Ақпараттық портал

ТӘУЕЛСІЗДІК ҰРПАҚТАРЫ БАҚ СЫНАДЫ

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері “Бәсекеге қабілетті ұрпақ даярлау қажет” деген ұранды алға тартып келеміз. Бәсекеге қабілетті ұрпақ әлбетте мектеп қабырғасында қалыптасатынын ескерсек, білім беру ісін жетілдіріп, шағын ауылдан бастап, халықаралық деңгейге дейін көтерілетін білімді ұрпақ санатын арттыру күн тәртібінен түспек емес.

“Болат қайнауда шынығады, батыр майданда шынығады” демекші, мектеп оқушыларының жекелей де, топ болып та қатысатын байқаулардың мәні зор. Әр мерейлі мерекеде, атаулы және даталы жылдарда түрлі іс-шаралар, байқаулар өткізу дәстүрге айналғалы қашан?! Азаттықтың ақ таңында туған ұрпағымыз өткен тарихқа бойлап, арыстай азаматтарымыздың еселі еңбегімен келген егемендіктің қадірін біліп, тәуелсіздік деген киенің мәнін терең ұғынуы тиіс.
Осыған орай, Тәуелсіздік күні қарсаңында аудандық білім бөлімінің «Оқушылар сарайы» МКҚК-нің ұйымдастыруымен аудандық деңгейде «Тәуелсіз елдің ұланымын» атты отандық ақындардың Тәуелсіздік, туған жер, Отан тақырыптарына арналған өлеңдерін мәнерлеп оқудан байқау өтті. Оған ауданымыздағы білім мекемелерінен барлығы 73 оқушы қатысты. Сайыс шарты бойынша 7-10 жас аралығындағылар кіші топқа, 11-16 жас аралығындағылар үлкен топқа жіктелді.
Байқауға аудандық білім бөлімінің әдіскері Индира Инкибаева, осы жолдардың авторы, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің маманы Нұрзат Қилыбай төрелік жасап, ортақ шешім шығарды. Нәтижесі бойынша кіші топтан 1-орынды Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп оқушысы Айзере Дәулетқұл, 2-орынды әл-Фараби атындағы орта мектеп оқушысы Ақнұр Жамбыл, 3-орынды «Оқушылар сарайының» оқушысы Айару Сәнақ иеленді, сол секілді үлкен топ бойынша 1-орынды М.Әуезов атындағы орта мектеп оқушысы Әлихан Темірбек, 2-орынды Д.Қонаев атындағы орта мектеп оқушысы Ерасыл Сағындық, 3-орынды М.Дулатұлы атындағы орта мектеп оқушысы Дильназ Елубай жеңіп алды.
Жүлдегер атанған өрендерге арнайы диломдар табыс етіліп, ерекше өнерімен көзге түсе білген 15 қатысушы Алғыс хатпен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.