ЖАҢА ЖЫЛ, ЖАҢА ҚАДАМ, ЖАҢА БАҒЫТ
Халқымыздың жыл санауы бойынша он екі жыл шеңберінде әр орынға жайғасқан хайуанаттар бірінің орнын бірі басып, алма-кезек ауысып отырады. Тарих қойнауына көз жүгіртсек әр жылдарда жақсы да, жағымсыз да деректер тіркелген. Сөйте тұра данышпан халқымыз өткен жылға өкпе артпай, келер жылға ізгі үмітін жалғаған. Тарихи деректер бойынша әр кезеңдегі қоян жылы ел есінде өзінің ауыртпалығымен қалған болса, биылғы жыл бұрынғыдан өзгерек болады деп топшылануда. Қырдан-қырға орғыған, сыбдыр ете қалған дыбысқа қос құлағын тікірейткен қоян жылы төрімізге жайғасты. Келіп жеткен жаңа жыл – қара су қоянның жылы. Мұндай үйлесімділік 60 жылда болатын құбылыс. Осыдан бірнеше жыл бұрын нақты айтқанда 1963 жыл – қара су қоянның жылы болған екен. Яғни, осыдан 60 жыл бұрын қоян жылында еліміздің кейбір жерінде өзенде сең жүріп, қыс жайлы болған. “Жақсы сөз – жарым ырыс” демекші, не нәрсені де жақсылыққа балап, әрбір бастамадан сәттілік күтейік! Әр жыл өзінің сыбағасымен сүйіншілеп, жақсы жаңалықтарымен елең еткізсе, қоян жылы да қуанышты хабардан құр алақан емес… Ендеше, қос құлағын тікірейткен қоян жылы босағамыздан құт боп еніп, өзінің берекесін алып келгендей…
Ал, елді елең еткізетін жаңалықтардың бастысы – әлеуметтік мәселенің оң шешімі. Яғни, жастарға жеңілдетілген несие 2,5 пайызбен берілу басталса, өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жалақысы бірден 70 пайызға артады. Мектептер, колледждер мен балабақша педагогтарының жалақысы 25%-ға өседі. Зейнетақы төлемдерінің көлемі 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10,5%-ға өседі. Бұл ретте ең төменгі зейнетақы мөлшері 53 076 теңгені құрайды. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 70 000 теңге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 24 341 теңге, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 450 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңгені құрамақ.
Көреген халқымыз әрбір жаратылыс иесінің жақсы жақтарын тізбектеп, қашан да жақсылығынан үмітті. Негізі қоян өзі көжектегіш хайуанат емес пе?! Қоян жылының нәсібі шығар, балаға берілетін жәрдемақы көлемі де ұлғайып, уақыты да ұзарып жатыр, бұл да бір жақсылықтың нышаны. 2023 жылдан бастап «Алтын алқамен» марапатталғандарға немесе бұрын «Батыр ана» атағын алғандарға, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордені табысталғандарға берілетін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін ұлғаяды.
2023 жылы “E-Salyq Azamat” және екінші деңгейдегі банктердің мобильдік қосымшалары арқылы жолаушылар кедендік декларациясын беру мүмкіндігі іске асырылады. Бұл жеке пайдалануға арналған тауарларды декларациялау рәсімдерін жеңілдету арқылы жеке тұлғалардың уақытын үнемдеп, ақшалай шығындарын азайтуға септігін тигізеді.
2023 жылы көлік медицинасын енгізу жұмыстары жалғасады. Шалғай ауылдарда медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін жылжымалы медициналық кешендер кеңінен қолданылады, бұл 1,5 млн ауыл тұрғынын қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар медициналық пойыздар есебінен 300 мыңнан астам ауыл тұрғынына тиісті қызмет көрсету жоспарлануда.
Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар іске асырыла бастайды, оның шеңберінде диагностикалық жабдықты жаңғырту, ядролық медицина орталықтарын (ПЭТ/КТ диагностикасы) ұйымдастыру, молекулалық-генетикалық тестілеуді кеңейту, КТ және МРТ балалар стационарларын қосымша жарақтандыру, шағын инвазивті хирургияны және интервенциялық емдеу әдістерін дамыту, ісікке қарсы жаңа заманауи онкологиялық орталықтар құру, арнайы мекемелердің төсек-орын қорын ұлғайту, 17 желілік үдеткіш сатып алу және т. б. қадамдар көзделген.
Биыл медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады. Бұл науқастарды қорғауды қамтамасыз етуге, медициналық мамандықтың беделі мен абыройын арттыруға, сондай-ақ өскелең ұрпақты денсаулық сақтау саласына тартуға мүмкіндік береді.
Биыл жаңа “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы іске асырылады, оның аясында 842 мың оқушы орнына есептелген, қажетті жабдықтармен толықтай жабдықталған 400-ге жуық мектеп салу жоспарлануда. Бұл мектептер қала мен ауылдағы білім беру сапасын біртіндеп теңестіре келе, қазақстандық білім беру саласын жаңа деңгейге көтереді. 2023 жылы республика өңірлерінде 220-дан астам мектептің құрылысы басталады.
Наурыз айында жеке тұлғаны банкрот деп тану мүмкіндігі қарастырылған жаңа заң күшіне енеді. Онда азаматтардың борыштық жүктемесін төмендету, борыштар бойынша төлемдерді ынталандыру (банкроттықтан кейінгі бірқатар шектеулер), борышкерлерді өнімді экономикалық қызметке қайтаруды қамтамасыз ету жөніндегі нормалар белгіленген.
Сондай-ақ Заң шеңберінде әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін мемлекеттік көмек көзделген, бітімгершілік келісім жасасу мүмкіндігі және қиын қаржылық жағдайға тап болған азаматтарға өз мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін бірқатар басқа шаралар қабылданады.
Қоян қандай дыбыс естісе де, қос құлағын тікірейте түріп тұрады емес пе?! Біз де тек сүйіншілейтін жаңалықтарды естіп, әуезді әндерге құлақ құрышымыз қана берсін! Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш, ел іші даудан, сырты жаудан аман болсын! Әр шаңырақта шаттық орнап, береке-бірлік тұрақтап, сый-құрметіміз арта берсін! Жаңа, 2023 жыл құтты жыл болсын!
Дайындаған Айғаным АСҚАРБЕК.