ЖЕТІСТІККЕ ТОЛЫ ЖЫЛДАР
Жуырда аядай ауылда өнім өндіріп, оны айдай әлемге экспорттап отырған «Kaz-Ir Agro» ЖШС жылды қорытындылап, өз ұжымын жаңа жылдық кеште жинаған болатын. Серіктестіктің бас директоры Хамидреза Алинагиян бастаған қызметкерлердің тобы біздің өңірге Алматыдан арнайы ат басын бұрды. Бұл кеште қонақтардың басым көпшілігі аудан тұрғындары болды. Алуан түрлі ұлттың өкілдері ақ дастархан басына жиналып, бір-бірімен қауқылдасып жатты.
Кештің шымылдығын Хамидреза Алинагиян мен оның орынбасары Марина Фетисова құттықтау сөзімен ашып, 16 жыл бойы жеткен жетістіктерге қысқаша тоқталды.
-Бүгін сіздермен кең дастархан басында дидарласқаныма бек қуаныштымын. Өздеріңіздей өр мінезді жандармен жұмысымыз алға басып, биік белестерді бағындырып келеміз. Биыл біздің кәсіпорынның ашылғанына 16 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде ісіміз алға басып, ілгерілеп келеміз. Әрине, бұл жетістіктерді жергілікті әкімдіксіз елестету қиын. Сондықтан бізге үнемі қолдау көрсетіп, қоян-қолтық жұмыс істеген аудан басшыларына алғыс білдіргім келеді. Біз еліміз бойынша бірінші болып Жапония нарығына шыққан өнім өндірушіміз. Мұны мақтанышпен айтқым келеді. Баршаңызды жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Бұдан да биік табыстарға жетіп, жемісті күндерге жете берейік,-деді ұжымның бас директоры.
Бұл пікірге Марина Алексейқызы да қосылып, ұжымға өзінің құттықтауын білдірді. Мұнан соң сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаевқа беріліп, ол ең алдымен ұжымға аудан әкімі Сәкен Қаланұлының сәлемін жеткізді. Сонымен қатар ізгі тілегін айтып, аудан басшысының құттықтау хатын оқып беріп, оны Марина Фетисоваға табыстады. Аталған құттықтауда серіктестіктің жылдар бойы жеткен табыстары тілге тиек етіліп, кәсіпорынның ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері атап өтілген. Сонымен қатар 16 жыл бойы тізе қосып атқарған жұмысқа алғыс айтылып, ұжымға бұдан да зор жетістіктерге жете беруіне тілектестік танытылған.
Ұзын саны 70-ке жуық жұмысшы тер төгетін зауыт 2006 жылы инвестордың жеке қаражатына құрылған еді. Күніне 6 тонна мақсары майын өндіретін жобаның құны 3 млн АҚШ долларын құрайды. Олар өткен жылы 801 тонна мақсары майын Қытайға экспортқа шығарып, биыл жөндеу жұмыстарына байланысты 8 айда 81,9 тонна өнім өндірген.
Бас директордың айтуынша, қазіргі таңда құрама жем өндіру ісі қолға алынуда. Оның нәтижесі сәтті болса, өнім Өзбекстанға саудаланбақ. Қазіргі таңда зауыт Германиядан тәулігіне 9 тонна өнім өндіретін құны 175,09 млн теңгеге жабдықтар алып, орнатып жатыр. Бұл қадам серіктестіктің жұмысына жаңаша серпін берері сөзсіз.