Халықшыл болғандарда қасиет бар
Әр адам баласында арман, қиял, үміт сезімдері бойларында маздай бастағаннан-ақ бір мамандық иесі болуды армандап, соның жолында қандай қадамдарға баруды ойлай бастайды. Іскерлігіне, өмірлік тәжірибесіне, еңбекқорлығына қарай бір қызметтің тізгінін ұстайды. Бірақ, соның бәрі ұлтқа, халыққа шынайы қызмет ете бермеуі мүмкін. «Адамдық борышың, халқыңа еңбек қыл, ақ жолдан айнымай ар сақта, оны біл» деп Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай, ақ жолдан айнымай, атақ-абыройға ие болса да елдің игілігі жолында табандылық таныта беретін жандар қашанда құрметке лайық. «Халықшыл болғандарда қасиет бар тарыдай мың дәні бар басын иіп» демекші, өзінің бар мақсаты ел мүддесімен сабақтас болған азаматтар ғана халықтың алғысын арқалайды. Тіпті, ол зейнет демалысына шығып, қызметтен қол үзсе де халқы іздеп, құрметке бөлей бермек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз» деген сөзінің мәнін тереңінен ұғынып, халқының қамына болысқан жандарды жарыса жазудан жалықпаймыз. Пошта қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында халық үшін қызмет қылған азамат туралы жазудың сәті түсіп тұрғандай.
Тегінде топырағын түртсең тарихы сайрайтын қасиетті Шу өңірінде де түлеген таудай биік азаматтарымыз қаншама?! Сондай үлгі боларлық жандардың бірі – Сүлейменов Жексенбай Оңалбекұлы десек, талас тудырмасы анық. Әріректен толғар болсақ, Жексенбей Оңалбекұлы 1955 жылдың 10 қыркүйегінде Шу ауданы, Алға ауылында дүниеге келген. Өмірде екі таңдаудан қателеспеуді жанымен түйсінген ол Мәскеудегі Орталық Одақтың Қарағандыдағы кооперативтік институтын экономист-бухгалтер мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1976 жылы Шу аудандық тұтынушылар одағының құрылымдарында қатардағы экономист-бухгалтерден бастап, аталған одақтың Заготконтора, Хлебопищекомбинат, Райкоопторг мекемелерінде бас экономист, бас бухгалтер болып 1990 жылға дейін тынбай табанды қызмет атқарады. 1990-1996 жылдар аралығында одақтың Ленинский сельпо, Алгинский совхозрабкооп сауда қоғамдарында басқарма төрағасы болады.
Ал, 1996 жылдың маусым айында Шу аудандық тұтынушылар одағының жабылуына байланысты Казпотребсоюздың Жамбыл облыстық тұтынушылар одағының басқарма төрағасының шешімімен, Шу ауданы әкімінің келісімімен Шу аудандық пошта мекемесінің бастығы қызметіне тағайындалады. Осы аталған басшылық қызметте ширек ғасыр уақыт үздіксіз 2019 жылға дейін өз ісіне нұқсан келтірмей, зейнеткерлікке шығады. Тоқырау жылдарында жүгі ауыр саланың бар ауыртпашылығын мойнымен көтеріп, тәуелсіздік жылдарында да өз саласының дамуына ерік-жігерін аянбаған Жексенбай Оңалбекұлының бір салада табан аудармай осынша жыл басшылық қызметті алып жүруі – еңбектің жарқын үлгісі деп білеміз.
Еңбек жолындағы төккен тер өтеусіз қалмай, ел үмітін ақтаған ерге түрлі деңгейдегі атақтар беріліп, сый-құрметтер көрсетілді, көрсетіліп келеді де. Бұған дейінҚССР-нің Қазақстан Тұтынушылар Одағының жоғарғы наградасы “Кооперацияның үздік қызметкері” медалін, ҚР-нің “Құрметті байланысшы”, “Жамбыл облысының Құрметті ардагері”, “ҚР еңбек үздігі” төсбелгілерін әрі мерекелік медальдарды кеудесіне тағып, Қазпотребсоюз, облпотребсоюз басшылары тарапынан, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасының, Жамбыл облыстық филиал басшылығынан, ҚР Ұлттық Банкі құрамындағы екінші деңгейдегі банкі басшыларынан, облыс әкімі, аудан әкімдерінен Құрмет грамоталарын алған. Десе де, артық мақтанды, мансапқұмарлықты жаны қаламайтын азаматтың қызмет қылса қара басы үшін емес, қара орман халыққа қылғанын сөзсіз түсінеміз, мұның өзі көпке үлгі етерлік жай.
Пошта байланыс торабы мен мерзімді басылымдардың тонның ішкі бауындай байланысы барын ескерсек, ширек ғасырға жуық аудандық пошта мекемесін басқарған Жексенбай Сүлейменовтың өзі қаласа, бір емес бірнеше рет өз турасында мақала шығаруына мүмкіндігі жетер еді. Бірақ, өзін дәріптеушіліктен бойын аулақ ұстайды. Биыл Шу ауданының құрылғанына 95 жыл толып отырған мерейлі датамен орай Жексенбай Сүлейменовтің де 70 жас мерейтойы қатар келген екен. Оны жаны жайсаң ағаның өзінен емес, бірге қызмет қылған әріптестерінен, ең бастысы азаматтығын айтудан жалықпайтын халқынан естідік. «Пошта торабына елеулі еңбек еткен азамат туралы газеттеріңе бір мақала жазуға болатын шығар?!» деген елдің алқалауының сәті бүгінге түсіп, кәсіби мереке қарсаңында қалам тербеп отырмыз.
“Ауылына қарап азаматын таны” демекші өскен өңірінің өркендеуіне сүбелі үлес қосу – әр азаматтың ар алдындағы абыройлы парызы. Болашаққа бағдарын рухани жаңғырумен ұштастырған елімізде үлгі тұтарлық, өнеге қыларлық істерді жолға қоямыз десек, алдыңғы толқынның абыройлы істерін алға шығаруымыз бек қажет. “Жаныңда жүр жақсы адам” деген сөзді айта-айта жауыр қылмай, жанымызда жүрген жақсы жандардың жол сілтеп, жөн көрсетуіне барымызды салу керек. Бізге үлгі боларлық жандар жетерлік, біз де бір кездері кейінгілерге үлгі бола алуымызды ойлайық!
Айғаным Асқарбек.