Ерекше жандарға – ерекше көзқарас
Елімізде 10 қазан – Мүгедектігі бар азаматтардың күні аталып өтеді. Бұл мезетте қоғам назарын ерекше қажеттілігі бар жандарға бұрып, сан жүректерге ізгілік отын ұялату басты мақсат. Осы орайда мерейлі мемлекетіміз мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мейлінше қолдау көрсетіп, мұң-мұқтаждарын өтеп жатқанына куәміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі отандастарға қолдау көрсетудің тиімді жүйесін енгізуді ұдайы алға тартып отырады. Әрі әлеуметтік тұрғыда барынша қолдау көрсетуді жергілікті атқарушы органдарға тапсырып келеді.
Бұл орайда аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне зор жауапкершілік жүктелген. Гүлмира Керімбаева басқаратын бөлім мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламасына сәйкес әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өз қызметтерін жүзеге асырады.
– Бүгінгі таңда Шу ауданындағы мүгедектігі бар адамдардың жалпы саны 2548 адамды құрайды. Оның ішінде І-топ мүгедектігі бар 220, ІІ-топтағысы 523, ІІІ-топтағысы 1320 жан. Сонымен қатар бала жасынан мүгедектігі бар жерлестердің саны 485, – дейді Гүлмира Амангелдіқызы.
Бөлім басшысының айтуынша, санаторийлік-курорттық емделумен қамтамасыз етуге құжаттарды рәсімдеу ерекше қажеттілігі бар ересектер мен балаларды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 2025 жылы 488 адам өтініш берген. Ал, 347 мүгедектігі бар адам барлығы санаторлық-курорттық емделуге жолдамаға ие болды. Сол секілді 141 мүгедектігі бар адам қазан, қараша айларында порталдан таңдау барысында көрінеді.
-Өңірдегі мүмкіндігі шектеулі мүгедектігі бар адамдарға “Сезім мүгедектер қоғамы” қоғамдық бірлесігі және «Жігер» жастар мүгедектер қоғамы арқылы 60 адамға «Инватакси» қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, ерекше балаларға 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап “Арыстан” шаруа қожалығы арқылы 40 балаға иппотерапиялық қызмет көрсетуде, – дейді Г.Керімбаева.
Қилы тағдыр иелерінің сенімді серіктері ол – әлеуметтік қызметкерлер. Сол себепті аталмыш бөлімге бағынысты балаларға және 18 жастан асқан адамдарға үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесін атап өтпеске болмайды. Бөлімшенің 27 әлеуметтік қызметкері жыл басынан бері аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі мүгедектігі бар 199 баланың қызметіне жарап келеді. Сол секілді 20 әлеуметтік қызметкер 136 жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға үйден арнаулы әлеуметтік қызмет ұсынады.
-Әлеуметтік қызметкерлер халықты әлеуметтік қорғау саласында үйде қызмет көрсету жағдайында әлеуметтік көмек көрсету стандарты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы №165 бұйрығы бойынша өз қызметін жүзеге асырады, – дейді бөлім басшысы.
Гүлмира Амангелдіқызының айтуынша, Шу ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарды қуантуға асығатын ақжүрек азаматтар аз емес. Қайырымдылыққа ерекше көңіл бөлетін жеке кәсіпкерлер де баршылық.
Мәселен, жеке кәсіпкерлер мен қайырымды азаматтар тарапынан жыл басынан 475 осал топтағы азаматтарға жалпы 3250,0 мың теңге көлемінде көмек көрсетілген. Сонымен қатар, Шу қаласы және ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігінің бөлім және мекеме басшылары аудан бойынша 93 адамға 930 мың теңге көлемінде азық-түлік себеті ретінде қайырымдылық жасаған.
-1 – маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, “Family time” балалар ойын-сауық орталығының директоры Алексей Колесников және “Көкірек” балалар ойын-сауық орталығының директоры Бота Якупованың демеушілігімен 60 мүмкіндігі шектеулі балаға тегін ойын алаңы ұсынылған.
Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Қойбағаров Ғани Бірлікұлы және қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Мақсат Шаймерден демеушілік жасап, балаларға тәтті балмұздақ, сусын және пицца ұсынды. Сондай-ақ, «Шу қайырымды аналар» қорының төрайымы Шолпан Фрунзебекқызы демеушілік көрсетіп, балаларға тәтті салынған себет, жейде және ойын добын таратты. Біздің демеушілерге деген алғысымыз шексіз,-дейді Г.Амангелдіқызы.
Сонымен бірге 20 тамыз күні аталмыш бөлімнің ұйымдастыруымен “Мұзбалақ” ойын-сауық орталығында “Сыңғырла алғашқы қоңырау “ атты іс-шара өткізілді. Онда тіркеуде тұрған мүмкіндігі шектеулі 10 балаға «Шу қайырымды аналар» қорының төрайымы Шолпан Фрунзебекқызы оқу құралдары салынған сөмкелер сыйласа, жеке кәсіпкер Мақсат Берікұлы балаларға мерекелік дастархан жайып, демеушілік танытқан.
Байжан Емберді.