Ақпараттық портал

ӨНЕРІН ӨРГЕ ЖҮРГІЗГЕН ЕЛ ӨРКЕНДЕЙДІ

Тума таланттардың тал бесігі саналатын тәуелсіз елімізде мәдениеттің негізі сонау ықылым замандардан қаланған. Кешегі дархан даламызда ақ боз үйде сал-серілер, сыңғыр қаққан сылқымдар сарнайдай сайрап, әні мен сәнін келістіре жазира жерімізді жырға бөлеген жоқ па еді?! Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі “Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты болса, сол елдің де еңсесі биік болады” деп, ең бір бай да бірегей мәдениет-қазақ мәдениеті деген болатын. Шуақты Шу жерінен де небір өнер саңлақтары түлеп, мәдениет теңізіне телегей үлес қосып жатқанын айтып та, жазып та жүрміз.
Десе де әсем безендірілген сахнада ән айтып, би билеу, сахналық қойылымдар қою бір қарағанда оңай жұмыс болып көрінгенмен, онда қаншама адамның маңдай тері, қолтаңбасы жатыр десеңізші?! Демек, әр атқарылған істің артында білдей бір ұжымның еңбегі бар деген сөз.

Мәдени іс-шараларды ұйымдастырып, салт-дәстүрді және ұлттық өнерді насихаттап, жандандыру жұмыстарын жүргізіп, әртүрлі жанрлар бойынша байқаулар өткізіп, өнер шеберлерінің талантын шыңдауға үлес қосып жүрген аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің үстіміздегі жылдың 12 айының ішінде атқарған жұмыстары нәтижелі.
Жалпы ауданымызда 45 мәдени ошақтары халыққа қызмет етуде. Елді мекендердегі мәдени ошақтардың 20–ы мәдениет үйлері мен клубтар болса, ал қалған 25-і кітапхана. Аудан бойынша мәдениет ошақтарында 73 клубқұрылымдары жұмыс атқарады, оған 766 адам қамтылған. Оның ішінде 3 ұжымның («Шу еркесі ансамблі», «Шу театры», «Шу қаған театры») «Халықтық» атағы бар. Шу ауданында барлығы 477 тарихи және мәдениет ескерткіштері есепке алынған. Оның ішінде республикалық дәрежедегі 1 ескерткіш – Ақтөбе (Баласағұн) қалашығы, жергілікті дәрежедегі мемлекеттік тізімге енген 57 тарихи және мәдени ескерткіштер. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысына арналған ескерткіш саны 33, археологиялық ескерткіштер саны 386. Мәдениет саласында қызмет ететін қызметкерлер саны 227, оның ішінде шығармашылықпен айналысатын қызметкерлер саны 129, өзге сала мамандары 6. Мәдениет саласындағы кадрлардың мамандық жағынан сәйкессіздігі өткен жылдармен салыстырғанда 23-ке азайды.
Мәдениет – демалыс жұмысын қолдау бағдарламасына 2022 жылға 609 млн 450 мың теңге бөлінді. Атап айтар болсақ, мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне 24 млн 903 мың теңге, аудандық мәдениет үйіне 392 млн 370 мың теңге, резервтен сот шешімін орындауға 6 млн 521 мың теңге, кітапханаларға 184 млн 579 мың теңге, ал кітап қорына 2 млн теңге қаражат игеруге берілді.
Шу ауданы бойынша елді мекендерді мәдени нысандармен қамту және олардың халыққа қызмет көрсету деңгейін арттыру картасына сәйкес 2021-2022 жылдары Балуан Шолақ ауылындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 48598,8 мың теңге бөлініп, 2022 жылғы ақпан айында пайдалануға берілді. Құны 328252 мың теңге болатын 180 орындық Қонаев ауылдық мәдениет үйінің құрылысын жүргізу үшін «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы бойынша қаржы бөлініп, 2022 жылғы тамыз айында аяқталды. 2022 жылы Абай ауылында 100 орындық мәдениет үйінің құрылысын жүргізуге қаражат бөлініп, конкурсқа берілді. Аталған мәдениет үйіне мердігер «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС анықталып, сомасы 215566,6 мың теңге болатын №15 шартқа отырды. Абай ауылдық 100 орындық мәдениет үйінің нысанын газбен қамтамасыз ету үшін қазандыққа жоба жасалды. Алайда техникалық негіздеме алу жұмыстары ұзаққа созылып, нысан келесі жылға өтпелі болып, 2023 жылы аяқталатын болды. Жалпы 2021-2025 жылдар аралығында 7 елді мекендегі (Ақсу, Далақайнар, Жаңа жол, Белбасар, Алға, Мойынқұм, Ақтөбе) ауылдық клубтардың жаңа ғимараттарын соғу жоспарлануда. Белбасар ауылдық клубының ЖСҚ-сын жасатуға қаржысы бөлінді. “Жамбыл облысы Шу ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесі арқылы “АзияТурПроект” ЖШС-мен 18.04.2022ж. №25 шартқа отырды.
Ауыл тұрғындарына ақпараттардың қолжетімділігін жоғарылату мақсатында shu.cao-zhambul.kz сайты ашылып, мәліметтер жинақталуда. Аталған сайтқа бүгінгі таңда жалпы әр ауылдық округ (елді мекендер) бойынша барлығы 13 саланың ақпараты енгізілді. Атап айтқанда, ауыл жаңалықтары, мәліметтер базасы (ауылдық округ әкімінің өкімі, шешімдері), жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы, білім саласы, денсаулық сақтау, құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жер мәселесі, ветеринария, денешынықтыру және спорт, ауыл мәдениеті, туризм. Бүгінгі таңда ауыл тұрғындарына сайт арқылы жалпы 6340 дана анықтама берілген, оның ішінде қазан айында 770 анықтама берілді.
2022 жылдың 12 айында 612 мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізілді, оған 58712 көрермен қамтылды, оның ішінде әлеуметтік желіге 479 іс-шара жүктелді, 15283 онлайн қаралым болып, 11462-і оң пікір білдірді.
Өңірде тіл мәдениетін көтеру мақсатында түрлі форматта іс-шаралар өткізілуде. Аудандағы 7 мектептің атауын өзгерту туралы жұмыстар жүргізіліп, ұсыныстар Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданған болатын. Ұсыныс оң шешімін тауып, аудандағы мектептерге Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев, алаш арыстары Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Шерхан Мұртаза секілді ұлы тұлғаларымыздың, Кенен Әзірбаев, Құрманғазы секілді ұлы өнер тарландарының есімдері беріліп, заңдастырылды. Алға ауылында 5 жаңа көше, Төле би ауылында 9 жаңа көше, Шу қаласында 30 жаңа көшеге атау беру, Бірлік ауылында 3 бұрылысты, Шу қаласында мән-мағынасы ескірген 10 жаңа көшені қайта атау жұмыстары жүргізіліп, облыстық ономастика комиссиясында қаралды. Шу ауданы әкімдігі жанындағы ономастика жөніндегі жұмысшы тобының 2022 жылға арналған жұмыс жоспары құрылып, бекітілді.
Өнер әлемінде қанат қағып жүрген өнерпаздарымыз үшін барыс жылы жүлдесімен сүйіншілейтін берекелі жыл болды. 2022 жылы қазан айында өткен облыстық «Тұлпарсазда ауылым» атты әншілер байқауына аудандық мәдениет үйінің әншісі Гүлбала Мықтыбек қатысып, ІІ орынды иеленіп қайтты. 2-3 қараша күндері М.Әуезовтің 125 жылдығына орай Тараз қаласында өткен «Театр – өмір айнасы» атты халық театрлары арасында ұйымдастырылған фестивальға «Шу» халық театры «Айман – Шолпан» музыкалық комедиясымен қатысып, «Ең үздік спектакль» номинациясымен марапатталды. 8 желтоқсан күні Семей қаласында өткен Еркеғали Рахмадиевтың 90 жылдығына орай өткізілген жас композиторлардың республикалық байқауына Шу қалалық мәдениет үйінің ұйымдастырушысы Ербосын Қасымбеков қатысып, І орын иеленді.
Ұлттық құндылықтарымыздың бастауы-мәдениетімізде. Аудандық мәдениет саласының майталмандарының жұмыс жасау қарқыны алдағы уақытта да осындай болса, әлі талай додалы байқау мен сайыстар, мәнді, мағыналы әдеби сазды кештер мен кездесулердің куәсі бола­тынымызға сенімдіміз.
Әсел ЖАЗЫҚБАЕВА,
аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.