ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА
Жуырда ҚР Тəуелсіздігі күні мерекесіне орай Төле би ауылындағы орталық спорт кешенінде балалар мен жасөспірімдер жəне жастар арасында таэквондо жекпе-жегінен Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы дәстүрлі жиырма үшінші ашық турнир өтті.
Шу қалалық таеквондо федерациясы (президенті М.Тлеуқұлов) мен Қайрат және Желтоқсан көтерілісін зерттеуші Мәкен Уақтегінің ұйымдастыруымен өткен бұл жарысқа Қостанай облысының Рудный қаласынан, Алматы облысының Алматы қаласынан, Жамбыл облысының аудандары мен Тараз қаласынан 18 команда, 300-ге жуық спортшы қатысты.
ҚР таеквондо WT федерациясының күнтізбелік жоспары негізінде ұйымдастырылған шараға 38-БЖСМ-нің басшысы Сайфуддин Нуридинұлы, 36-БЖСМ-нің директоры Наби Жуатханұлы, бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының директоры Бақыт Ұзақбаев қолдау көрсеткендігін атап өткен жөн.
Жарысты салтанатты түрде ашқан Б.Ұзақбаев көпшілік алдында спорттың қоғамдағы маңыздылығына тоқталды. ҚР мəдениет қайраткері, Шу ауданының құрметті азаматы, айтыскер ақын Б.Асқаров Қайратқа арнау оқыса, М.Уақтегі, желтоқсаншылар К.Ибраймов, Н.Оңашабаев сынды қонақтар жарысқа қатысқан спортшыларға сәттілік тіледі.
Тартысты өткен жарыс нәтижесінде бірінші орынды Шу қаласы, екінші орынды Тараз қаласы иеленсе, екі үшінші орын Алматы қаласы мен Қостанай облысының командаларына бұйырды.
(Өз тілшіміз).
Суреттерде: жарыстың ашылу салтанаты;
Е.Бекмаханов ат. м/г оқушысы, 32 келі салмақ дәрежесінде І-орын иегері Елизавета Кобарина.