ҮЗДІК ЖАСТАР «ӘУЛИЕАТА ҮМІТІ» АТАНДЫ
Бар дүниенің байыбын білген бабаларымыз «Жас кезінде байқары бардың, қартайғанда айтары бар» деген екен. Сонымен қатар, әрдайым жастың тілеуін тілеп, ертеңгі елдің иесі деп бағамдаған. Ақыл-кеңесін айтып, иығына жауапкершілік жүгін артқан. Кешегі Мағжан ақын сенген жастардың арамызда бар болғаны бізді қуантады. Ауданымызда мұндай жастардың қатары қалың.
Өткен жылдың соңғы он күндігінде облыста, ауданда айтулы шаралар ұйымдастырылып жатты. Жыл қорытындыланып, әр саладағы жылдың үздіктері марапатталған болатын. Сондай салтанаттың бірі Жамбыл облысы әкімінің «Әулиеата үміті» атты жастар сыйлығын табыстау шарасы екені сөзсіз.
Бәйге басталғаннан-ақ облыс орталығы мен аудандардан өтініштер түсіп, аймақ жастары 15 аталым бойынша бақтарын сынады. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы қатысып, жүзден жүйрік атанғандарды құттықтаған еді.
Кіл жүйрікте кім жүйрікті анықтаған додада қос жерлесіміздің бағы жанып, бірі «Үздік жас мемлекеттік қызметші» атанса, бірі «Үздік жас ғалым» номинациясын еншіледі. Атап айтқанда, Шу ауданы әкімі аппаратының басшысы Нариман Абай облыс бойынша озық жас мемлекеттік қызметші ретінде дараланса, Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясының кәсіптік бағдар беруші педагогы Айсұлу Жанұзақ аймақтағы жас ғалым атанып отыр. Марапат иелеріне арнайы дипломдар табысталып, қаржылай сыйлықтың сертификаты берілді.
«Қуана білмегенге құт қонбайды» деген Әбіш Кекілбаевтың сөзіне сүйеніп, басылым атынан үздік атанған жас жерлестеріміздің жеңістері құтты болсын дейміз! Бұдан да биік белестерді бағындыруларына тілек білдіреміз.
Байжан ЖЕЛДЕН.