Әлдіден де мықты Әділет
Мүмкіндігі шектеулі жандар тағдырдың сынағына мойымай, өмірге деген құлшынысын жоғалтпаған жандар. Олар қоғамда өз еңбегімен, талантымен және қайсарлығымен үлгі болып келеді. Бүгінде мемлекет тарапынан ерекше қажеттілігі бар азаматтарға жағдай жасалып, білім алуына, жұмысқа орналасуына және қоғам өміріне белсене араласуына мүмкіндік берілуде. Мектептер мен мекемелерде инклюзивті білім беру жүйесі дамып келеді, әлеуметтік орталықтар мен оңалту бағдарламалары іске асырылуда. Одан бөлек, баспана алу, кәсіп ашу сынды бағдарламаларға ең алдымен осы топтағы азаматтардың қатысуына мүмкіндік жасалған. Бұл елімізде «ешкім де назардан тыс қалмасын» деген ізгі ұстанымның нақты көрінісі.
Жуырда біз «өмірге құштар» жанды кезіктірдік. Ол әлсіз болып көрінгенімен, тірлігі әлдіден де мықты Әділет есімді азамат. Әділет арбаға таңылып, тағдырдың тәлкегіне ұшыраса да ел қатарлы жұмыс жасауда.
Бүгінде Шу қалалық Халыққа қызмет көрсету орталығында маман қызметін атқаратын Әділет Асқарұлына күніне жүздеген адам қайырылады. Орталыққа жүгінген келушілердің құжаттық мәселелерін сауатты орындап, сапалы қызмет көрсетіп жүрген ол ел мақтауына да ие болуда. Себебі қоғамда аяқ-қолы сау бола тұра жұмыссыз қол қусырып жүрген жандар қаншама.
1997 жылы Шу қаласында дүниеге келген Әділет Асқарұлы Ы.Алтынсарин атындағы мектепте оқып, оқуын тәмамдағаннан кейін Құқық және бизнес колледжінің «заңгер» мамандығы бойынша білім жинақтайды. Колледж қабырғасында да үнемі үздіктер қатарынан көріне білген ол көптің көңілінен шығып, келешекте жұмысқа тұру барысында да еш қиындықсыз қабылданады. Алғашқы еңбек жолын Шу қалалық әкімшілігінің кеңсе бөлімінің маманы қызметінен бастап, онда бес жыл тәжірибе жинақтайды. Өзінің мүмкіндігінің шектеусіз екенін түсінген Әділет халық оған емес, ол халыққа қызмет көрсетуді алдына мақсат қояды. Осылайша халыққа қызмет көрсету маманы ретінде танылғанына биыл төртінші жылдың жүзі екен.
– Қиындықтың тырнағына ілінсем де әрбір күніме шүкіршілік етемін. Мен еш мойыған емеспін. Қайта керісінше, көпшілікпен қатар жүріп, қолымнан келгенді жасағым келеді. Жанымда жанашыр жандарым, қолдаушы жақындарым мен достарым, бауырларым барда мен даму үстіне даму қоса беретін боламын. Сондықтан мен бақыттымын, – дейді кейіпкеріміз.
Иә, оның өмірге деген құштарлығы жанып тұрған көз жанарынан-ақ байқалады. Сондықтан ақылдылығымен, білімділігімен, қайсарлығымен өзінен үлкенге де, кішіге де үлгі бола білген Әділеттің біз келешекте жоғары қызметтің тізгінін ұстаған сәтін көргіміз келеді.
Балнұр Жексенбекқызы.