден өтіп келе жатып, жалындаған алауды көрдік. Оқиға орнына келісімен жанып жатқан жүк көлігін өрттен ауыздықтадық. Басты мәселе жүк көлігінің жанар-жағар май қоры орналасқан жерасты резервуарына жақын тұрғандығы болды. Көлікті сумен өшіруге тырысқанымызбен, одан еш нәтиже болмады. Көпіршік те көмегін тигізе алмады. Сол себептен, жанып жатқан көлікті трос арқылы резервуар маңынан жылжытып, алыстатуға бел будық. Май құю стансасының иесінен жақын маңда жүк көлігінің бар-жоқтығын сұраған болатынбыз. Ол жанымызда «ГАЗ-53» жүк көлігінің тұрғандығын айтты. Өкінішке орай, жанып жатқан көлікті сүйреуге оның шамасы жетпейтін болды. Осы сәтте аудандық полиция қызметкерлері қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында оқиға орын алған жерді қоршауға алды. Мен жолда тұрған КамАз көлігін көре салысымен сол жаққа жүгіре жөнеліп, жүргізушіге болған жайды түсіндірдім. Ешбір адамның басына қауіп төнбес үшін көлікті өзім басқаруды өтіндім. Алайда, жүргізуші келіспеді. Жанып жатқан көлік біз таяған кезде тұтастай өртке оранған еді. Тросты жүк көлігіне жалғадық та, жүргізуші газды барына басты. Тросс үзіліп кеткендіктен, монтировканың көмегімен қайта жалғауға тура келді. Құдай сақтап, бұл жолы бәрі орнына келді және өрт ойдағыдай ауыздықталды,-дейді Ғани Орынханұлы.
Әңгіме барысында ТЖ жөніндегі бөлім қызметі өртті ауыздықтаумен ғана шектелмейтінін жеткізді. Сондай-ақ, бөлім қызметкерлері сел көші, жер сілкінісі, су тасқыны сынды өзге де табиғи апат жағдайларында құтқару қызметтерімен айналысады. Мысалы, кішкентай балалардың үй ішінде құлыпталып қалуы, үй жануарларының ағашқа ілініп қалуы сынды түрлі шақыртулар бойынша да қызмет көрсетеді.
-Ауданда өрт оқиғасы артып отыр. Тұрмыстық өрт көп жағдайда тұрғындардың салғырттығы мен абайсыздығынан болып жатады. Мұндай жағдайлар электр желісінің тұйықталуы, жылыту пештерін немесе сіріңкемен ойнауды қызықтайтын жастағы балаларды қараусыз қалдыру салдарынан да болуы мүмкін. Сол себептен, тұрғындармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізіп отырамыз,-деп іс тәжірибесімен бөлісті аудандық ТЖ бөлімінің бастығы Тимур Кариев.
Айта кететін жәйт, бөлім қызметкерлерінде өртке қарсы қауіпсіздік дәрістері мен практикалық сабақтар, түрлі ережелер бойынша сынақ тапсыру, тағы басқа белгіленген күн тәртібі бар.
Сөз соңында Тимур Кариев пен Ғани Керімбай барлық қазақстандықтарды Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Біз де өз кезегімізде аудандық ТЖ бөлімінің қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтай отырып, қажырлы еңбектері үшін шынайы алғысымызды білдіреміз.