Ақпараттық портал

МЕРЕКЕ КЕЗІНДЕ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ ЕРЕЖЕЛЕРІН САҚТАЙЫҚ!

Жаңа жылдық мерекенің басталуымен пиротехникалық құралдарды абайсыз пайдалану, шыршаларды орнату және электр гирляндтарын қосу ережелерін бұзу салдарынан өрттер мен адамдардың жарақаттану қаупі артады. Балалар да, ересектер де зардап шегеді. Кез келген адамның пиротехникалық құралдарды абайсыз қолдануы салдарынан қолдың, аяқтың, беттің күйіп қалуы, сондай-ақ әр түрлі жарақаттар алуы ықтимал.
Сондықтан Шу ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері ағымдағы жылдың мереке күндері өрт қауіпсіздігі бойынша талап етілетін ережелерді сақтау қажеттігін ескертеді.
Шыршаны безендіру үшін жанғыш ойыншықтарды, мақтаны, шамдарды, қағазды пайдаланбаңыз. Балаларға шыршаға электр гирляндаларын өз бетінше қосуға рұқсат бермеңіз. Электр желісіне қосылған электр аспаптарын қараусыз қалдырмаңыз. Тұрмыстық электр құрылғыларын-гирляндаларды, теледидарды және т.б. электр желісінен ажыратыңыз.
Көбінесе мереке күндері пиротехникалық құралдарды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін білмеудің арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Үй-жайларда, адамдар көп жиналатын орындарда, жанармай құю бекеттерінде, электр беру желілеріне немесе газ құбырларына жақын жерде отшашуларды немесе салюттерді жағуға тыйым салынады. Тұтану кезінде фитильді бетке жақын ұстамаңыз. Пиротехниканы қатты желде қолданбаңыз. Зымырандар мен отшашуларды адамдарға бағыттамаңыз.
Орын алған төтенше жағдай кезінде дереу «101», «112» телефонына хабар берулеріңізді сұраймыз. Есіңізде болсын: өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау сіздің өміріңіз бен денсаулығыңызға және қоршаған ортаның қауіпсіздігін сақтайды.
Д.Өмірзақ,
Шу ауданы ТЖБ-нің аға инженері, азаматтық қорғау капитаны.

Leave A Reply

Your email address will not be published.