БІЗ ҚАНДАЙ СУ ІШІП ОТЫРМЫЗ?
Аудан өміріндегі бірнеше салалардың ішінде тұрмыстық қызмет саласы да маңызды рөльге ие. Әсіресе, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту адам өмірінің, денсаулығының ажырамас бөлігі екені сөзсіз. Тәуелсіздік жылдарында бұл бағыт бойынша жалпы ел көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылғандығын көпшілік қауым көріп, өз игіліктеріне жаратып келеді. Халыққа пайдасы зор мұндай істен біздің ауданымыз да тыс қалған жоқ.
Нақты айтқанда, мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында өңірдегі бірнеше елді мекендерге жаңадан су құбырлары жүргізіліп, мыңдаған тұрғын үй орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Расында бұған дейін көптеген тұрғын үй иелері өз ауласында орнатылған колонкалар арқылы жер астынан шығатын суды ауыз су ретінде пайдаланып келді. Оның өзі тұрғын үйдің орналасқан жеріне байланысты әр түрлі болып келеді. Кейбір жерден тұщы, тұнық су шыққанымен, кейбір жерлерде ащы әрі лай болып жатады және оның тұрмыстық қажеттілікке аса қолайлы еместігін де көз көріп, бастан өткергендер баршылық. Мұндағы басты себеп, жер астынан колонка арқылы тікелей алынған судың қаншалықты сапалы екендігіне қарапайым халық көз жеткізе алмайды. Осыған орай, ауыз су мәселесі жалпы мемлекеттік деңгейде қолға алынып, тұрғындарды орталықтандырылған су жүйесімен қаматамасыз ету жүзеге асырыла бастаған кезде бір қуанған едік. Алайда, соңғы жылдары ауыз су сапасы кейбір аумақтарда сын көтермейтін деңгейге жетіп отыр. Олай деуге негіз де бар. Бүгінгі таңда орталықтандырылған су жүйесі арқылы пайдаланып отырған судан лай көп байқалады. Сол себептен, краннан алынған суды біраз уақытқа тұндырып қоюға тура келеді. Соның өзінде күнделікті су қайнатып жүрген ыдыстардың ішіне жиі қақ жиналып қалатындықтан, оны 2-3 күн сайын тазалап тұруды әдетке айналдырдық. Ал мұның денсаулыққа зияны айтарлықтай екендігін әр саналы азамат жақсы біледі.
Осыған орай, жуырда біз су сапасын бақылауға алатын өңірдегі жауапты мекеменің бірі – аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Сәулебаев Мұрат Майорұлымен жолығып, бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын білген едік.
Соңғы үш жылдан бері осы қызметтің басшылық тізгінін ұстап келе жатқан Мұрат Майорұлы су сапасын анықтау үшін орталықтандырылған және орталықтандырылмаған су көздерінен (әр ауладағы қолдан қазылған колонка) су сынамасын алып, оны ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Жамбыл облысы бойынша филиалының аудандық бөлімшесіне өткізетіндігін, мұндағы арнайы мамандар нақты шешім шығаратындығын жеткізді. Оның айтуынша, өткен жылы жоспарлы түрде бір рет тексеріс жүргізіліп, 77 су сынамасы алынып, жоғарыда аталған зертхана арқылы тексеріс жүргізілген екен. Су сынамасы алынған аумақтар да әр түрлі. Атап айтқанда, Жаңа жол, Ақсу, Бәйдібек, Оразалы, Алға, Абай, Тасөткел, Белбасар, Мойынқұм, Төле би, Бірлік, Бірлікүстем, Далақайнар, Көктөбе, Қонаев ауылдарының әрқайсысынан үш реттен, Шу қаласындағы «Қант зауыты», «Қосқұдық» мөлтек аудандарының әрқайсысынан үш реттен, сондай-ақ, Шу қаласындағы Қонаев, Қырғызбай көшелерінен су сынамалары алынған. Бұл тексеріс аталған елді мекендердегі орталықтандырылған су жүйесінің су ұңғымаларынан (скважина) және су таратқыш желілерінен алынған су сынамасына жүргізілді. Ал, ауа райының қолайсыздығына байланысты, жауын-шашын болған кездерде орталықтандырылмаған су ұңғымалары арқылы Еңбек, Жиенбет, Ақтасты, Естеміс, Ақтөбе, Сауытбек, Бөлтірік ауылдарының әрқайсысынан екі реттен 14 су сынамасы алынған. Оған қоса орталықтандырылған су жүйесіне қосылып отырған Жаңажол Бірлікүстем, Бірлік, Тасөткел, Ақсу , Белбасар, Алға, Бәйдібек, Абай, Далақайнар,Мойынқұм, Балуан Шолақ, Оразалы батыр, Көктөбе, Қонаев, Төле би ауылдары мен Шу қаласының су ұңғымаларынан әрқайсысынан бір реттен тағы да қосымша сынама алынып, судың сапасын анықтау жұмысы жүзеге асырылған.
-Арнайы зертхана мамандарының жүргізген жұмыстары бойынша өткен жылдың ішінде алынған барлық су сынамаларының нәтижесі талапқа сай деп танылды. Оның ішінде жоғарыда аталған барлық елді мекендер бар. Жауын-шашын кезінде орталықтандырылған су жүйесі арқылы келетін және орталықтандырылмаған су көздерінен алынатын судың сапасы екі түрлі болады. Өйткені, орталықтандырылған су жүйесі арқылы келетін су 120-160 метр тереңдіктен жеткізілетін болса, орталықтандырылмаған су көздерінен (ауладағы қолдан қазылған колонка) алынған судың тереңдігінің саяз болуына байланысты сапасы да әртүрлі. Жалпы, су сынамасы жоспарлы түрде жылына бір рет жүргізіліп отырады. Сондай-ақ, тұрғындардың біздің мекеме атына жазған жазбаша өтініші бойынша көрсетілген мекен жайға барып, сол аумақтағы су сапасын бақылауға аламыз. Ал, ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Темір жол су-Шу» сынды өзге де мекемелердің жұмысына өз бетімізбен тексеріс жүргізуге құқығымыз жоқ. Ол заң талабы,-дейді Мұрат Майорұлы.
Мекеме басшысының айтуынша, жұмыс барысында су сапасының төмендеуіне әкеп соғатын келеңсіз факторлар да кезігіп тұрады. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын тексеріс жүргізу барысында қазылған шұңқырға құбыр салынбай кеткен орындар да анықталған. Мұның су сапасының нашарлауына тікелей әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Яғни, ауыз су тұрғын үйге жер асты лайымен араласып келіп отырады. Мұндай жағдайлар өте сирек кезігеді деп сенейік. Ал, дәл бүгінгі таңда жоғарыда басқарма басшысы айтып өткендей, су сынамаларының нәтижесі талапқа сай деп танылды.
Десек те, бұл тұста тағы да көпшіліктің сенімінен гөрі күдігінің басымдылығы қылаң ете қалады. Байқасаңыз, соңғы жылдары әр үйдің есігін қағып, ауыз су сапасын арттыратын арнайы сүзгі (фильтр) орнатып берушілер көбейді. Оның бағасы да айтарлықтай. Бұл құрылғыны жаппай орнатып алуды екінің бірінің қалтасы көтермейді. Соған қарамастан, өздері мен ұрпағының болашағына алаңдаған көптеген отбасылардың ауыз суды сүзгі арқылы пайдаланып отырғанын көз көріп жүр. Бұл күнделікті тұрмыста қолданып жүрген су сапасының төмендігінен туындаған мəжбүрлік болса керек. Осыдан шамамен екі-үш жыл бұрын осы мәселемен өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшылығына барған кезде де дəл бүгінгідей жауаптар берілген болатын. Алайда, су сапасында еш өзгеріс жоқ. Содан бері бұрынғыдан да нашарлай түспесе, жақсарғанын байқамадық. Мәселенің шешімі табылуы үшін кімге сенім артамыз? Қаншама халық болса, соның барлығы су арқылы нəр алып, тіршілігін жалғастырып отырғанын ескерсек, бұл кезек күттірмейтін мəселе екендігі айтпаса да түсінікті. Өйткені, су – тіршілік көзі. Ал, сапалы ауыз су – денсаулықтың кепілі. Жуырда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше министрліктің жауапты тұлғаларын қабылдау кезінде Экология жəне табиғи ресурстар министріне су мəселесінің саясаты мен табиғи ресурстарды реттеуді міндеттеген болатын. Қай жағынан алып қарасаңыз да, бұл тапсырманың біздің өңірге де қатысы бар. Мемлекет басшысы тарапынан тапсырма берілгендіктен, қалың бұқара билікке сенеді. Сондықтан, жергілікті билік өкілдері, оның ішінде тиісті мекеме басшылары да осы мәселеге баса мəн беріп, қажетті шараларды жүзеге асырады деп үміттенеміз.