Ақпараттық портал

ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Мемлекетімізде қоғамдық кеңес бүгін құрыла салған жоқ. Кешегі ата-бабаларымыздың “Күлтөбенің басында күн де жиын” өткізген дәстүрінің жалғасы бұл. Қашан да “келісіп пішкен тон келте болмайтынын” есте ұстаған жөн. Атқарушы билік пен қоғамның ауызбіршілігі тонның ішкі бауындай беки түскенде ғана еліміз алға жылжитыны сөзсіз. Қазіргі заман өлшемімен алғанда азаматтық қоғамы ілгерілемеген елдің заман талабына, уақыт сұранысына сай дамуы қиын. Азаматтық қоғам қалыптастыру жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет»-деген болатын. Президенттің бұл сөзінен халық пен атқарушы биліктің ортақ мүдде орайында ықпалдасуының, қоғамдағы белсенділігі жоғары адамдардың заң шеңберінде бірлескен іс-қимылының маңыздылығы жоғары екендігі көрсетілді. Оның үстіне Мемлекет басшысы «Біздің қағидамыз баршаға мәлім: Қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан. Азаматтарымызды толғандырған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге халық белсене араласатын болады» -деп нақтылап айтты. Жоғары биліктің қолдауының арқасында жер-жерде қоғамдық кеңестің жұмыс жоспары нақтыланып, қызметі жандана түсуде.

Біздің ауданда да Ерболат Досымбаев төрағалық ететін қоғамдық кеңестің ықпалымен шашауы қиын мәселелердің шешімі табылып, қоғамның жанайқайы жоғары биліктің құлағына жетуде. Соның бір айғағы, жақын күндері өткен қоғамдық кеңестің кезекті жиыны. Оған мәслихат хатшысы Жасұлан Әбенов, аудан әкімінің орынбасары Серік Сәрсенбеков, қоғамдық кеңес мүшелері, аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж.Каликов, аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы А.Нурадинов, «Мелиоратор» ЖШС мердігері Е.Нарбаев, «Сұңқар – 2022» ЖШС мердігері Д.Жумабеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Райымбеков, Жаңақоғам ауылдық округінің әкімі М.Рахымбаев және БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша “Шу ауданындағы құрылыс нысандарына күрделі салымдардың игерілу барысы туралы” Ж.Каликов пен А.Нурадиновтардың есепті баяндамалары тыңдалды. Баяндамадан соң қоғамдық кеңес төрағасы Е.Досымбаев әл-Фараби мектебінің құрылысы қашан аяқталатынын сұрады. Бұл сұраққа жауап берген А.Нурадинов орын алған келеңсіздіктерге орай құрылысқа жауапты мердігер сотқа берілгендігін және сот шешімін күтіп отырғандығын жеткізді.
Осы тұста аудандық мәслихат хатшысы Жасұлан Әбенов құрылыс, газ, су нысандарының сапасын қадағалап, зерделеп отыру қажет деген ұсынысын айтты. Газдандыру бойынша қай ауылдарда мәселе туындап отыр деген сұраққа Ж.Каликов “2022 жылға Тасөткел, Ақтөбе ауылдарын газдандыру керек болатын. Алайда, энергетика басқармасының құжаттары дұрыс болмауына байланысты жұмыс тоқтап тұр. Сонымен қатар, бөлім тарапынан мектептерді газдандыру бойынша 13 жоба өткізілді, соның ішінде 2023 жылы 3 нысанның яғни, Шу қаласындағы №40 орта мектеп, Қосқұдық балабақшасы, С.Сейфуллин орта мектебінің жылыту қазандықтары газға ауыстырылатын болады”-деп жауап қайырды. Мұнан кейін қоғамдық кеңестің мүшесі Қ.Қарғабаев Шу қаласында орналасқан қалалық емхананың, ал комиссия мүшесінің төрағасы Д.Байбатшаев Төле би ауылындағы Тельман каналының көпірі қашан қолданысқа берілетінін сұрады. Қос сұраққа да нақты жауаптар берілді. Шу қаласындағы емхананың құрылыс жұмыстары толық аяқталғаны, тек лифт орнату қажеттігі және лифттер Ресейден келетін болғандықтан кешеуілдеп жатқаны, ал Тельман каналының көпірі 2023 жылдың басында қолданысқа берілетіні айтылды. Аталған жиында көтерілген мәселелер бойынша нақты ұсынымдар қабылданып, жүзеге асырылуы қатаң бақылауда болатыны ескертілді. Аудандық қоғамдық кеңес мүшелері ағымдағы атқарылған жоспарға сай жұмыстарын жүйелеп, келер жылға да бағыт-бағдарын айқындап, келелі кеңестерді жиі өткізетіндіктерін атап өтті. Сөз соңында билікке жұрттың талап-арызын жеткізуде тайғанақтық танытпай, халық мүддесі үшін жұмыс жүргізетін қоғамдық кеңестің ісі оңға басып, Жаңа Қазақстанда “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы лайықты жүзеге ассын демекпіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.