АМАН-САУ БОЛЫП, ЖҮРШІ АҒА!
Өрге жүзген өнері-
Төкпе күйдің өрені,
Шертпе күйдің шебері,
«Құрмет» орден иегері.
Әбеке, сізге шашу ән,
Шу өңірі халқынан.
Құтты болсын айтамыз,
Туған елдің атынан!
Өнердің Шуым кендері,
Өнерпаз кілең елдері.
Әуені әсем асқақтап,
Ағылған күйдің селдері.
Киелі Шудың бойында,
Дарыған қасиет бойына,
Әбдімомыннан қозғайын,
Құдіретті күйші жайында.
Домбыраңды қолға алып,
Күйіңді «Толғау» толғанып,
«Аңсауды» тартып біршама,
Сыйладың шаттық баршаға
Тыңдады жұртың тамсана,
«Көкшолақ» күйді ой сала.
Әніңе жазған «Жансая»
Қол соқты халқың қарсы ала.
«Тәрбие» күйін арнадың,
«Жетісу» сазын жалғадың,
Шарықтап биік самғадың,
«Төле биді» толғадың.
«Сыпатай» болып қауладың,
«Ыдырыс» болып лауладың,
«Ерке сылқым» күйіңмен,
Бүкіл елді баурадың.
«Қызыл киік», «Шырайлым»,
Халқыңа әнің ұнайтын,
Көңілді «Қос келіншек»,
Сүйсініп жұртың тыңдайтын.
Айта берсем әлі көп,
Тізбектей берсең біртіндеп,
Өшпейтін мұра қалдырған,
Әбеке-ау, сізде арман жоқ!
Сонда да демеймін жалықтың,
Мұқалмасын шабытың.
Өнеріңді аға, аянба,
Қазынасың ғой, халықтың!
Елің үшін шаршама,
Төксең де тер соншама,
Бергеніңнен әлі де
Берерің көп қаншама!
Тамылжытып күй шала,
Өнермен үлгі жол сала,
Туған елдің бағына,
Аман сау болып,
Жүрші аға!
Деседе үлкен соншама,
Жарасқан қалжың қаншама,
85-ке сыр берме
Сері жігіт шаршама.
Базарбай Асқартегі,
ақын.