Ақпараттық портал

ӘКЕ – ӘУЛЕТ АБЫРОЙЫ

Өткен жылы аудандық «Әкелер кеңесі» қоғамдық құрылымының отырысы өтті. Күн тәртібінде жылдық жоспар бойынша атқарылған жұмыстар және 2023 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту мәселесі қаралды.
«Әкелер кеңесі» қоғамдық құрылымы әр ауылда жергілікті қауымдастықтың белсенділерін ерікті түрде біріктіретін кеңесші орган ретінде жұмыс жасайды. Мақсаты – отбасы институтын нығайту, әкенің отбасындағы рөлін аттыру, халық педагогикасы негізіне сүйене отырып, ұлттық сананы дамыту мен ұлттық тәрбиені ұрпақ бойына дініміз арқылы сіңіру, ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарды, адамгершілік тәрбиені ізгілендіріп, ер баланы тәрбиелеудегі қозғаушы күш ретінде әке тәрбиесінің үздік тәжірибелерін насихаттау. Осы тұста отбасында ер баланы жігерлі, алғыр, ұстамды, мейірімді етіп тәрбиелеу әр ата-ананың парызы екендігін айта кеткен жөн.
Бұл бағытта ауданымызда жылдық жоспар бойынша бірқатар іс шаралар өткізілді. Атап айтар болсақ, Алға ауылында өткен «Әкеге қарап ұл өсер», Төле би ауылындағы «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» атты ауыл қарияларымен кездесу, М.Мақатаев атындағы тірек мектебінде ұйымдастырылған «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере ала ма?» тақырыбындағы дөңгелек үстел, Абай ауылындағы «Әкенің отбасындағы рөлі», Шоқпар ауылындағы «Ата – әулет тірегі» атты кездесулер әкенің отбасындағы рөлін одан әрі айқындай түскендей болды. Сонымен қатар, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы, ер балалар арасындағы құқық бұзыушылықтарды болдырмауға үлес қосу, отбасы құндылықтары және ауылдық жерлерде жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мәселелері төңірегінде әңгіме өрбіді.
Қазіргі ақпарат ағыны дамыған қоғамда күнделікті қарбалас тіршіліктің ішінде өзімшілдік пен бірін-бірі түсініскісі келмейтін орта қалыптасып жатқандығы ащы шындық. Уақыт өткен сайын қоғам болып жаратылыс пен мақсат-міндеттерімізден, пәк сенімімізден, рухани құндылығымыздан алшақтай түсудеміз. Кейбір жастардың үлкенді сыйламау, кемсіту, немқұрайлы қарау, кекету, менсінбеушілік сынды қылықтарын, жастардың жиі ажырасу жәйттерін, тіпті қасыңнан өтіп бара жатып, амандаспайтындарды да көріп жүрміз. Сол жастардың алдында қазақтың ұлттық үрдісін жандандырып, бағасын кетірмей, қадірін қашырмай ізгілікке тәрбиелеу үлкендердің яғни, ата–әже, әке-шешенің ұрпақ алдындағы қасиетті борышы.
Адам өміріндегі ең тамаша нәрсе оның басқа адамдармен қарым-қатынасы. Адамдар арасында жақсы қарым–қатынас құрудағы маңызды қасиеттер мен іс-әрекеттер күнделікті өмірде де көрініс беріп жатады. Олар сыйластық, қолдау көрсету, көңілін аулау, демеп жіберу, әдептілік, шынайылық, ізгі ниет, түсінісу, бағалау, санасу. Ал, адамгершілік жағынан жылылық сәулесін себетін, мейіріміңді тасытып, абыройыңды арттыратын, адамға нұр сыйлайтын, көңілге қымбат сыр сыйлайтын қасиеттер – ашық-жарқын көңіл, адамдық ықылас, ізгілікті ізет, адалдық, мейірім шашқан шапағат, парасатты пейіл. Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу үшін алдымен ниетіңді, пейіліңді түзеуің керек. Ақ ниет ылғи да жақсылыққа бастайды. Назары әдемінің ой-санасы әдемі келеді, ой -санасы әдемі адам өмірдің рахатын көреді. Ақселеу Сейдімбек ағамыз «Бақыт дегеніміз – адам өзінің өзгеге керек екенін сезінуі» деген екен. Яғни, әкенің бақыты бала көзінің нұры емес пе? Балаға үлгі болу үшін ер адамның балаға да, анаға да қатар жүретін қамқор мінезі қажет. Сондықтан ауылдық жерлердегі «Әкелер кеңесінің» алдағы мақсаты – ел ішінде есті сөз айтатын ауыл ақсақалдарын, беделді тұлғалар мен белсенді ер азаматтарды, қалам ұстаған қайраткерлеріміз бен 40 жыл білім берген зейнеткер ұстаздарды және белсенді ауыл тұрғындарының басын біріктіріп, қоғамды қараусыз қалдырмау. Қоғам тәрбиесін қоғам мүшелерінің өз қолына берген жөн. «Әй» дейтін әже , «қой» дейтін қожа бар екенін әр адам сезінуі тиіс. Осы орайда, білім ошақтарында қыздардың «Қыз Жібек», ер балалардың «Жігер» клубының ашылуын ұсынамыз.
Қорыта келе, әр ауылда ата, әке, ағалар өз жанұяларында, әулеттерінде, ауылдарында отбасы дәстүрлерін жаңғыртып, абыройлы іске, ынтымақ пен бірлікке бастайтын ұлттық тәрбиені ұрпақ бойына сіңіруді іске асыруға бір кісідей қолдау көрсетсе, нұр үстіне нұр. Іс өну үшін әуелі ниет пен тәртіп керек, ағайын!
Көшкінбай Арғынбеков,
аудандық «Әкелер кеңесі» қоғамдық
құрылымының төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.