КЕҢЕС БЕРУ КАБИНЕТІ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ
Елiмiздiң қоғамдық өмiрiнде орын алып жатқан түрлi тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, адам құқықтарының тапталуының, дiни ағымдардың кері әсері мен азаптаулардың алдын алу мақсатында республиканың барлық облыстарында дағдарыс орталықтары ашылып, жұмыс жүргiзiлуде.
Осындай қадамдардың бірі ретінде «Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының» Шу аудандық кеңес беру кабинеті 2017 жылдың желтоқсан айынан өз жұмысын атқаруда. Қиын өмірлік жағдайға тап болған 700-ден аса әйел мамандар кеңесін алды. Ал, олардың жартысына жуығы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болса, 600-ге тарта әйел әлеуметтік-психологиялық зардапқа ұшырап, сонымен қатар экономикалық зорлық-зомбылық көріп, тіршілік қызметі үшін ақшалай қаражаттан, тұрғын үйінен де айырылғандары бар.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету және кеңес беру кабинетінің қызметi облыс деңгейiнде жүзеге асырылатын болғандықтан, әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соққан қатігездікке тап болған, қатігездік пен зорлық-зомбылық қаупі салдарынан өмірлік қиын жағдайда жүрген, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдік және азаматтығы жоқ, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдар тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары деп танылған жағдайда оларға орталық мамандарының стандарт бойынша 8-бағытта көмек көрсетуге толық мүмкiндiгi бар.
Біздің мақсатымыз – көрсетілетін қызметтерді алушыларға шұғыл әлеуметтік, психологиялық көмек пен қолдау көрсету. Ажырасу сатысында тұрған жанұяны отбасы мен қоғамға әлеуметтендіру және қайта ықпалдастыру процесіне жәрдемдесу, консультацияға келген аналар мен балаларының жеке басының және олардың жеке өмірінің құпиялылығын сақтау. Қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге дұрыс шешім қабылдауларына, қажетті кеңес айтып, жағдайды ақылмен саралауға мүмкіндік береміз. Соңғы шешімді өздері қабылдайды. Шаңырақтарына оралып жатса, біз қуаныштымыз. Көрсетілетін қызметтерді алушыларды әлеуметтік оңалту, олардың азаматтық, мүліктік және де өзге де құқықтарын қайта қалпына келтіру мәселелерін шешу үшін аудан, қала, ауыл әкімдіктерімен, жергілікті атқарушы органдармен, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, ішкі істер, әділет органдарымен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен іс-қимыл жасалуда.
Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі ауылдық елді мекендерде сын мен міннен қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Үлкен мәселеге байланысты, әйелдер мен қыздар арасында құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.
+7-702-403-67-35, +7-707-743-67-75 байланыс телефондары тәулік бойы жұмыс істейді. Жұмыс телефон: 8-(726-38) 3-00-46.
Кабинеттің мекенжайы: Шу ауданы, Төле би ауылы, Төле би көшесі №264 («Баспа үйі» ғимараты) 2-қабат мекенжайында әлеуметтік және психологиялық кеңес беру кабинеті орналасқан. Қабылдау күні мен уақыты: дүйсенбі-жұма күндері, сағат 9:00-18:00.
Индира Тилеубаева,
әлеуметтік психолог, кеңесші.